Жаңа жылды қалай қарсы аласыз?
2010 ж. 28 желтоқсан
12075
4
Жаңа жылды үйде тойлаймын. Меніңше, бұл мереке отбасылық мереке. Сондықтан да, үй-ішіміз жиналып, әдемі дастархан жайып, бас қосамыз. Жалпы қазақтың жаңа жылы – наурыз. Ал біздің тойлағалы отырған қыстағы наурызымыз күнтізбелік жаңа жыл. Барлық елдер дәл осы күні ескі жылмен қоштасып, сандық жағынан келесі жылға ауысады. Яғни белгілі бір жылдың бітуі. Сондықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша тойлаймыз. Бірақ оны үлкен той ретінде өткізбейміз. Бұл жылда әрқайсымыздың арман-тілегіміз орындалса екен деймін. Қазақ елінің болашағы, дамуы біздің алаш азаматтырының ойлаған тілектерімен үндесіп, бірлікте болса екен деймін. Сосын, әрине, әрбір қазақ жерінде тұратын барлық халықтың әрқайсысының бастарына денсаулық, байлық тілеймін!
Әлихан БӘЙМЕНОВ,
«Ақ жол» партиясының төрағасы:
Негізі бұл мейрамды әрқалай тойлаймын. Былтыр Бурабайда болдым. Бұл мейрам қазір діни сипатынан айрылған. Кезінде ағылшын елінде орта ғасырларда діннің тазалығы үшін күресетін пулитандар деген топ болған. Бұл мейрамды мерекелемеу керек деп өз көзқарастарын айқындаған. Ал, қазір барлық елдердің жыл санауының өзгеруіне байланысты ол бізге әсер етеді. Бұлар шартты дүниелер. Оған адамның туған күні де кіреді. Баяғыда қазақтар жыл санауды тек наурызбен ғана өлшеп, күн жылығанда жаңа жылдың басы деп білсе, қазір де әлем болып жылдың басын бекіткен бірінші қаңтар күнін біз де тойлауымыз керек. Бұл күннен барлық адам баласы тек жақсылық күтеді. Сондықтан, бірінші тілерім, әркімнің өзінің межелеген биігі бар, орындалса дейтін арманы бар, сол армандарыңызға жетіңіздер, жаңа биіктерді бағындырыңыздар. Әркімнің адами, адамзаттық бақыт деген өлшемі болады, соның өлшемі бойынша әркім де өз бақытына жетсін. Еліміз тыныш болсын. Әрқайсымыздың отбасымызда береке-бірлік, сенім мен махаббат болсын. Жақын адамдарымыз аман болсын. Жаңа жыл табыстан табысқа жететін жыл болсын.
Темірхан МЕДЕТБЕК, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:
Жаңа жылды отбасыммен, үйде қарсы аламын. Қазір де жаңа жыл туралы көптеген пікірлер айтылып жатыр ғой, меніңше, мұны саясаттандырудың қажеті жоқ. Бұл кәнігі мейрам. Сондықтан да теріс жағын ашып, белгілі бір топтардың мүддесі деп қарау керек емес. Келесі жылы қоян жылы қазақта әрқашан да қиын болады. Қиындықты жеңер, рухани қуатымызды күшейтетін жыл болсын. Артымыздағы жастар ізімізді бассын, жақсы жаңалықтарға толы жыл болсын. Жастарымыз бар болсын, шетінен нар болсын дегім келеді.
Асылы ОСМАН,
тіл жанашыры:
Біз негізі бұл мейрамды Кеңес өкіметі тұсынан бері жетпіс жыл бойы тойлап келдік. Ендігіде, тәуелсіздігімізді алғалы өз басым тойламаймын. Шақырған жерге барып, көңіл қалдырмауға тырысам. Дегенмен, бұл мейрамды тойлауға қарсымын. Бұл түнде теледидардан түрлі бағдарламаларды көріп, үйде отырғанды ұнатамын. Бірақ арнайы үйге шырша қойып, үлкен мереке етіп өткізген емеспін. Жетпіс жыл тойлап келген мерекеміз ғой. Сонымыздан арыла алмай жүрміз. Тәуелсіздігімізді жақсылап тойлағанымыз дұрыс. Себебі жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қойғандай әсер етеді. Өзіңіз сұрағаннан кейін, құттықтауымды айтайын, бұл мереке барша қазақстандықтарға бақыт әкелсін. Бойдағы қуаныш жаңа жылда өздеріне серік болсын. Баянды бақыт, тыныштық, бірлік, достық, туыстық, сыйластығымыз тәуелсіздігімізге нағыз тірек болсын! Мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, татулық тілеймін.
Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ,
«Алаш» тарихи зерттеу орталығының президенті:
Бұл мерекені шампан ашып, кәдімгідей бір дүркіретіп тойламаймын. Міндетті түрде сағат тілінің он екіге баруын күтіп, бір ғажап дүние бола қалатындай етіп қабылдамаймын. Тек отбасымызбен теледидардан осы түні берілетін бағдарламаларды көріп, дастархан басына жиналамыз. Бұл жаңа жылды бүкіл әлем тойлап жатыр. Сондықтан бұған тыйым салмау керек деп ойлаймын. Бізде фанатизм бар. Бізге негізі өмірге реалды тұрғыда қарау керек. Жақында бір жерде шырша мерекесін тойламау керек деп уағыз айтып жатыр екен. Құлшылық пен мерекені ажырату керек. Мысалға, мешіттің алдына барып, шырша қойып, соған құлшылық жасап жатса, ол басқа әңгіме болар еді. Ал шырша мерекесіне ешкім құлшылық жасап жатқан жоқ қой. Әлі де осы мәселеге зер салып қарауымыз керек. Ислам дінінде туған күнді де атауға болмайды делінеді. Неге? Мен бір жыл өмір сүрдім бе, олай болса, өзіме-өзім есеп беруім керек. Өткен жолды еске алып, салауат айтып, келер күнге бағыт жасап отырамын. Сол секілді, өткен жыл бізге несімен ерекшеленді, келер жылға бағытымыз қандай, міне, осы мәселені қарау керек деп ойлаймын. Мысалы Қазақстан саясатын алайық. Біреулер жуырда өткен саммитті сынап жатыр. Меніңше, ол дұрыс. Ол – сыртқы саясатымыздың мықтылығы, беріктігі. Мен жақында Құрама Штаттарда болып келдім. Барлығы да елбасымызды мойындап жатыр. Әрине, кемшін тұстарымыз да бар, ол мейлі ішкі саясатта болсын, мейлі басқада болсын, бірақ бұлардың бәріне үстірт қарай беретін болсақ, қиынға тап болатын секілдіміз.
Тілегімді айтар болсам, келесі жылы елімізде Азиада болайын деп жатыр, міне, сол жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Жаңа жыл бізге құт-береке алып келсін. Халқымыз бірлікте болып, жастарымыз аман болсын. Алладан ұрпағымызға жақсы тәрбие нәсіп болсын.
Әзімбай ҒАЛИ,
саясаткер:
Жаңа жылды үйде қарсы аламыз. Дастархан жайып, ет асамыз. Туысқандарымызбен, балаларымызбен, достармен бас қосамыз. Ал, менің ойымша, «рождество» мерекесін тойламау керек. Қазір де көп жерлерде қаптап кеткен шырша тойы болмау керек сияқты. Біздің жаңа жыл, әрине, наурызда. Мұны пәлендей үлкен мейрам деп есептемесем де, жақын адамдарымызды құттықтау жөн. Бірақ бұл жаңа жылдың бір мәні, әркім де өткен жылда өзіне не бітірдім деп есеп беру керек деп ойлаймын.
Еліміз аман болсын. Жұмыс бабымыздан, қызметімізден айрылмайық, жұмыссыздар жұмыс тапсын деген ниетім бар. Себебі бұл ең үлкен мәселе. Кәсіп алға жылжысын. Әрбір жанға тіршілік көзі ашылсын. Денсаулығымыз жақсы болсын!
Ардақ ҚҰЛТАЙ