ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА, МЕМЛЕКЕТТІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЫҚТЫ БОЛАДЫ

222 Нұрғали ӘШІМ, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Министрліктің атқарып жатқан жұмыстарын халық біліп отыруы үшін өткен жылы атқарған жұмыстарыңыз жөнінде халыққа есеп беріп өтсеңіз? – Министрліктің Стратегиялық жоспарында көрсетілген басым­дық­тарға орай өткен жылы мына жұмыстарды атқардық: Бірінші. Елбасының тапсыр­ма­сына сәйкес 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағ­дарламасы әзірленіп Үкіметпен бекітілді. Екінші. «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп Үкіметпен мақұлданды. Заң жобасы экологиялық таза өндірісті дамытуға, эмиссия көлемін төмендетуге, сондай-ақ, экологиялық залалға тиімді қарсы тұруға және экологиялық құқық бұзушылық пен қылмыс жасау үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ, иесіз қалдықтарды республикалық меншікке беру, оларды мемлекеттік кәсіпорындарға бекіту және мемлекеттік меншікке түскен қалдықтарды ұстау бойынша іс-шараларды іске асыру туралы бірқатар ұсыныстар енгізілді.

Қазіргі таңда заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды. Министрлік қалдықтардың түзілуінен бастап, көмілуіне немесе қайта өңделуіне дейінгі оның қозғалысының кез-келген сатысына және қалдықтарды бөлек жинауға талаптар қойылатын «Коммуналдық қалдықтармен жұмыс жасау қауіпсіздігіне талаптар» техникалық регламенті әзірленді. 2007 жылғы 5 маусымдағы Үкімет қаулысына жеке және заңды тұлғаларға лицензия алу үшін әкімшілік кедергі жасайтын біліктілік талаптары жеңілдетілген өзгертулер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленді. Жалпы алғанда, 2010 жылы Ми­нистрлікпен 40 нормативтік әдістемелік құжат, экологиялық нормативтер, стандарттар мен талаптар әзірленді. Үшінші. Ірі табиғат пайдалану­шылармен атқарылатын жұмыстар реттеуге және бақылауға алу кү­шейтілді. Табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру бойынша Министрліктің екі алқа мәжілісінің өтуі аталған мақсатқа қаржыландырудың өсуіне ғана емес, қолда бар проблемаларды шешуге қосымша күштерді біріктіруге ықпал етті. Экологиялық заңнаманың сақталуына 10-509 тексеру жүргізіліп, 8-520 бұзушылық анықталды. 8-402 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 5 млрд.-845 млн. теңгеге 8-366 әкімшілік айыппұл салынды. Қарашығанақ Петролиум Опе­рей­тинг компаниясын тексеру қоры­тындысы бойынша қоршаған ортаға қалдықтарды ерікті түрде және нормативтен тыс көлемде тастағаны үшін залалды өтеуге жалпы сомасы 1,9 млрд. теңгеге талап қойылды. Аталған шаралар ластаушы заттар шығарындыларының рұқсат етілген көлемінің 2010 жылға 3,4 млн. тоннаға (1,5 %) қысқаруына ықпал етті. Төгінділер көлемі 2,8 млн. тоннаға (1,8 %) қысқарды. Негізінен, мұнай секторы кәсіпорындарының табиғи және ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламаларын іске асыруы есебінен қоршаған ортаға эмиссия төмендетілді. Атап айтсақ, 2009 жылғы ілеспе газдың жалпы көлемінен 10 пайызы (1,7 млрд. текше.м) алауларда жағылса, 2010 жылы ол 6,5 пайызға (1,3 млрд. текше.м дейін) төмендетілді. Каспий теңізі қайраңы мен шектес аумақтың ластанғанын ескерту бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. «Жасыл даму» бағдарламасы аясында Каспий теңізі, суға бату зоналарындағы мұнай амбарларын жою, «Гео-ақпараттық жүйе – Каспий теңізі» ақпараттық жүйесін құру және ендіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру көзделген. Экологиялық апаттарды алдын алу мақсатында Каспий теңізінің мемлекеттік өңірлік мониторинг жүйесін құру мәселесі пысықталуда. Аталған жүйе Каспий теңізінің қайраңында орналасқан табиғат пайдаланушылардың өндірістік мониторингі нәтижелерін қамтиды және деректер онлайн режимінде жолданады. Сондай-ақ, жабылған ұңғыма­лардың жағдайына «жойылғаннан кейінгі» ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу қарастырылады. Барлық Каспий маңы елдерімен Тегеран конвенциясына, жекеше алғанда мұнаймен ластануды туғызатын оқиға жағдайында өңірлік дайындық, әсер ету және ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қою көзделеді. Елімізде өндіріс пен тұтыну қалдықтарының жағдайы әлі күнге дейін күрделі екендігін атап өту керек. 2011 жылы қалдықтармен жұ­мыс жасау мәселесін реттейтін нор­мативтік-құқықтық актілерді әзірлеу жоспарлануда. Экологиялық реттеу құралдары­ның бірі – мемлекеттік экологиялық сараптама. Есептілік кезеңде 6-672 жобалық материал қаралды. Оның ішінде 622 жобалық құжатты Комитет қарады. 112 құжатқа келісім берілмеді, 55 жо­балық материал штаттан тыс са­рапшыларға зерделеуге бағытталды. Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алуға 1-507 құжат түсті. Қарау нәтижесі бойынша 1-133 құжатқа рұқсат берілді. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру мерзімін қысқарту жөнінде ұсыныстар енгізілді. Шаруашылықтың және өзге қызметтің ІІ, ІІІ және ІV санатындағы нысандары үшін табиғат қорғауды жобалау, нормалау, экологиялық сараптама және экологиялық аудит саласындағы жұмыстар бойынша жеке және заңды тұлғалардың қызметін лицензиялаудан бас тартылды. Денсаулықты сақтау министрлігімен бірлесіп, ауылдық елді-мекендерге экологиялық-демографиялық зерттеу жүргізілді. 291 елді-мекеннің төлқұжаты жасалды. Аталған табиғи, экологиялық-демографиялық, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тиісті ақпараттық және картографиялық деректер базасы құрылды. Төртінші. Министрліктің жылдық бюджеті 11,8 млрд. теңгені құрайтын 16 бюджеттік бағдарламаның әкімшісі. Министрлік бюджетінің жалпы орындалуы 99 пайызды құрады. Былтырғы жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер 63,6 млрд. теңгені құрады. Яғни, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер 48,6 млрд. теңгені құраса, айыппұлдар, талаптар, санкциялар, өндірулер – 15 млрд. теңге болды. 2010 жылғы табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру жоспары 25,5 млрд. теңгені құрады. Іс жүзінде 21,9 млрд. теңгеге табиғат қорғау іс-шаралары қаржыландырылды. Бесінші. Орнықты дамудың нысаналы көрсеткішіне қол жеткізудің маңызды құралы – халықаралық ынтымақтастықты белсенді ету болып табылады. Былтырғы жылдың қыркүйегінде Азия-Тынық мұхит өңіріндегі қоршаған орта және даму бойынша министрлерінің алтыншы конференциясының өтуі айтарлықтай маңызды оқиға болды. Конференция аясында Ресей, Қытай, Жапония, Корея, Тимор-Лесте, Ауғанстан, Бангладеш және Вануату елдерінің қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша басшыларымен екіжақты кездесулер өткізілді. Алтыншы конференцияда Астана бастамашылығы, Министрлер декларациясы және 2010-2015 жылдарға арналған Аймақтық іс-шаралар жоспары қабылданды. Қабылданған «Жасыл көпір» бағ­дарламасы көпжақты ынтымақ­тастық және мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде қазіргі дәстүрлі және орнықты емес даму үлгілерінен «Жасыл экономика» үлгілеріне көшуде ықпал етуді көздейді. Яғни, оған стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру жолы арқылы қол жеткізбек. Қазіргі таңда үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін «Еуропа үшін қоршаған орта» Министрлердің жетінші конференциясына дайындық жүргізілуде. Каспий маңы елдерінің сарапшыларымен Тегеран конвенциясына хаттама жобасы келісілді. Онда, 2011 жылдың бірінші тоқсанында Каспий теңізінің теңіздік ортасын сақтау жөніндегі негіздемелік конвенцияның тараптары конференциясының Үшінші сессиясын өткізу жоспарлануда. Киото хаттамасын іске асыру шеңберінде Монреаль хаттамасымен реттелмейтін көздерден антропогендік шығарындыларды және барлық парниктік газдарын жұтушылары абсорбциясын бағалау үшін ұлттық жүйесі қалыптастырылды. Сонымен қатар, шығарындылар қысқартуларын айналымға енгізуді, сақтауды, алуды, табыстауды, сатып алуды, жоюды және айналымнан алуды нақты есепке алуды қамтамасыз ету үшін ұлттық тізілім құрылды. 2010 жылға Орхус конвенциясын жүзеге асыру туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық баяндамасы дайындалды. Жоба талқылау және ұсыныс беру үшін Орталықтың веб-порталының форумында және Министрліктің сайтында орналастырылды. Кадрлардың біліктілігін арттыру орталығы 2010 жылы «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны базасында 18 оқыту курсын ұйымдастырды. Алтыншы. Министрліктің 2010-2014 жылдарға арналған гидро­метеорологиялық және экологиялық мониторингті жаңғырту және жүргізу жөніндегі стратегиялық жоспары шеңберінде 2010 жылы 259 метеобекетте, 291 бекетте, 185 агро метеорологиялық бақылау пункттерінде мониторинг жүргізілді. Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің тапсырысы бойынша «Қаз­гидромет» себу, ылғалмен қамсыздану мерзімдерінің және дәнді дақылдар түсімділігінің болжамын қоса алғанда, 140 ұйымды әр түрлі ақпараттық-болжам өнімдермен қамтамасыз етеді. Экологиялық бақылаулар атмос­фералық ауаның, жер үсті суларының, жердің және топырақтың сапасына жүргізіледі. Сондай-ақ, радиациялық мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, мониторингтер Каспий теңізінде, Арал теңізінде, Балқаш көлінде, Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық зонасында, Нұра өзенінде, Щучье-Бурабай курорттық зонасында, Қазақ­станның трансшекаралық өзендерінде жүргізіледі. Жұмыстың барлық түрі бойынша Министрлік пен Қазгидромет сайттарында орналасатын бюллетеньдер шығарылады. Бақылаудың нәтижесі бойынша жер үсті суларының төтенше жоғары ластануының 7 жағдайы және жоғары ластануының 218 жағдайы тіркелген. Қазгидромет Республикалық оқу-өндірістік орталығының құры­лысы 2010 жылы басталып, биылғы жылы аяқталуы жоспарлануда. Орталық тек оқу базасы ғана емес, апаттық гидрометеорологиялық құбылыстарды алдын ала ескерту жөніндегі өндірістік база болмақ. - Айтуыңызға қарағанда біраз шаруалардың басын қайырған екенсіз. Дегенмен бұл салада әттеген-айлар мен атқарылуы керек деген жұмыстар бар ма? Ойыңызды түсіндім. Әрине бұл өмірде кемшіліксіз жұмыс болмайды. Дегенмен баса айтып өту керек, бәрінен де бұрын ең бастысы еліміздегі экологиялық қалыптасқан жағдай тұрақтылығын сақтап отыр. Бірақ оған қарамастан қоршаған ортаны ластаушылардың экологиялық жүйе мен халық денсаулығына кері әсері әлі күнге сақталуда. Осы сала бойынша жұмысымызға кедергі болып отырған басты проблемаларды атап өтейін: 1. Қалдықтарды кәдеге жарату бөлігінде жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдармен өзара әрекет етудің жеткіліксіздігі; 2. Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша шағын және орта бизнестің нашар дамуы, қалдықтарды қайта өңдеу технологияларының жоқтығы; 3. Экологиялық жабдықты тексеру бойынша аккредиттеу саласын кеңейту; 4. Қоршаған орта сапасының стандарттарын үндестіру әдістеме­сінің жоқтығы. Биыл «Жасыл даму» салалық бағдарламаны іске асыру үшін мұнай секторы кәсіпорындарының табиғи және ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламаларын іске асыруы есебінен олардың қысқаруына қол жеткізуіміз және экологиялық таза өндірісті дамытуымыз қажет. Парламентке енгізілген, біз әзірлеген заң жобасында таби­ғат қорғау заңнамасын бұзуға жауап­кершілік ша­раларын қатаң­дату көзделген. Кәсіп­орын­дарда қалдықтарды қайта өң­деуге ынталандыру және белгілі көлемде жауапкершілік пайда болады. Көмір­сутегі шығарындылары дең­гейін төмендетуге бағытталған Киото хаттамасын іске асыру шаралары да қамтылды. Министрліктің департаменттері депутаттық корпус алдында заң жобасы ережесінің дәлелдеу базасы бойынша дайындалуы қажет. Биыл су объектілеріне төгінділер жөнінде «Айналмалы сумен қамсыздандыру туралы» заң жобасын әзірлеп, енгізуіміз тиіс. Яғни, қауіптіліктің екінші санатына жататын барлық кәсіпорындарға пайдаланылған суларын өзендерге, көлдерге және т.б. төгуге тыйым салынуы тиіс. Бұл – «Су туралы» Еуропалық директиваға сәйкес. Министрлікте құрылымды реформалау жүргізілді. Жаңа құрылымдық бөлімшелерден шұғыл түрде жаңа міндеттерге және жаңа лауазымдық нұсқаулықтарға сәйкес жұмысқа кірісу талап етіледі. Әсіресе, жаңа бөлімшелер құру арқылы біз заңгерлік сүйемелдеу және қалдықтармен жұмыс жасауды басқару бойынша бұның алдында туындаған мәселелерді шешеміз деп сенеміз. Сыбайлас жемқорлық көрініс­терімен күресті күшейту жолында министрлікте белгілі шаралар қабыл­дадық. Біз рұқсаттық жүйеде іс жүзіндегі ашықтылыққа қол жеткіздік. Дегенмен, қаржылық және ішкі бақылау органдарының тексерулері барлық жерлердегі көріністерді жою үшін әлі де жұмыс жасау қажеттілігін көрсетеді. Мен үшін қазіргі кезде министрліктің басты атқаруы тиіс жұмысы орындаушылық тәртіпті күшейту. Өкінішке орай, тапсырмаларды дер кезінде орындамау фактілері кездеседі. Әсіресе, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесі құжаттарына қатысты. Әрбір қызметшінің тапсырылған жұмысты орындауға жауапкершілігін арттыруды талап етеді. Тапсырмаларды дер кезінде орындауға қатаң бақылау қажет. Ағымдағы жылы «Еуропа үшін қоршаған орта» Министрлердің жетінші конференциясын өткізуге үлкен дайындық және ұйымдастыру жұмысы тұр. Бізде бұндай жоғары деңгейдегі конференцияларды өткізу тәжірибеміз бар. Гидрометеорологиялық бекет желісін кеңейту мәселесін шешу­ді жылдамдату талап етілуде. Бұл «Қаз­гидромет» РМК-ға да, Қор­ша­ған ортаны қорғауды реттеудің эко­номикалық құралдары департаментіне де қатысты. – Өзіңіздің жұмыс барысындағы ұстанымыңыз қандай? – Менің бар ұстанымым, мақсатым еліміздің азаматтары өмір сүруі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету. Яғни таза ауа, таза су, таза табиғи орта адам денсаулығының шымыр болуын қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда бұл дегеніміз, халықтың денсаулығы мықты болса мемлекеттің денсаулығы мықты болады деген сөз.

Ф.Мұстанов