«АЙТУҒА ОҢАЙ…»: АСАН АНАСЫН ТАПТЫ!..
2016 ж. 31 мамыр
7131
9
Ұлттық арнаның ұлттық хабарға айналып кеткен «Айтуға оңай...» бағдарламасы бүгін елдің елеңдеп үш айдан бері күтіп жүрген жаңалығын жариялады! «Мен кіммін?-3» хабарында Асанның анасы табылды! Көрші елден - Қырғызстаннан алып-ұшып келіпті!
Сонымен, белгілі жазушы Әшірбек Көпіш ағамыз айтқандай, "Айтуға оңай" тарихтың бір парағын ашты!
Талайлардың тағдырына араласып, тар жол, тайғақ кешулерден аман алып шыққан "Айтуға оңай" хабарын халықтық хабарға айналдырып, елдің аузының суы құрып жүретін ресейлік хабарлардың аузын ұрып кеткені үшін жүргізуші Бейсен Құранбек бауырымыз басқаратын бағдарлама ұжымына да зор алғысымызды білдіреміз! Ұлттық арнаны ұлттың арнасына айналдыратын осындай миллиондардың жүрек сезімін қозғаған әлеуметтік-халықтық бағдарламалар екені анық.
Ана жүрегінің құдыреті деген қиын ғой! Көргеннен "Асан-менің балам! Бермесеңдер жанында қалам, ол қай жерде болса, сонда болам"-деп баласы екеніне ДНК анықтамасы шықпай тұрып, құшақтай алды... Бауырына басып, жібермей жылаған құдіретті ана жүрегінің дүрсілі эфирден әлемге түгел естіліп тұрды! Бейсен Құранбек айтқандай, "Асан бабамыз жерұйығын іздесе, Асан баламыз өз ұйығын-отбасын іздеді..." Телеарнаға телмірген көрермендердің көбісі де "әй, осы қырғыз әйелі анасы болар, екеуі ұқсайды екен"-деп жүректері лүпілдеп отырды. Телеарнаның құдыреті деген осы!..
Отбасын тауып, ана құшағына бөленуге бірден бір себепкер болған қазақтың "Айтуға оңай" хабарына Асан да, анасы да мәңгі қарыздар шығар...
Шынында да, Айтуға оңай!..
Қазыбек Иса,
qazaquni.kz