Д.Абаев: «National Geographic Қазақстан» журналы отандық БАҚ үшін ақпараттық өнімнің озық үлгісі болады деп сенемін (фото)
2016 ж. 27 мамыр
3157
1
Мемлекеттік тілдің халықаралық өрісін ашатын «National Geographic Қазақстан» секілді жобаларды қолдау керек. Орталық Азия өңірінде тұңғыш рет жарық көрген «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесер рәсіміне арналған шара барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай мәлім етті.
Сөз арасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев «National Geographic Қазақстан» журналының шығуына Елбасы Н. Назарбаевтың өзі айрықша назар аударғанын, басылымның алғашқы нөміріне арнап ақ тілегін арнағанын атап өтті. Министрдің айтуынша, әлемдік журналдың Орталық Азияда алғаш рет қазақ тілінде шығуына Қазақстанның бастамашылық етуі де заңдылық. Өйткені, министрдің айтуынша, Қазақстанның жаһан жұртшылықтарына ұсынуға лайықты құндылықтары мен асыл жауһарлары өте мол.
«Адамзат өркениетінің дамуына орасан үлес қосқан, заманында әлемнің саяси географиясына ықпал еткен, мемлекеттердің шежіресі Қазақстанмен сабақтасып жатыр. Тасын түртсе тарихы сөйлейтін, Алтай мен Каспий арасындағы талайды тамсандыратын табиғаты, мәйекті мәдениеті мен қайталанбас салт-дәстүрі «National Geographic» үшін таусылмас тақырып болатынына күмән жоқ. Кешегі Абайдай дананың маржан ойларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген қазақ тілінің көркемдігін, сарқылмас байлығын танытатын да осы тұс деп ойлаймын. Тіл - жанды дүние. Оның дамуы, қолданыс ауқымының ұлғаюы қаулы қарарға, бөлінетін қаржыға ғана тіреліп тұрған жоқ.
Даурықпа ұрандардың да іс жүзінде пайдасы шамалы. Біздің мемлекеттік тілдің өрісін ашатын, оның қарым-қабілетіне өзімізді ғана емес, өзгені де сендіре алатын осындай сапалы жобалар қажет. Біз осындай жобаларды толықтай қолдауға әзірміз. Әлемдік брендті елімізге әкелген, оны жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, қазақ тілінде шығарып жатқан азаматтарға ризашылығымызды білдіргім келеді», - деді Д. Абаев.
«National Geographic Қазақстан» журналы отандық басылымдар үшін ақпараттық өнімнің озық үлгісі болады деп сенемін. Сондықтан да бүгін тұсауы кесіліп жатқан жаңа басылымға табыс тілеймін. Ақпарат айдынындағы қадамдарыңызға сәттілік тілеймін», - деді министр Д. Абаев.
Еске сала кетейік, «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесер рәсімі аясында Астанадағы Ұлттық музейде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрме өз жұмысын бастады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат