Жер беру үшін, әуелі оған инфрақұрылым тартылуы керек - Қуандық Бишімбаев
2016 ж. 26 мамыр
2974
0
Жеке үй салу үшін жер алу мәселесі жуық арада реттелмейді, - деп хабарлайды Baq.kz .
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада өтіп жатқан экономикалық форум аясында журналитерге берген сұхбат кезінде айтты.
«Қазіргі уақытта кейбір азаматтар мемлекет жер бермейді екен немесе береді екен деген әрқилы пікір айтып жүр. Әзірше бұл бағытта заңға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Қазақстан азаматының жеке үй салу үшін жер учаскесін алуға толық құқығы бар екенін білесіздер. Ондай құқық заңда нақты белгіленген. Бірақ қазір экономикалық жағдайға байланысты әншейін сұраған адамға жер бере беруге болмайды. Өйткені жер беру үшін, әуелі оған инфрақұрылым тартылуы керек. Атап айтсақ, ауыз су, электр қуаты және тағы басқа қажетті құрылымдар. Міне, осы инфрақұрылымды тартуға бюджетте қаражат болмағандықтан біз осы мөлшерді қысқартқанбыз. Ал алдағы уақытта қаражат мәселесі шешілсе, жер сұраған азаматтарға жер телімі беріледі»,- деді министр.
Жаңа қызметке таяуда ғана тағайындалған министр Қазақстанның 7 облысында жеке үй салуға дайын инфрақұрылым барын жеткізді. Яғни, дайын жер телімі кезекте тұрған азаматтарға таратылмақ.
«Басқа облыстарда жергілікті бюджеттің мүмкіндігі болып, инфрақұрылым салынғанда халыққа жеке үй салуға жер берілетін болады. Бұл мәселе қаржылық мүмкіндікке қарай шешіледі. Ең бастысы, заң бойынша жергілікті әкімшіліктерге жеке үй салуға кез келген еліміздің азаматы өтініш тапсыруға құқылы»,- деді ол.
Сондай-ақ, Қуандық Бишімбаев «Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаевтың Қазақстан бойынша 1,2 млн. адам үй салуға жер кезегінде тұр деген мәліметтің қайдан алынғанын білмейтін болып шықты. «Мұндай мәліметтің қайдан алынғанын білмеймін. Оны нақтылау керек»,- деп жауап берді.
Дерек көзі: Baq.kz