Бензин бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін

АИ-80 бензинінің бағасы қымбаттауы мүмкін деп хабарлайды Астана арнасы.

АИ-80 бензинінің бағасы қымбаттауы мүмкін

Өйткені Энергетика министрлігі АИ-80 маркалы бензині мен дизель отынының бағасын реттеуден бас тарту мәселесін қарастырмақ.

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бұл жанар-жағармайдың бағасы 2012 жылдан бері көтерілмегенін атап өтті. Қазіргі күні АИ-80 маркалы бензиннің шекті бағасы литріне 89, ал дизель отыны 99 теңгені құрайды. Ал бұл жанармайлардың Ресейдегі бағасы 171 және 177 теңгені, Қырғызстанда 146 және 151 теңгені құрап отыр. Себебі бұл елдерде АИ-80 мен дизель отынының бағасы бәсекелес ортаға жіберілген.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекет тарапынан реттеу мұнай өңдеу компанияларын шығынға батырып отыр. Бірақ сенаторлар АИ-80-ді бәсекелес ортаға жіберуге қарсы шықты.

"Неге біздер мұнай өндіретін компаниялардың жетегінде жүруіміз керек. Сіздер қазір ең оңай жолмен кетіп бара жатырсыздар министрлік, үкімет. Ең оңай жол деген не ол? Бәсекелес ортаға шығарып жіберу. Ал оның артында қаншама адам тұр. АИ-80 маркалы бензинді жағатын кім? Ол - ауылдағы адамдар. 80-ді жағайын деп жақпайды. Амалсыздан күнкөріс үшін жағып отыр", - дейді парламент сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.

Дерек көзі: Астана