«Еліміздің барлығы қазақ тілінде сөйлеуі керек»

ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің ҚР Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзі: Құрметті Мұхтар Абрарұлы! Құрметті алқа отырысына қатысушылар! Мен баяндамаларды мұқият тыңдадым. Өткен жылы елі­міздің мәдениет саласы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәдениеті дамыған елдің іргесі берік, мәртебесі биік. Халықаралық деңгейдегі мәдени іс – шаралар, Елбасының қатысуымен өткен мерекелік концерттер жоғары деңгейде өтті. Сондай–ақ, жаңа кинофильмдер, опера, балет туындылары, ел тарихындағы тұңғыш мюзикл, жаңа драмалық шығармалар ұлттық мәдениетімізді жаңа биіктерге көтерді. Елбасы бекіткен «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша көп іс атқарылды. Өткен жылдың ең үздік табыстары ретінде мен «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» және «Қазақтың дәстүрлі мың әні» жобаларын айтар едім. Биыл – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы мерейлі мерекені лайықты өткізуіміз керек. Сондай – ақ, Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымына және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етеді. Осыған орай, халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар жоғары дәрежеде өтуі тиіс. Халқымыз «Ел мәдениеті тілден басталады» дейді. Өткен жылы Тілдерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Биыл - осы бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы. Бұл орайда, министрлік мемлекеттік тілді дамытуға айырықша мән беруі керек. Қадір ағамыз: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, өзге тілдерге құрметпен қарап, ана тіліміздің дәрежесін көтеру үшін еліміздің барлығы қазақ тілінде сөйлеуі керек. Осы аталған тапсырмалардың барлығы мына Меморандумда көрсетілген. Бұл жерде нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жалғыз ұлттық мәдениетіміз емес, еліміздің ұлттық рухын көтеру үшін барлығымыз бірдей атсалысуымыз керек. Мұхтар Абрарұлы, сіз қол қойған Меморандумды мен бекітемін. Биыл – ерекше жыл. Барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, егеменді еліміздің ертеңі үшін аянбай қызмет етейік!