АҚШ түрмесінде үш жыл отырған Азамат Тәжаяқов елге оралды
2016 ж. 17 маусым
2263
1
АҚШ түрмесінде үш жыл отырған Азамат Тәжаяқов еліне оралды. Алматы әуежайында оны ата-анасы, інілері мен қарындастары күтіп алды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, Азаматтың анасы мен әкесі қобалжығандарын жасыра алмаған. "Қаты қобалжып тұрмыз. Екі күннен бері ұйықтамай жүрміз", - дейді олар. Алматы әуежайына жиналғандардың арасында КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов те болды..
"Азамат Қазақстанға қайтқысы келетінін, АҚШ-тан саяси баспана сұрамайтынын айтып хат жазды", - деді Азаматтың әкесі Әмір Исмағұлов. Сонымен қатар, ол Азаматты АҚШ-қа енді кіргізбейтінін, дегенмен өзі де онда баруды қаламайтынын айтты. "Біздің отбасы үшін бүгін ең бақытты күн. Мен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен рахмет айтқым келеді. Өйткені балалар 25 жыл алуы мүмкін еді. Содан кейін Бас прокуратураға, Сыртқы істер министрлігіне және қазақ халқына рақметімді айтамын", - деді Исмағұлов.
Телеарнаның мәліметінше, Тәжаяқовты америкалық екі азамат шығарып салған. Жазасын өтеп шыққан қазақстандыққа енді АҚШ тарапынан ешқандай кінә артылмайды. Оның Қазақстанға бостандықтағы адам ретінде ұшып келгені белгілі болды. "Сене алмай тұрмын, дегенмен бәрі аяқталды! Аздап шаршап тұрмын, 20 сағат бойы ұшақта болдым. Түрмеде қазақстандықтардың сені қолдайтынын білу өте жақсы", - деді Азамат. Әкесінің айтуынша, баласы математика пәнінің мұғалімдігіне сынақ тапсырған. Сонымен қатар, түрмеде футбол командасының жаттықтырушысы болып, испан, қытай тілдерін де меңгеріп шығыпты. Ол енді оқуын жалғастыруға үміттеніп отыр.
Азамат енді ата-анасымен бірге туған жері Атырау қаласына оралады. Айта кетейік, АҚШ-та тағы бір қазақстандық - Диас Қадырбаев жазасын өтеп жатыр. Оның еліне оралуына екі жылдай уақыт қалды. Қазақстанның Бас прокуратурасы оны экстрадициялауға атсалысып жатыр.
Еске салайық, 2013 жылы 15 сәуір күні Бостонда марафон кезінде екі жарылыс болды. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 173 адам жараланған. Жарылысты ұйымдастырды деген ағалы-інілі Джохар және Тамерлан Царнаевтар айыпталды. Джохар 20 сәуір күні тұтқындалса, Тамерлан 19 сәуір күні полициямен атыс кезінде қаза болды. Қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев лаңкестердің досы ретінде ұсталды. Слондықтан да Диас 6 жылға Азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дерек көзі: КТК