Апталық тағайындаулар: Қосылғыштардың орыны тағы да ауысты
2016 ж. 14 мамыр
2905
0
Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның 4 шет елдегі Төтенше және Өкілетті Елшілері тағайындалды. Мұнан бөлек, өңірлерде де жергілікті атқарушы органдарда бірен-саран кадрлық ауыс-түйіс орын алған болатын. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен, Жанар Сейдахметқызы Айтжанова Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып, Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып, Алтай Ибрагимұлы Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып, Үсен Әбдіқадырұлы Сүлеймен Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Ж.Айтжанова 1965 жылы 9 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Біріккен Вена институтын, Дж.Кеннеди атындағы Гарвард университетінің Мемлекеттік басқару мектебін (АҚШ) бітірген. 1993 жылдан бастап БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінде бағдарламаларды үйлестіруші болып қызмет атқарды. Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Даму бағдарламасы штаб-пәтеріндегі Еуропа мен ТМД Өңірлік Бюросының бағдарламалар жетекшісі болды. 2003 жылғы қыркүйектен бастап 2010 жылғы наурыз айын қоса алғандағы кезең аралығында Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі лауазымын атқарды.
2005 жылдың мамыр айынан Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердегі Қазақстан Республикасының арнайы өкілі болды. 2010 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі лауазымына тағайындалды. Ал 2011 жылдан ҚР Экономикалық интеграция істері министрі болып қызмет етті. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
М.Ілиясов 1974 жылы Алматы қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін, Монтана штатының Мемлекеттік университетін бітірген. ҚР Сырқы істер министрлігі Орталық аппараттының БҰҰ және Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының үшінші, екінші хатшысы болған. 1999 жылдан ҚР Президентінің Әкімшілігінде жұмыс істеді, Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болды.
Ү.Сүлеймен 1959 жылы дүниеге келген. Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің екінші, бірінші хатшы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің бөлім меңгерушісі, «Хабар» агенттігі» АҚ-ның сарапшысы, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері, Қазақстанның Түркіменстандағы Елшілігің кеңесшісі қызметтерін атқарған. ҚР Сыртқы істер министрлігі ғимаратында ерекше тапсырмалар бойынша елші лауазымы бар.
А.Әбибуллаев 1974 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Варшава университетін бітірген. Қазақстанның бірқатар шетелдегі Елшіліктерінде, ҚР Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі директорының орынбасары - ресми өкілі, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
СҚО әкімінің өкімімен Қазбеков Әрсен Айтбайұлы СҚО экономика басқармасының басшысы болып тағайындалды. Әрсен Қазбеков, 1980 жылы Целиноград қаласында туған. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін, қаржыгер; экономика және бизнес магистрі мамандықтары бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі экономика, қаржыландыру, бухгалтерлік есеп комитеті экономика және қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы болып бастады. 2003-2008 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі автомобиль жолдары комитеті экономика, қаржыландыру, бухгалтерлік есеп басқармасы бөлімінің бас маманы, басшысы болған. 2008- 2010 жылдары - ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі салаларды дамыту департаменті көлікті дамыту және коммуникациялар басқармасының басшысы; 2010-2013 жылдары - ҚР Қаржы министрлігі материалдық өндіріс саласындағы бюджет бағдарламаларын жүзеге асыруды бағалау және оның орындалуын сараптау, жоспарлау департаменті көлік, коммуникациялар және ақпарат басқармасының басшысы. 2013-2015 жылдары - ҚР Қаржы министрлігі өнеркәсіп, көлік, коммуникациялар және ақпараттандыру басқармасының басшысы болған.
Азамат Бауыржанұлы Бекет Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. А.Б.Бекет 1983 жылы туған, білімі жоғары, 2004 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін юриспруденция, 2009 жылы Экономика және құқық Академиясын қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1997-2001 жылдары - жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы. 2002-2003 жылдары - ересектер арасында Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі. Қазақстан Республикасының құрама командасында халықаралық турнирлерге қатысып жеңімпаз атанған, ТМД Қарулы Күштері спартакиадасының чемпионы, Орталық Азия ойындарының күміс жүлдегері. 2004-2013 жылдары Алматы, Астана, Орал қалаларында қаржы полициясы саласында қызмет еткен, қаржы полициясының капитаны. 2013-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.
Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың өкімімен облыстың индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып Нұрбек Қарасаев тағайындалды.
Қарасаев Нұрбек Қарасайұлы 1979 жылы туған, білімі жоғары. Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын «Казавтотрак-1» ЖШС-інде механик, әлеуметтік мәселелер бойынша менеджер болудан бастады, кейін «Арман» облыстық жастар орталығының директоры болды. Дін істері бойынша департаментті басқарды. «Мангистауагропромпроект» ЖШС атқарушы директоры, облыстық мәслихаттың экономика, бюджет және бюджетті жоспарлау бойынша кеңесшісі болды.
2014 жылдан индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болды. 2015 жылдан Маңғыстау облысы индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы болды.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың өкімімен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметіне Диляра Радикқызы Қайдарова тағайындалды, ол бұған дейін «Алматы онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды басқарған болатын.
Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты онколог-дәрігер, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Еуропалық жатыр мойны ісігіне қарсы күрес жөніндегі қауымдастығының мүшесі және Халықаралық қатерлі ісікпен күрес одағының мүшесі, Еуразиялық онкология федерациясының мүшесі және басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың мүше болып отырған Диляра Радикқызы Қайдарова 2006 жылдан Алматы онкология орталығын басқарды.
Рашид Әміров «Казкоммерцбанк» АҚ басқарушы директоры болып тағайындалды. Ал бұған дейін басқарушы директор қызметін атқарып келген Ариф Бабаев банк басқармасы құрамынан шықты.
Р. Әміров 32 жаста, корпоративтік қаржы, активтерді басқару, инвестициялық банкинг және қаржылық сараптама саласында басқарушылық және кәсіптік тәжірибеге ие. Күні бүгінге дейін Астана халықаралық қаржы орталығы басқармасының мүшесі, басқарушы директоры қызметін атқарып келді. Бұрынғы жылдары ҚР Ұлттық Банкінің монетарлық операциялар және активтерді басқару департаменті директорының орынбасары, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ корпоративтік қаржы департаментінің директоры қызметін атқарды. Рашид Әміров Қазақ экономика университетін және Манчестр бизнес мектебін бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Дерек көзі: ҚазАқпарат