БІЗГЕ РЕСЕЙШІЛ ЕМЕС, ТҮРКІ ТІЛДЕС ЕЛДЕРДІҢ ОРТАҚ АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІГІ КЕРЕК

Кеше Астанада өткен Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының бас қосуында РФ президенті Владимир Путин одақтың ортақ ақпараттық кеңістігін құруды ұсынды. Одақ жұмысын, оның болашақтағы жоспарларын сөз ете келе В. Путин одақ комиссиясының ортақ ақпараттық кеңістік жөнінде де ұсыныс әзірлегенін жөн көретінін айтты.

«Ортақ ақпараттық кеңістік құру идеясының болашағы зор. Комиссияға осы бағытта ұсыныс дайындауды тапсырмақ қала болады?» деді В. Путин. Бұл туралы Qamshy.kzхабарлайды.

Негізінен одаққа мүше елдердің бұл құрылымнан тыс мемлекеттермен экономикалық байланыстары, «бөтен» жобаларға қатысу жайы талқыланған жиында В. Путин бұл мәселені неге кесе көлденең қыстырып отыр? Бас қосудың БАҚ өкілдері қатысқан алғашқы бөлігінде айтылғанына қарағанда, бұл мәселе президенттер арасында бұған дейін де қозғалуы мүмкін бе? Олай болса, әріптесінің бұл ұсынысына басқа президенттер неге сол жерде қандай да бір ойларын бідірмеді? Қарап отырсақ бұл жерде басы ашылмаған мәселе көп. Одан кейін, белгілі бір нормативтік құжаттармен бекітілмеді демесеңіз, Ресеймен жақын елдер арасында ортақ ақпараттық кеңістік онсыз да бар. Ресейлік ақпарат құралдары Қазақстан ғана емес, басқа да одақ елдерінде еркін тарайды. Еліміздің бірқатар басылымдары мен телеарнасы Кремльді құбыла етіп алғаны жасырын емес. Жел соқса да Америка мен Еуропаны кінәлайтын ресейлік үрдіс бүгінде біздің де ақпараттық кеңістікте кеңінен белең алуда.

Осы орайда біз отандық журналистикада еңбегі елеулі бірқатар мамандардың пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.

Қуандық Шамахайұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық журналист:

Егер біріккен ақпараттық кеңістік құрылып, Путиннің ұсынысы жүзеге асса, елдегі барлық БАҚ қазір өзіміз көріп жүрген «Еуразия» ТВ-ға айналады. Өтірік «постановка», сенсация қуушылық белең алады. Бәріміз отырып алып, таңнан кешке дейін АҚШ-ты жерден алып, жерге саламыз. Есесіне Ресейді, Путинді өлердей мақтаймыз. Советтік үгіт-насихат жаңаша бет алып, "қырғи-қабақ соғыстың" сорақы түрі пайда болады. Сонда тәуелсіздік, демократия деген ұғымдар қайда қалады?

Егер біз шын тəуелсіз ел болсақ, Путин айтты екен деп ондай кеңістік құруға болмайды. Онсыз да ресейлік ақпарат экспансиясынан арыла алмай отырғанымызда енді ортақ кеңістік құрылса шаруамыз бітті дей беру керек шығар. Баспасөз ісіне көрші ел тұрмақ өз өкіметіңнің араласуы сөз бостандығына, шығармашылық еркіндікке нұқсан келтіреді. Конституциямызда цензураға тиым салынғаны, сөз бостандығына кепілдік берілгені жазылған. Сондықтан, В. Путин өзге елдің ішкі ісіне араласпағаны абзал.

Нәзия Жоямергенқызы, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті:

Путин мен Кремльдің нені көксейтіні белгілі: келмеске кеткен КСРО-ны «көрінен» тірілтіп алуды көздейді. Анығы, кеңестік империя кезіндегі орыстардың ықпалын күшейту арқылы посткеңестік елдерге, оның ішінде, табиғи ресурстарға бай әрі топырақ ауқымы кең Қазақстан сияқты орталықазиялық елдерге үстемдігін жүргізуді қалайды. Ақпараттық кеңістік дегеніміз – территориялық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік идеология. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуықтаса да, әлі күнге халықаралық ақпараттар ағынын Ресей арқылы аламыз. Әлбетте, әлемдік деңгейде хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының орысша қызметін жоққа шығармаймыз. Бірақ олар жеткіліксіз әрі орталықтардан шалғай жатқан жерлерге таралмайды. Әсіресе, еліміздің орталық, батыс және солтүстік аймақтарында ресейлік БАҚ-тың ықпалы күшті. Соңғы жылдары «ұзынқұлақ» арқылы Кремльдің саясатын жарнамалайтын журналистер мен блогерлердің көбейгенін естіп жүрміз. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамасы» анық. Бұл ақпараттың анық-қанығына құзырлы органдар көз жеткізуі тиіс. Осы орайда, Балтық жағалауы елдеріндегі мемлекеттік саясаттарына қайшы келетін ресейлік телеарналарды юабуды қолға алғанын айту керек. Бұл мәселе Қазақстанда да көтеріліп жүр. Бірақ әзірге нәтижесіз. Кешегі Путиннің ортақ ақпараттық кеңістік құруға қатысты құлшынысынан кейін Кремльдің сойылын соғатын лоббистердің көбейетіні анық. Бірақ біздің құзырлы орган өкілдері Қазақстанның мемлекеттік саясаты мен мүддесіне сай шешім қабылдауға міндетті.

Меніңше, ЕурАзЕҚ шеңберінде емес, түбі бір түркіге ортақ елдер арасында ақпараттық кеңістік орнатуды қолға алуымыз керек. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр түркі мемлекеттеріне ортақ телеарна құру туралы бастама көтеріп, қазір ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүруде. Сондай-ақ, түркі елдерінде жиі ұйымдастырылатын журналистердің түрлі шараларында да түркілік ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру туралы мәселе күн тәртібіне жиі шығады. Өкініштісі, сөз көп, іс жоқ...

Негізі біздің «Түркітілдес журналистер қорын» құрудағы басты мақсатымыз – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Татарстан сияқты түркі елдерімен қатар Жер шарындағы түркі қауымдастықтарымен ақпарат саласында ынтымақтастық орната отырып, жедел ақпарат алмасу, баспасөзде серікестік құру, түбі бір түркіге ортақ тарих, мәдениет, білім, өнер, рухани құндылықтарды бірге насихаттау. Қор құрылғалы бері бірнеше рет қазақ журналистерін Түркиядағы саяси-экономикалық, рухани маңызы бар түрлі шараларға қатысуға үлес қостық. Халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыруға мұрындық болдық. Алдағы уақытта да жобаларымыз жалғасын таба береді, бұйыртса. Өкініштісі сол, қазақ журналистердің көпшілігі халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын емес. Кәсіби шеберлікті шыңдау керек, ағылшын тілін жаппай меңгеру керек. Шет елдерде оқиға мен құбылыс болып жатқан жерден тікелей ақпарат алудың орнына ресейлік БАҚ-қа иек артатыны сондықтан. Ал Ресейдегі журналистер кез келген ақпаратты Кремльдің не БАҚ қожайындарының мүддесіне сәйкестендіріп таратады. Яғни, ақпарат бұрмаланып, оқырман мен көрерменнің құқына қол сұғылады. Журналист қоғамды нақты әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылады. Меніңше, әріптестеріміз бірнеше шет тілін меңгерумен қатар ақпараттық технологиялардың «құлағында» ойнауы тиіс. Сонда оларға отандық және халықаралық еңбек нарығында білікті маман ретінде сұраныс жоғары әрі кәсіби тұрғыда қызметін мүлтіксіз атқаруға сеп.

«Қамшы» сілтейді