Ең алдымен, ауыл шаруашылығы жерлерін паспорттауды жүргізуіміз керек - депутат
2016 ж. 26 мамыр
1875
1
Ауыл шаруашылығы министрлігінде өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссияның Құқықтық, экономикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыс тобының алғашқы отырысында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан солтүстікте бос жатқан шұрайлы жерлерді оңтүстіктің халқына беру керек деген ұсыныс айтты.
Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.«Біздің оңтүстік өңірлерде халық тығыз орналасқан жұртты солтүстік аймақтарда бос жатқан шұрайлы жерлерге көшіру керек. Бұл біздің елдегі жұмыссыздық пен демографиялық мәселелерін оңынан шешуімізге мүмкіндік береді», - дейді Бекболат Тілеухан.
Сонымен қатар, депутат жер мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
«Біз, ең алдымен, ауыл шаруашылығы жерлерін паспорттауды жүргізуіміз керек. Осы кезге дейінгі жерге қатысты барлық мәліметті жинастырып, орталықтандырғанымыз жөн. Агрофирмаларды құрып, ауыл шаруашылығы банкін құрғанымыз абзал. Сондай-ақ, елдің көкейіндегі тағы бір түйін жерді банкке кепілге қойып, ақша алуды қайта қарастырайық. Өйткені, жер банкке өтсе, оны банктер тауарға айналдырады», - дейді депутат.
Дерек көзі: BNews.kz