ЖЕЛТОҚСАН көтерілісінің 25 жылдығы жетім қыздың тойындай өтпеуі тиіс

1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі көлемі және ұлттық мүдделерге терең тамыр жіберуі жағынан сол кезеңде салтанат құрып тұрған Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болғаны үлкен деңгейде сан рет айтылды әрі жазылды. Бұрын Кеңестер Одағының құрамында, қарамағында болып кейін жеке шаңырақ көтерген мемлекеттердің бәрі дерлік, ұлттық, тілдік мүдде үшін тоталитарлық жүйеге қарсы батыл түрде қыр көрсетуде үлгі бола білгені үшін осы желтоқсан көтерілісіне борыштар екені күмәнсіз. Бұл әлемдік деңгейде қалыптасқан ұстаным. Сол үшін де кезінде Елбасының арнайы жарлығымен әр жылдың 17 желтоқсаны «Демократиялық жаңғыру күні» деп жарияланғаны мәлім. Желтоқсан көтерілісінің 24 жылдығы қарсаңында, яғни 2010 жылдың 16-17 желтоқсанында «Время» газетінде Қазақстан биографиялық энциклопедиясының бас редакторы Данияр Әшімбаевтың «Крах операции «преемник» атты қазақ халқы тағдырындағы айтулы оқиғаның мән-маңызын жоққа шығаруға тырысқан көлемді мақаласы жарық көрді. Кезінде (2001-2002 жылдары) биліктегі кейбіреулердің жасырын тапсырмасымен филология ғылымдарының кандидаты, журналист Тоқтасын Беркімбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне жала жабу мақсатында және көтерілістегі елдік, ұлттық мүдделерге көлеңке түсіру ниетімен «Ақиқат» журналының 17 санына 17 мақала бастырып еді. Д.Әшімбаевтың мақаласы – Беркімбаевтың абыройсыз оқиғасынан кейінгі ұлттық мүддемізге жасалған екінші шабуыл. Бірнеше жыл бұрын «Жас қазақ үні» газетіне «Мен қазақ тілін мүлде білмеймін» деп сұхбат берген, қазаққа түрі ғана ұқсағанымен еліміздің ұлттық, тілдік мүдделеріне мұрын шүйіре, жүрдім-бардым қарайтын Д.Әшімбаев аталмыш мақаласындағы негізгі ойын мысқылмен былай қорытады: «...А итогом стала очень удобная для всех политическая оценка – стихийное выступление молодежи националистического (ныне – национал-демократического) толка. У национал-патриотов появились свои «герои», у силовиков – опыт разгона демонстраций, у власти молодой независимой страны – красивая иллюстарция к лозунгу о борьбе за независимость, у тех, кто пришел на площадь – возможность назваться героями-революционерами, у населения – страшилка на тему межнациональных столкновений, у «героев» – право требовать с государства квартиры, пенсии и пособия... Нужно ли пересматривать такую красивую, героическую, а главное, очень востребованную историю?..» Д.Әшімбаев осы мақаласын­да Желтоқсан оқиғасы төңірегін­дегі билік тарапынан кеткен әділетсіздікті тұңғыш рет Республика ауқымында ғана емес, әлемдік деңгейде де көтерген Мұхтар Шахановтың Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің пленумында, Г.Колбин саясатының дәуірлеп тұрған кезінде сөйлеген сөзін бұрмалап жариялаған газеттен үзінді келтіріп, оның беделін түсірмекке күш салады. Мұны Шахановқа бұрыннан тісін қайрап жүретін, ақынның халық арасындағы беделін мүлде қабылдай алмайтын Жасарал Қуанышалин мен Хасен Қожа-Ахмет өзінше пайдаланбақ оймен алдымен баспасөз маслихатын өткізіп, 2011 жылдың 5-қаңтары күні интернетте (quorum.kz) мәлімдеме жасапты. Бұған қоса олар өте үлкен таралыммен «Об истинном облике Мухтара Шаханова» (Мұхтар Шакаловтың шайтандықтары туралы) атты көлемі кішігірім повестей парақша-жинақ шығарып, онысын арнайы жасақталған топ арқылы мекемелерге, жоғарғы оқу орындарына, халық көп жиналатын жерлерге, тұрғын үйлерге тарата бастапты. Заңға тікелей қайшы келетін бұл шараға қаржыны кім беріп отыр және Қуанышалин мен Қожа-Ахметтің артында кімдер тұр? Егер парақша-жинақтың сөзіне илансақ, Шахановтың ел игілігі үшін жасаған иненің жасуындай да игілікті ісі жоқ екен. Екеуінің ойдан шығарған өтіріктері аздай, аттарын бүркеп, интернеттегі өздері жазған және есімі белгісіз біреулердің өсектерін негізге ала отырып, оны «ұлт», «тіл», мүдделерін сатты деп ғайбаттаған былапыт сөздерді шамасы жеткенше сапырғанын оқу үлкен қиындық тудырады. «Какое он имел право так говорить от имени народа?.. А спустя два года после нашего освобождения Шаханов выступал в Москве в течение трех минут и стал героем Желтоксана. Но на самом деле во время декабрьских событий его вообще в Казахстане не было, он проводил в Москве свой поэтический вечер и даже близко не подходил к восстанию...» – дейді Хасен Қожа-Ахмет. Олардың өрбіткен өсегіне сенсек, Шахановтың Желтоқсан көтерілісінің мүддесінде де, Арал қасіреті, ұлт, тіл, мәселесі төңірегінде де шаруасы болмай, билікке түгелдей сатылып, бір байдың 17 жасар бүлдіршін қызына үйленіп, Бішкекке Қазақстанның Елшісі қызметіне тайып тұрыпты. Түптеп келгенде «Қазақстандық ұлтты» да, Кедендік Одақ пен Қытайға жер берілуге қарсылықты да, алғаш рет ұйымдастырған Шаханов басқарған «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы емес, Жасарал Қуанышалин жетекшілік еткен топ сияқты. Мұндай жүйесіз, негізсіз ғайбатқа не десек екен? Ал, Жасарал Қуанышалин жұрт назарын өзіне аудармақ боп аштық жариялағанда оны кім қолдады? Үш-төрт адамнан өзге қастарында ешкім болмады. Осыдан-ақ олардың ел арасындағы салмағының қаншалықты екені айқындалды. Ал, Шаханов «Қазақстандық ұлтқа» қарсы аштық жарияламақшы болғанда бүкіл ел көтеріліп кете жаздады. Төрт мыңнан астам адам ішінде атақты әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері де бар, онымен бірге аштық жариялауға тілек білдірді. Соның арқасында билік олармен санасуға мәжбүр болып, «Ел бірлігі» доктринасындағы «Қазақстандық ұлт» идеясы түбірімен алынып тасталды және доктринаға «Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілді білуге тиіс» – деген сөйлем ендірілді. Бұл аз жеңіс пе еді? Өсек-парақшаның үлкен бөлігі Шахановтың мемлекеттік тілге жасаған зиянкестігіне арналыпты. 1989 жылы Қазақ КСР Жоғары кеңесі орыс және қазақ тілін бірдей мемлекеттік тіл етіп қабылдап жібергенде, шалақазақ депутаттар жүрегі жарыла, бір-бірін құттықтап жатқанда, Шаханов қайта дауыс көтеріп, «бұл шараның екінші желтоқсан оқиғасына алып баратынын» ескерткенде ғана билік аяғын тартып, қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасағанын ұмытуға бола ма? Әлгілердің өсек сөзіне назар бұрсақ Шаханов Г.Колбин кезінде орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік тіл мәртебесін беру керек деп байбалам салыпты. Ал, шын мәнінде солай болса, онда неге бүкіл Кеңестер Одағында екі миллионнан астам таралымы бар «Литературная газета» басылымында Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин мынандай сұхбат береді: «Вот в этом контексте я и хотел бы поразмышлять на тему, которая весьма популярна ныне в определенных общественных кругах, – о государственности коренного языка, на чем, в частности, настаивают казахские писатели М.Шаханов, С.Шаймерденов... В беседах с ними я понял главную причину приверженности этой идее. Она заключается в благородном стремлении людей создать с помощью закона твердые правовые гарантии родному языку... Я часто беседую по душам с известными представителями казахского народа о государственности языка, и многие из них говорят: утверждение казахского языка как государственного не принесет пользу нашему народу». («Литературная газета», 7- декабря, 1988 г) «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген осы емес пе? Рас, М.Шаханов 1986 жылдың 12-21-желтоқсаны аралығында Мәскеуде болды. Орыстың күллі әлем мойындаған атақты ақыны Е.Евтушенко жүргізген М.Шахановтың поэзия кеші Мәскеудегі екінші Желтоқсан оқиғасына айналып кете жаздады. 19-желтоқсан күні ақынның поэзия кеші өтетін жердегі екі метро «техникалық себеппен» жабылды. Келесі күні Евтушенконың өтінішімен КОКП Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Воронов Шахановты қабылдады. «Желтоқсан оқиғасы ұлттық, тілдік мүдденің қыспаққа түсуінен болды» деген идеяны КОКП Орталық комитетіне алғаш рет жеткізген де М.Шаханов болатын. Бұл арада Д.Әшімбаев та, Х.Қожа-Ахмет те, Ж.Қуанышалин де босқа әлектенеді. Егер Шаханов 1988 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында, 1989 жылы Кремльдің Съездер сарайында өткен КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде, артынша Кремльде, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында бүкіл қазақ халқына ұлтшылдық айыбын арқалатқан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының шешіміне батыл түрде қарсы шықпағанда не болар еді? Тіпті оның сол сөзінен кейін де Горбачев билігі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарынан жедел түрде жасақталған, арасына жастардың бейбіт шеруін басып-жаншыған қылмысты адамдар да енген алғашқы комиссияның негізгі мақсаты «алаңға шыққан жастардың бәрі Қонаев билігінің құйыршықтары еді» дегенге саятын шешім әзірлеу болатын. КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачевтың Шахановқа «Сенің аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз» деп күш көрсетуінің арғы жағында осындай мән жатқан-ды. Бұл іске Шаханов Андрей Сахаровтың ақылымен, Горбачевқа ашық түрде қарсы шығып жүрген, кейіннен Ресей Федарациясының тұңғыш Президенті болған Борис Ельцинді араластырмағанда және Горбачев одан қатты қауіптенбегенде келісілген сценарий бойынша Желтоқсан көтерілісіне берілген баға абырой-беделден жұрдай «Қонаевтың құйыршықтары» деңгейінде қалатыны сөзсіз еді. Желтоқсан шындығын әйгілеу жолында Мырзалиев комиссиясынан басқа 4 комиссия құрылғанын, оның бәрінде Горбачев билігімен кескілескен күрес жүргенін жұрттың көбі біле бермейді. Комиссия шешімі бойынша билік басындағы 44 адамды жауапқа тарту шешімі де, тіпті көтеріліс кезінде қаза болған белгісіз адамдар туралы прокуратураға ұсынылған құжаттар да тексерусіз, жылы жабылған күйде қалса, оған да Шаханов кінәлі ме? Желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет қаншама жылдардан бері жұрттан қол жинап, өзін «Халық қаһарманы» атағына ұсындырудан жалықпай, шаршамай келе жатса, Шахановтың бұл саладағы түсінігі мүлде басқа. Ол жиырмадан астам шет мемлекеттердің құрметін көріп, сый-сияпатын иеленсе де, Қазақстан билігі ұсынған шен-шекпендерден, орден-медальдардан, Халық қаһарманы атағын бермек болған биліктің ұсынысынан да өз ұстанымы бойынша жүйелі түрде бас тартты. Желтоқсан шындығын қалыптастыру төңірегіндегі істерін және ұзақ жылғы қоғамдық шараларының бәрін ел алдындағы азаматтық борышым деп білетін М.Шахановтың бұл мәселедегі ұстанымы мынадай: «Отан – біздің ең ұлы анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін жылу дәметпеуі керек. Бірақ Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол өте әділетті болуы қажет. Қазір кез келген үлкен ұрының екі орден үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді.» Міне, не істесе де өз ар-намысының жетегінде қызмет атқаратын қазақтың қайсар ақынына ешкімнің қара күйесі жұға қоймасы анық. Дегенмен, адамды қорлау мен тұқыртудың осындай абыройсыз түріне жүгінген екі азаматымыз желтоқсан көтерілісіне жала жауып отырған Д.Әшімбаевқа қарсы пікір білдірудің орнына, Әшімбаев келтірген, Колбин билігі тұсында Шахановтың бұрмаланған бір сөзін ту ғып көтеріп, мұндай абыройсыз қимылға баруы шектен шыққан ұят іс болды. Биылғы жылдың 17-желтоқсанында Тәуелсіздік туын желбіреткенімізге 20 жыл, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 25 жыл толмақ. Бірақ билік айналасындағылар соңғы жылдары 17-желтоқсанды ескермеуге, елеусіз қалдыруға дағдыланып алды. Тіпті Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығы жетім қыздың тойындай да болған жоқ. Еліміздің тәуелсіздігіне рухани жол ашқан Желтоқсан көтерілісіне, оның 25 жылдық мерекесіне бүгінгі таңда мүлде жаңа мінез, жаңа көзқарас қажет. Билік саласындағы кейбіреулер Желтоқсан көтерілісіне қырын қарауды қашан тоқтатады? Олар ең болмаса Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты кітабындағы мына сөзіне неге назар аудармайды: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді.» Міне, сондықтан да 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ширек ғасырлық төл мерекесін өткізу жөнінде желтоқсан қайраткерлерінен, қоғамдық ұйымдар мен партиялар өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, бұл маңызды шараға мемлекеттік деңгейде ерекше мән берілуі тиіс деп есептейміз. «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің атынан: Бақтыбек Иманқожа (төраға), Құрманғазы Айтмырза, Үсіпхан Сейтімбет, Ермұхамед Қуандықов, Ерлан Декелбаев, Құдайшүкір Абдуллаев; Нұрлыбек Қуаңбаев, «Желтоқсан» Республикалық халықтық-патриоттар қозғалысының төрағасы; Жансая Сәбитова, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, Алматы қалалық жаппай қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрайымы; Шора Қарабаев, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің доценті; Төлеген Әлжан, «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын тексеру және оған түпкілікті баға беру комиссиясы жұмысшы тобының мүшесі; Ғазиз Алдамжаров, Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы; Дулат Исабеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Мәдениет» журналының бас редакторы; Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор; Темірхан Медетбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Ғаббас Қабышұлы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі; Смағұл Елубай, жазушы, ПЕН-клубының вице-президенті; Әзімбай Ғали, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы; Рысбек Сәрсенбай, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы; Ермұрат Бапи «Тасжарған» газетінің бас оқырманы; Серғазы Мұхтарбек, «Қазақстан» газетінің бас редакторы; Қоғабай Сәрсекеев, «Қазақ» газетінің бас редакторы, ҚР енбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреат; Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газетінің Бас директоры,ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері; Эрнест Төреханов, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы; Бейбіт Қойшыбаев, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бірінші орынбасар; Болат Атабаев, «Ақсарай» мюзикл театрының көркемдік жетекшісі; Қалдыбек Құрманәлі, Ш.Қалдаяқов атындағы ән фестивалі дирекциясының директоры «Шәмші» журналының Бас редакторы; Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі; Дәурен Қуат, Абай.kz» ақпараттық порталының бас редакторы; Асылы Осман, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы; Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының лидері; Нұржан Ошанбеков, «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары; Хайролла Ғабжалилов, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті; Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті; Доқтырхан Тұрлыбек, Халықаралық Түркі әлемі телестудиясының бас директоры халықаралық «Жамбыл» атындағы сыйлықтың лауреаты; Мереке Құлкенов, жазушы, «Өлке» баспасының директоры 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын тексеру және оған түпкілікті баға беру комиссиясы жұмысшы тобының мүшесі; Софы Сматаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Серік Тұрғынбекұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері; Шәкизада Әбдікәрімов, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының төрағасы, республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы; Құдияр Біләл, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері; Кәмнұр Тәлімұлы, Талғар аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры; Еркін Рақышев, «Жас Ұлан» киностудиясының директоры; Жұмаш Кенебай, «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі; Жұмабек Ашуұлы, Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы; Бақытжан Төреғожина , «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қозғалысының төрайымы; Жанұзақ Әкім, саясаттанушы, биология ғылымдарының кандидаты; Жанболат Мамай, «Рух пен тіл» клубының жетекшісі; Әлібек Қаламбаев, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы; Бекқал Әбіш, жазушы, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты; Рысбек Дәбей, ақын, «Алаң» әдеби жастар бірлестігінің жетекшісі; Асан Сарқұлов, журналист-жазушы, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан журналисттер одағы сыйлығының лауреаты; Геройхан Қыстаубаев, Ұлт патриоты, «Ұлы дала» қоғамдық қозғалысын ұйымдастыру комитетінің төрағасы;