Путин Еуразиялық одақ аясында ортақ ақпараттық кеңістік құруды ұсынды
2016 ж. 01 маусым
1739
1
Ресей президенті Владимир Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында экономикадан бөлек, ақпарат саласын бірігіп реттеуді ұсынды. Яғни Ресей көшбасшысы ортақ ақпараттық кеңістік құру керектігін көтерді.
"Одақ аясында біртұтас ақпараттық кеңістік құрудың болашағы зор. Бұл үшін Еуразиялық комиссия арнайы тұжырымдама дайындап, тиімді жоба ұсынуы тиіс. Сонымен қатар 2019 жылға қарай ортақ электр энергетикалық нарықты қалыптастыруымыз қажет", - дейді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.
Сондай-ақ Путин одақ аясында ортақ энергетикалық және медициналық нарық құрылатынын да атап өтті деп хабарлайды Астана арнасы.
"Біз 2025 жылға қарай ортақ көмірсутек нарығын құрудың тағы бір қадамын жасаймыз. Одақ аумағында газ секторында 1 млрд, ал мұнай саласында жылына 8 млрд доллар табыс беретін, бірдей бәсекелік жағдай жасайтын құжат қабылдаймыз. Биыл дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғылардың ортақ нарығы іске қосылады. Қазір қорытынды келіссөздер жүріп жатыр", - деді Ресей президенті.
Сонымен қатар Ресей басшысы ЕАЭО мүше елдерді құрал-жабдықтар мен жиынтықтауыштарды бірлесе өндіруге шақырды, деп хабарлайды BNews.kz.
«Ресейдің жүргізіп отырған импортты алмастыру бағдарламасына одақтас мемлекеттерді тартудың болашағы зор. Әріптестерімізді машина жасау, электронды және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді 25-тен астам салаға қажетті құрал-жабдықтар мен жиынтықтауыштарды бірлесе өндіруге шақырамын», – деді Путин.
Еске сала кетейік, 31 мамырда Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық одақтың отырысы өтіп, оған ЕАЭО мүше бес елдің басшылары қатысты.