Азиада алауы Ақтауда

0
1952

Қаңтар айының 11 жұлдызында Азияның Олимпиадалық Кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Эль-Кувейт қаласында тұтанған Азия ойындарының алауы еліміз бойынша Алматы қаласынан бастау алып, бірқатар оңтүстік аймақта орналасқан облыстарды аралап өтіп, 15 қаңтар күні түнделетіп Қызылорда қаласынан алтыншы Ақтауға ұшақ арқылы жеткізілді. Әуежай алаңында Ақтау қаласының әкімі Оспан Қазақбаев бастаған жергілікті билік өкілдері және өлкеміздің спорт саласының майталмандары мен БАҚ өкілдері қолында алау оты бар 7-ші қысқы Азия ойындарының Алау Эстафета Дирекция жетекшісі Наиль Нуров және алау отының сақшыларын ұшақтан түскен бойда құшақ жая қарсы алды.

Өлке қонақтары Алау отын қала басшысы Оспан Дәденұлына салтанатты түрде табыстады. Алауды қарсы алу салтанатты рәсімінен соң сол жерде арнайы журналистерге баспасөз жиыны ұйымдастырылды. Жиын барасында Ақтау қаласының әкімі О. Дәденұлы сөз алып, тәуелсіз елімізде ұйымдастырылып отырған Азия ойындарының маңызы зор, тарихи оқиға екенін атап өтті. Елімізде тұңғыш өткізілгелі отырған дүбірлі доданы абыройлы аяқтау барлығымыз үшін үлкен міндет екенін де қоса айтып, спортшылырамызға жеңіс тіледі және алдағы өтетін игілікті шаралардың жоспарымен бөлісті.
16 қаңтар күні түскі сағат 12.00-де қаладағы «Мәңгілік алау» ескерткішінің жанында «Астана-Алматы 2011» Алау Эстафетасының старт беру салтанатты шарасы өткізілді. Маңғыстау облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен басталған шара барысында Алау Эстафетасы мерекесімен құттықтау сөзін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов алды.
-Азиада Алауының қасиетті Маңғыстау жеріне келіп, еліміздің теңіз жағалауындағы бірден бір қала-Ақтау қаласы арқылы өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Азиада Алауы мен Эстафета мерейі еліміздің жарқын болашағына, спорттық және басқа да жетістіктеріне жүрегіміздегі шын сенімімізді жігерлендіріп, рухтандыратыны сөзсіз!-деп атап өтті өз сөзінде А. Айтқұлов.
Мұнан соң сахнаға старт беру салтанатына Алау сақшылары шақырылып, 7-ші қысқы Азия ойындарының Алау Эстафета Дирекция жетекшісі Наиль Нуров Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұловқа тапсырды. Мұнан соң жылжымалы Алау Эстафетасын алғашқылардың бірі болып ҚР-на еңбегі сіңген спорт шебері, бокстан Әлем және Азия Чемпионы Ердос Жаңабергенов бастады. Алаушылар сапынан спорт саласының майталмандары мен маңғыстаулық өнерпаздар, дәрігерлер мен белсенді қоғамдық ұйымдардың өкілдері де табылды. Осылайша 60-қа жуық адам 12 шақырымды жүріп өтті.
Алау Эстафетасының екінші кезеңі «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінінің алдында жалғасты. Қала көшелерін жүріп өткен алаугерлер мен алаугерлердің күзетін қамтамасыз еткен топ жылжымалы қазандыққа от алауын жақты. Бұл алаңда да қала тұрғындары үшін арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Эстафетаның бірінші кезеңінің Алауқұтысын каратэ-до бойынша халықаралық спорт шебері Халид Халидов әкеліп, екінші старт беру кезеңін Азон Шаймардановқа табысталды. Алауқұтыны ұстанған алаугер теңіз жағасымен жүріп өтіп, аталмыш шараның нүктесі «Астана» алаңына қойылды. Эстафетаны белгілі ардагер спортшы, спорт саласының дамуына еңбегі сіңген спорт майталманы Әмин Тұяқов аяқтады.
Азияда алауы Эстафетасының соңы белгілі өнерпаздардың қатысуымен үлкен концерттік бағдарламаға ұласып, от шашумен тәмамдалды. Кешкісін алау Атырау қаласына жол тартты. Одан кейін алау еліміздің бірқатар қалалары арқылы жүріп өтеді. 30 қаңтарда алқызыл алау елордаға жеткізліп, қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтетін «Астана аренаға» жеткізіледі деп жоспарланған.

Венера МИРЛАН
Ақтау қаласы

Азиада алауы Түркістанға сәлем бермей кетті
Барлық өлкеден баянды сапармен өтіп келе жатқан Азиада алауы Қызылордадан қырындай өткенде Түркі­станның түбіне де келеді-ау деп жақсы үмітпен күткен едік. Олай болмады.
Рухани әлеміміздің ежелгі орталығы саналатын қасиетті Түркістан жерінде жатқан ұлы рухтардың киесі шамданбаса екен деген ниетпен, шаңын көрсетпей өте шыққан алаушыларға сонда да ақ жол тіледік.

Ақ жол тілеуші:
Мұса ПАТТЕЕВ

Түркістан қалалық «Ақжол» партиясы филиалының жетекшісі.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз