Елімізде 6879 ауыл, 29 аудан орталығы, 63 қала әл күнге дейін «Қазақ радиосы» тыңдай алмай келеді - сенатор
2016 ж. 26 мамыр
3719
2
Ақпарат ғасырында Қазақстанның бірқатар аудандары төл радиохабармен қамтылмай отыр Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Жабал Ерғалиев осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, елді ақпаратпен қамтамасыз етудің мәні мен маңызы арта түсіп отырған шақта Ақмола облысының Сандықтау ауданы 1996 жылдан бері радиохабарсыз қалып отыр. Бұл ретте аудан халқы елімізде болып жатқан жаңалықтарды, ішкі және сыртқы саясат мәселелерінен бейхабар қалып жататындығын және төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында арнайы хабар берудің өзі мүмкін болмай отырғандығын жеткізген.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның шекаралық аймақтарының елді мекендерін де жергілікті радиохабарларымен қамтамасыз етудің өзекті мәселесіне де назар аудару қажет. Өйткені, Қазақстанның 129 елді мекені Ресей Федерациясының, 393 елді мекені Өзбекстанның, 35 елді мекені Қырғызстанның, 24 елді мекендері Қытайдың радиохабарларымен қамтылып отыр. Сонымен бірге мемлекеттік радиохабарларымен, соның ішінде 29 аудан орталығы, 6 шағын қала, 100 мыңға тарта халқы бар 63 қала, әрқайсысында кем дегенде 5 мың халқы бар 6 879 ауыл «Қазақ радиосының», 112 аудан орталығы, 17 шағын қала, 100 мыңға тарта халқы бар 43 қала, әрқайсысында кем дегенде 5 мың халқы бар 4 937 ауыл «Шалқар» радиохабарларымен мүлдем қамтылмай қалып отыр», - деді Ж. Ерғалиев.
Осыған орай, сенатор еліміздің барлық аумағын өз еліміздің радиохабарларымен қамтамасыз ету мәселесіне Үкімет тарапынан айырықша көңіл бөлуді сұрады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат