ҚОЯН ЖЫЛЫ ҚОЯНША ҚОРҚАҚ БОЛМАЙЫҚ!

Барыс жылы барымызды қазанға салдық. Қоян жылы қорымызда не қалды? Жұртта қаншалықты ой бар, билік не нәрсеге алаңдайды? Ол жағы әзірге беймәлім. Мұсылман пендесінің әдетімен алдағы күнге үмітпен қараймыз, жақсылық күтеміз.

Қоян жылы тарихқа ылғи да аты шулы оқиғалармен жазылып отырған. Бұл жыл жұт, аштық, ауыртпалық, бейнетпен қазақ халқының есінде қалған. 1867-1868 жылы жалпақ қоян жұты, 1879-1880 жылы үлкен қоян жұты, 1891-1892 жылы кіші қоян жұты, 1915-1916 жылы тақыр қоян жұты болды. Қазақ даласында көп мал қырылып, адамдар өлді. 1962-1963 жылдары да малды аудандарда көп мал қырылды. Қазақ еліне Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заман 1723 қоян жылы келді. Қоян жылы Абылай хан өмірге келді (1711 ж.).

Ал, алдағы қоян жылы өмірге және билікке кімдердің келіп, кімдердің кететіні бір Алланың ғана құзырында.

Елімізде алдағы қоян жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің ұйғарымымен Вокзалдар жылы болып жарияланды. Темір жолдың жүрегі болған вокзалдар жақсарса, қан тамырындай қотыр жолдарымыздан қоянша секеңдеп жүрмейік дегеніміз шығар. 2011 жылы жаңадан қабылдап алынған 83 вокзалда күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып, бұл мақсатта бір млрд теңге бөлу көзделіпті. Тек таза жолмен игіліккке жұмсалсын!

Дегенмен, вокзалдардың да өзіне тән қыры мен сыры да аз емес көрінеді. Мәселен, Алматы облысындағы вокзалдарды қайтарып алу жұмысы кешеуілдеуде. Себебі жергілікті атқарушы билік вокзалды теміржолға өткізумен бірге Ұлттық компанияға елді мекенді сумен қамту жүйесін де қоса алуын талап етуде.

Павлодар облысында бірқатар нысандар әлі құзырлы мекемеге берілген жоқ. Ең қиыны - Екібастұз вокзалы банкіге кепілдікке қойылған.

Маңғыстау облысында Маңғыс­тау стансасының вокзалы алдағы бес жыл бойына жекеменшік иесінің басқаруында болады. Себебі меншік иесі оны жөндеуге көп қаржы жұмсаған көрінеді.

Аспанда ұшақтың жолы алаңсыз, жерде вокзалдар мен вокзалдарды тұтастыратын темір жолдар теп-тегіс болса, машина жолдың президент жүретінінен басқасының қисықтығы түк етпес. Тыңдар құлақ болса, қоян жылы қоянша қорқақ болмайық деп айтып отырмыз, әрине!

Десе де, ағайын, қоян жылымыз әлі кірген жоқ. Біздің жаңа жылымыз  22 наурызда басталады.

Ж.ШАЯХМЕТ