"Жер комиссиясы" қайта құрыла ма?
2016 ж. 15 мамыр
3285
4
«Алаш жолы» қозғалысы жетекшілерінің бірі Мақсат Ілиясұлы "жер комиссиясының құрамынан неге шыққандарын әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп түсіндірді.
Қадірлі ағайын, құрметті бауырлар, жерін қорғаушы батыр ұл-қыздарымыз, аға-інілеріміз, «Алаш жолы» қозғалысының мүшелері мен қолдаушылары!
Бүгінгі Үкімет жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы жиналысынан кейін «Алаш жолы» қозғалысының Ұйымдастыру комитеті шұғыл жиналыс өткізіп, нақты шешім қабылдады.
Үкіметтік комиссия жөніндегі халықтың күдігін толықтай расталды. Қатыстық, көрдік, көз жеткіздік.
Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік комиссияға шақырылған 75 адамның 70-і қатысты. Өкінішке қарай жер қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмасын, жалға да берілмесін деген ұстанымды сол 70 адамның 11-і ғана қолдады және комиссия шешімі дауыс беру арқылы қабылданатын болды. Бұл Үкімет өз дегенін істейді дегенді білдіреді. Жалпы комиссия жұмысында көптеген кемшіліктер орын алды. Атап айтқанда:
1. Комиссияның регламенті қабылданғанымен, оның заңдық, құқықтық мәртебесі белгіленген жоқ. Комиссия шешімінің құзіретінің қандай болатыны да белгісіз қалпында қалды. Бұл комиссия Президентке кеңес беруші ғана роль атқаратын сияқты. Комиссия мүшелері Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін кезде Парламенттің жұмысшы тобына қатыса ма, жоқ па ол да түсініксіз.
2. «Алаш жолы» қозғалысының 5 ұсынысы назарға алынбады. Атап айтқанда:
А) Комиссия Парламентте қайта құрылу керектігі туралы ұсыныс қолдау таппады.
Ә) Комиссияға «Алаш жолы» қозғалысынан қосымша 10 адам кіргізу туралы ұсыныс қабылданбады.
Б) Митингіге қатысқан азаматтарды қудалауды тоқтату туралы ұсыныс еленбеді. Ол аз десеңіз митингіге қатыспаған «Алаш жолы» қозғалысының мүшелері, белсенділері қудалануда.
В) Комиссия жұмысы тікелей эфирден көрсету туралы ұсыныс мақұлданбады. Есесіне, комиссия жұмысы туралы ақпараттар кейбір арналарда біржақты көрсетілуде, сын пікір айтқан комиссия жұмысына қатысушылардың пікірі эфирге шықпады.
Сондықтан, «Алаш жолы» қозғалысы бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басшылық ететін ҚР Үкіметі жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысына толықтай сенімсіздік білдіреді және комиссия құрамына кіргізілген «Алаш жолы» қозғалысының жалғыз белсендісі Мақсат Нұрыпбай комиссия құрамынан шықты.
«Алаш жолы» қоғамдық қозғалысының Ұйымдастыру комитеті