Ала тақиялы ағайындар Батырдың ескерткішін неге құлатты?!

Күні кеше «Алматы телеарнасынан естіп- көргеніміз, Ташкент қаласындағы, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахимовтың тас мүсіні орнынан алыныпты. «Қиямет күні көршіден»- деген қазақтың қасиетті сөздері зая кетіп тұрғандай. Ала тақиялы көршілердің қандай оймен, өз мақсаттарына жеткені құпия. Өткен ғасырдың ортасында өткен II-ші дүние жүзілік соғыста, өзге елдің жері мен бейбітшілігі үшін, хас батырдай қан төгіп, ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атағын алған Сабыр Рахимовтың Ташкент қаласындағы ескерткіші тақтан құлады. Көргенде көресіні көршіден, ала тақиялылардан көрдік қой. Өткен ғасырда өз қулығымен зымияндығымен Кеңес Өкіметін басқарған Никита Сергеевич Хрущевтың «көңілін тауып», қазақтың шекарасынан, шұрайлы Мырзашөлді, шипажайлы аймақ Шыршықты өздеріне қаратып алған өзбектер енді, міне қазақтың батыр перзенті Сабыр Рахимовтан қандай өш алмақшы. Ел іргесін шулатпай, екі ел арасына жік түсіп кетпей тұрғанда мәселені ушықтырмай шешу керек. Біздің Сыртқы Істер Министрлігі неге қауқарсыз.Әлде шекарада айқай-шу шыққан соң атқа міне ме? Ол кезде кеш болып қалады –ау?! Іргелі деген Кеңес Одағының өзін шошындырған қазақ еш нәрседен қаймықпайды. Ешкімге өшін бермеген, кешегі өткен қалмақтан да бас имей қарсыласқан қазақ емеспіз бе?! Осы үлкен дауға айналып кетпей тұрғанда, зиялы қауым, ел болып, елдестірген елшілер болып анық-қанығына уақтылы жетсек.Елдің амандығы керек, халықтың тыныштығы қымбат мына заманда Еліміз тыныш, бейбіт деп жүргенде ши шығып кетпесін.

Төлеген САПАРОВ

АЛМАТЫ