БАБА АТЫНДАҒЫ ҚОРДЫ БАЮ ҚОРЫНА АЙНАЛДЫРҒАН МҰҚАНОВ Әйтеке би әруағынан қорықпай ма?

БАБА АТЫНДАҒЫ ҚОРДЫ БАЮ ҚОРЫНА АЙНАЛДЫРҒАН МҰҚАНОВ

...Елден жырақ, Алматыда жүргенімізге ширек ғасыр болса да көңіліміз елде. Елден жеткен жылы хабар жүрек жылытады. Жаңалықтың жағымдысы сүйіндіреді, жағымсызы күйіндіреді. Бүгін қолыма қалам алдырып отырған жайт сүйініштен емес, күйініштен. Шағалалы Шардара, сулы да, нулы Шардара бүгін шулы Шардараға айналып отыр. Ойпырмай, тыныш жатқан елді ала тайдай бүлдіріп жүрген кім десем... Сөйтсем... Жұмеке, бір көшенің шаңын, бір көшеге қосып шаңдатып жүрген өзіңіз екенсіз ғой. Сізді көптен бері білемін. Сәлеміміз түзу. Үйіңіздің төрінде отырып, жеңешемнің қолынан шай да ішкенмін. Қойнауы құтқа толы Қызылдың құмы мен сұлу Сырдың суы жарасқан, кең даласына сай кез келген адамы кеңпейіл келетін кеңқолтық елге Шәмшіден бастап талай композитор ән арнап, Мұқағалилардай мұзбалақтар жыр арнағаны белгілі. Сол күміс керуенді көшке ілескен мен де Шардарада шабыт толқынында талай тербелген едім.

Шығармашылық бірлестікте (сөзін – сіз, әнін – мен) «Шағаласы Шардараның» атты ән де жазбақ болдық. Ән дайын болғанда сөз дайын болмай жүрді. Сол кезде-ақ сіздің ақындығыңызға күмән келтіріп қалып едім... тегін емес екен... Өйткені ақын адам айрандай ұйыған елді алақұйын қылып, әруақтарды алаламайды. Кейін мәтінді ақын Қазыбек Иса жазып шықты... Бұл әнді қазір белгілі әнші ініңіз Жұбаныш Жексенұлы республика сахналарында әуелете шырқап жүр... Жә, енді негізгі әңгімемізге көшейік. «Жас қазақ үні» газетінің 04.12.2010 жылқы №47-48 санында жарияланған Қазыбек Исаның «Үні бірге үш биден Әйтекені бөліп әкету Ұлы билер ұлағаты мен Елбасының ел бірлігі саясатына қарсы шығу!..»мақаласына кезек берсек. «Тірісінде де, өлісінде де бөлінбеген, бір ошақтың үш аяғындай болып, қазақ мемлекетінің отын тұтатып, ел бірлігін нығайтуға еңбек еткен үш биді, кез келген жерде, қатар айтылатын, қатар жазылатын, баспасөздің бәрінде бірге жазылатын, үлгі ескерткіш түрінде Астанада қатар тұрған, үш биді тарихта тұңғыш рет бөлектеген, ішінен Әйтеке биді жекелеп алып, жекелешелендірген Жұмабек Мұқанов болды. Үш бидің ескерткіші бола тұра біреуін бөлектеп алып, жеке ескерткіш тұрғызған жалғыз қала – Шардара болды... Тың игеру кезінде Бүкілодақтық қозғалыста сан ұлттың өкілдері бірлесе еңбек етіп, Шардара электр-станциясын салып, шағаласы мен шағылы жарысқан Шардара толқындарының ырғағымен Шардара қаласын салған еді. Содан бері де елу жылдай уақыт болыпты. Сол жарты ғасыр бұрын Шардараға Түркіменстаннан, Өзбекстаннан ағайындар көшіп келгенде де, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда 50-ші жылдардағы оралмандар да жергілікті халықпен бірге Шардара ауданының отын бірлесе жақты. Сол кездегі оралман бала Жұмабек Мұқанов енді-енді қолына қалам алып, Шардара өңірімен танысып, текті топыраққа тебіреніп өлең жаза бастаған кезі еді. Әрине, жалалы мақала емес... жалынды өлең жазып жүрген кезі болған соң, ақын кезі, ақкөңіл таза кезі еді... Сол жарты ғасырдан бері ынтымағына сай ырысы шалқыған Шардарада алауыздық, бөлінушілік, трайбализм дегендер тұрмыстық деңгейде болмаса, қоғамдық деңгейге көтерілмеген еді. Бірлігі жарасқан елде өсіп келе жатқан, өлең жазатын осы бала кейін сол бірлікті бұзатын, іріткі мақалалар жазатын редакторға айналады деп ол кезде ешкім ойлаған жоқ еді... Мұндай келеңсіздікті осындай алауыздыққа қарсы күресуі тиіс аудандық газет редакторы кейінгі 10 шақты жылдан бері қоздырып келеді». Иә, Жұмеке, сіздің осындай ерсі қылығыңыз жөнінде бұрын да еміс-еміс есітетінмін. Аз ғана қазақтың өзін алалап, бірді бірге соғып жүретініңізді өз қатарлас ағайындарыңыз да айтып жүретін. Алайда жел сөз ғой деп мән бермеуші едім. Сөйтсем... Мақалаға тағы да кезек берсек. «Біреулер кесене салады, біреу оны бар газетке «мен салып жатырмын, елден жинаған миллиондар сол кесенеге кетіп жатыр» деп, жеп қойған қыруар қаржыны жуып-шайып келеді. Біреудің еңбегін біреу заңсыз иелену - қылмыстық іске жататын, яғни алаяқтық екені бәрімізге белгілі. Сонда қордағы мол ақшаны қайда жұмсадыңыз, Жұмеке? Жыл сайын жылу жинайтын жиынына талай атпал азаматтар қаншама қаржы салғанын Мұқановтың өзі-ақ барлық газеттерге жазып тастаған. Менің өзім де миллион теңгеден тастаған 2-3 азаматты білемін. Ал республика бойынша қанша іскер жандар Әйтеке бидің әруағы үшін қаржы салды... Мұқанов «Әйтеке би» қорын жеке бас қорына айналдырып алып, тәу етуге тиіс ұлы баба есімін тәп-тәуір сауын сиырға айналдырып, аңқау елге арамза молда болып жүре бере ме сонда?! Судың да сұрауы бар емес пе? Әйтеке бидің шын ұрпақтары қайда? Қызылорда облысының әкімі кезінде ұлтжанды қайраткер, руханият білгірі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ұлы биіміз Әйтеке бидің кесенесін салу республика көлемінде шешілуі тиіс мәселе. Осында Әйтеке биге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біреу жылу жинап жүр, алданып қалмаңдар. Керек болса, Әйтеке би кесенесін өзіміз саламыз» деген болатын Қызылорда облыстық телеарнасында... Бұл сөз қысқарған күйінде республикалық телеарналардан да қайталанды...» Жұмеке, нарық заманында бұрын бір тырнағын ішіне бүккен «таланттары» тасада қалғандардың жолы ашылып, ұрылар мен алаяқтардың күні туғанын білеміз. Бірақ мен, біздер, өнер адамдары ұрлық-қарлықтан тазамыз деп ойлаушы едім. Сенуші едім. Алайда тасқа басылған мына жолдарды оқып отырып, сеніміме селкеу түскендей... «Жұмабек Мұқановтың жалықпай қайталайтын, шығарған бір кітабы мен бір фильмі әрі кетсе 1-2 миллион теңгеден аспайды. Айтпақшы, қор бұған ақша жұмсаған жоқ, өйткені Мұқановтың өзі бұл кітап пен киноны Маңғыстау облысы әкімі Қ.Көшербаев пен Шалқар ауданының әкімі демеушілік етті деп жазды «Егемен Қазақстан» газетіне. Сонда бұдан шығатын қорытынды не? Бұл Ұлы баба Әйтеке би есімін жеке қара басына пайдалану. Әйтеке би «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» дейді. Жұмабек ең болмаса, Әйтеке биге жиналған қордың қаржысын Әйтеке бидің өзіне жұмсамай, жеке мақсатына пайдаланған деген ой келеді. Әруақтың атын аспаннан түскен тегін тендерге айналдыру қашанға дейін созылады?..» Жұмеке, өткен тарихымызды менен артық болмаса, кем білмейсіз. Ел бірлігін сақтауға билерімізден бөлек, ақын-жыраулар, әуелеген әнін аспандағы аққудың үніне қосқан сал-серілер де үлесін қосып, қызмет еткен. Бүгінгі өнер адамдары да бабалар салған сүрлеумен жүреді деп ойлаушы едім. Бірақ мына тірлігіңізден кейін қателестім бе деп қорқамын... «Үш биден бөліп алғаны үшін тіріліп келсе, Әйтеке би әкеңді танытады...» Жеп қойған ақшаны жуып-шаюдың жаңа үлгісі – жоғарыда айтқанымыздай, Шардарадағы үш биден Әйтекені бөліп алып, ескерткіш орнату. Айтпақшы, бұған да қордың қаржысы кеткен жоқ. Маңғыстау облысының әкімі Қ. Көшербаевтың байғазысы ескерткіш ашылғанда, елдің көзінше табыс етілді... Ал үш биді бөлектеген бұл әрекетінің қоғамдық-саяси мәніне мән беретін болсақ, бұған дейін бұрын-соңды болмаған қоғамға жік салушылық, бөлінушілік Елбасының ел бірлігі саясатына жасалған ашық қарсылық. Оңтүстік Қазақстан облысына келе салысымен осындай бөлінушілікке, трайбализмге қарсы күрес бастаған, елді ынтымаққа шақырған облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырзаға көрсеткен қыры болу керек». Ел бірлігі-еліміздің басты ұстанымы екенін жақсы білуіңіз керек еді Жұмеке! Басқа-басқа, Әйтекедей ел көсемінің атын сатып, әруақты жеке бастың қамы үшін пайдалану-мұсылман баласына жат мүнафықтық екенін мешітке бір кірсеңіз-ақ біліп шықпайсыз ба? Әйтеке би дегесін әрең күн көріп отырса да, тапқанын бала-шағасының аузынан жырып, қорға әкеп салған қоралас ағайындарыңыздың бетіне қалай қарайсыз? Олар садақамыз ұлы бабаға кетті ме деп жүргенде, «ұры-қараға» кеткенін білген соң қандай күй кешіп жатқанын білесіз бе? Және әрбір жеке басты қорландыру әрекетіңіз елге іріткі салумен, шаңырағы бірлікпен көтерілген Шардарада шаң шығарумен көзге сүйел бітіруде. Өзім ауызекі елдің жеті атасын жіліктеп беріп жүрсем де, жікке бөліп көрген емеспін. Өмірден өткен композиторлардың артында мұрасын түгендеп, атын жаңғыртып жүріп жатырған жайымыз бар. Ал қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шырақшысы болып, шырылдап жүргенімді елдің бәрі біледі. Соңғы екі жылдан бері «Шәмші» атты республикалық журнал да шығарып, елдің қоғамдық-мәдени тынысына үн қосудамыз. «Сейтқұл әулие – Әйтеке би» кесенесін салушылардың бірі, Сейтқұл әулиенің ұрпағы Қаражан Сердалиевтің сұхбатын оқығаннан кейін, Жұмеке, сізден тіпті түңіліп кеткендей болдым. Сенбесеңіз өзіңіз оқып көріңізші. Миллиондарды жеп қойған Мұқанов кінәсін мойындап кешірім сұрады... – Сонда сіздер Әйтеке би кесене­сін салуға жанталасып, шапқылап жүргенде, кесенеге көк тиын қоспаса да, Жұмабек Мұқанов неге барлық газеттерді шулатып «біз кесенені қаржыландырып жатырмыз» деп, өзгенің еңбегін пайдаланып, жалған ақпарат таратқан. – Бұның ар жағы күрделі әңгіме. Ол әр түрлі газеттерге «біз салып жатырмыз, біз қаржыландырып жатырмыз» деген әңгімелерін көбейтіп кетті. Сол кезде кесене салушы 7 азамат қатты реніш білдіріп, заң орындарына берейік деп ойластық. Осы әңгіме құлақтарына жеткен болу керек. Шардарадағы «Әйтеке би» қорының президенті Жұмабек Мұқанов Маңғыстаудағы Өмірзақ Озғанбаев екеуі Шымкентке келіп, кінәларын мойындап, бізден кешірім сұрады. Мен Жұмабекке «мына кісілерді айта алмаймын, ал мен бұған қатаң қараймын» дедім. -Мұқанов барлық басылымдарда Әйтеке би кесенесін тек өзі салып бітіргендей желпініп жүр ғой. Анаған анша, мынаған мынша миллион жұмсадық деп бұрқыратып жазып та жатты жыл сайын... – Ол «Айғақ» газетіне берген сұхбатында «Әйтеке би кесенесі құрылысына Маңғыстау облысынан бөлінген 220 мың доллар жұмсалды» дейді. Тағы бір газетте 14 мың доллар ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін Өзбекстанға берілді деп жазады. Ал тағы бір газеттен оқыдым, ол Науаиы облысындағы қазақ қоғамымен бірлесе отырып, Әйтеке би кесенесі жанынан 20 гектар жерді бәлен жылға жалға алып, 20 миллион теңге төледік деген. Кезінде Өзбекстан Мәдениет вице-министрі – Ескерткіштерді қорғау комитетінің төрағасы Раушанбек Мансұровтың алдында осы әңгіме қозғалған болатын. Сонда Мансұров тұрып айтты: «Басқа елді қайдам, біздің Өзбекстанда бір метр жер рұхсатсыз ешкімге, ештеңеге берілмейді. Бұл бір. Екінші, ол 20 гектар жерді қайдан алып жүргенін білмеймін, бұл бейіттің жері. Ал молалар жатқан жердің маңынан бір қадым жерді менің рұхсатымсыз ешкім де жалға ала алмайды. Ал өзара сыбайласып жалған қағаздар жасатып алып жатса, онда менің қатысым жоқ. Үшіншіден, біз ешкімнен Әйтеке биге, кесенеге байланысты ақша алған жоқпыз» деп ресми мәлімдеді. Әрине, әр қалада үшбидің ескерткіші тұрса да артықтық етпейді. Ал үш би қатар тұрған жерде оның ішінен біреуін бөлектеп жекешелеп алып, тағы да ескерткіш салу, бұл кешірерсіз, ішті ірітіп бара жатқан трайбализмге ие бола алмау. Сол арқылы елді іріту. Ал осындай кезде ағайыншылап, «Онда тұрған не бар? Қалған екі биді де салып алыңдар» деп, бетіміз бүлк етпей тұру барып тұрған сауатсыздық пен жауапсыздық, алалаудың алдына түсіп алақайлап шабу болар еді. Ол бұның салдарының салқынын ойлаудан гөрі аталастың қарқынына болысып, араны өзіне бұра тартқан мүләйімдік. Мысалы мен өзім ән арнаған шежірелі Шардараға барып жүріп, үш бидің ескерткіші тұрғанына қарамай өзіме ұнаған бір алаңға: «Мына жерге Төле би бабамды орнатамын» деп алқымдасам қалай болады? Немесе қалың батысқа барып, Қазыбек Иса Қаз дауысты Қазыбек биді үш биден бөлек орнатып жатса, ол жақтағы ағайындар: «Ей, сенің мынауың не талтаң?» деп шыға келетіні айдан анық. Ал өзі үш бидің еңселі ескерткіші Астана мен Шардарадан өзге қай қалада бар екен... Үні бірге үш биді ұлықтап ескерткіш тұрғызып, елді ынтымаққа үндеп, ырысы шалқып жатқан Шардарада Жұмеке, сіздің бәрімізге ортақ бабамыз Әйтеке биді жекешелендіріп алуыңыз, Қазыбек Иса айтқандай, сол арқылы кесенеге жиналған миллиондарды жеп қойғаныңызды ақтамақ болғаныңыз, барып тұрған қылмыс! Нағыз көзге шел толған, шектен шыққан талтаңдық! «Жас қазақ үні газетінде жарияланған сіз туралы мақала мен Ақтаулық Қаражан Сердалиевтің сұхбатын 7-8 газет көшіріп басып, бүкіл елге тарайтын Аbai.kz интернет порталында ең көп талқыланған және ең көп оқылған шулы материалға айналуы, батыстан да, шығыстан да сойып салушылардың толастамай жатқаны сіздің кім екеніңізді айқындайды деп білемін. Тiптi сiздiң iсi­ңiз­дiң Алла кешiрмейтiн күнә еке­нiн алыс-жақын шетел қазақтары да қат­ты айтып жатыр www.abai.kz және www.qazaquni.kz сайттарында... Биліктегілер мен банкирлердің шетелге қашатыны бар еді. Сізге не жорық? Редакцияны атаңыздан қалған мұрадай ешкімге қимай, есік-терезесіне қара құлып салып, елден қашатындай сіздің де халықтың үстінен «жиған-тергеніңіз» көп пе? «Көп асқанға-бір тосқан» деген мақалдың тура айтылғанын қара басыңызға келгенде ғана бағамдап жатқан боларсыз. Елуінші жылдары Өзбекстаннан, Түркіменстаннан Мырзашөл мен Шардараға келген оралман ағайындарды құшақ жайып, қарсы алып, барын бөлісіп, дәмін ұсынған елдің кеңпейілдігіне керікеткен кесірлікпен алакөңілдік таныту адамшылыққа да, қазақшылыққа да жатпайтын іс екені әркімге де аян. Төрге шығарса да, төбесіне шығармайтын елдің сыйлағанды білмегенге сыбағасы дайын екенін білу үшін шіли көп ақылдың да керегі жоқ еді ғой, Жұмеке! Төрге табанының балшығын жағып кететіндердің көретін күні енді, осы, жүріңіз қашып-пысып... Мұны алдымен өз ағайындарыңыз айыптап жатқанын да естіп жатырмыз. Ақылға шақырған ардагер ағаларға анайылық танытуыңызға жол болсын. Жұмеке! Алпамыс батыр ұрпақтарының төзімі темір, асқан сабырлы екен. Біздің Бәйдібек ауданында 50 жыл емес, 50 күн тұрып, Шардараны шулатқан тірлігіңіздің 50 пайызын жасай алар ма едіңіз? Әлі де болса елді дүрліктірмей халықтан кешірім сұрап, елден жинаған ақшаңызды елге қайтарғаныңыз жөн. Сіздің елдің ақшасын жинап, елдің арасына іріткі салудағы көш ілгері тұрған жымысқы әрекетіңізді саяси астары қалың Астаналық Саммиттен кем көрмей, журналымыздың мұқабасына шығаруды жөн санадық. Сізге ұқсап, қаймағы бұзылмаған Үш бидің ұрпағын бөлгісі келетіндер болса, ойлансын дедік. Менікі түтіні түзу шыққан елдің отынын жағысу ғана. Артық көрсеңіз, өзіңіз білерсіз...

Қалдыбек Құрманәлі, композитор, Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек, Отырар аудандарының Құрметті азаматы «Шәмші» журналы №12, 2010 жыл