ТАЛАСБЕКТІҢ «ТАЛТҮСІ»
2016 ж. 11 мамыр
2624
0
КҮЙ ЖИНАҒЫНЫҢ тұсаукесері.
Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) – күйші, жазушы, зертттеуші, кинодраматург. Байжігіт күйшінің (18 ғ.) мұрасын, Кет-Бұға (13 ғ.), Қотан-тайшы (13 ғ.), Тәттімбет (19 ғ.), Жүнісбай Стамбаевтың ұмытылған күйлерін біздің заманға жеткізген домбырашы.
CD-альбомға 73 күй енді. Байжігіт пен Тәттімбет күйлерімен қатар, бұрын-соңды жарық көрмеген Қотан тайшы, Қасабай, Қызылмойын Қуандық, Ақай қажы, Аққыз, Жүнісбай Стамбаевтардың күйлері және Таласбек Әсемқұловтың өзі шығарған 8 күйі топтастырылған.
Жаңадан жарияланып тұрған күйлер Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының фольклор лабораториясынан (жетекші Саида Дәукеева), Таласбек Әсемқұловтың, Сәуле және Гсавье Аллестер (Франция), Мүслім Әмзе, Бақтияр Аманжолдың жеке мұрағаттарынан алынған.
Жинаққа Таласбектің нағашы атасы, ұстазы Жүнісбай Стамбаевтың 1965 жылғы аудиожазбасы енген. Жүнісбай Стамбаев (1891-1973, Айғыз, ШҚО) екі романның бас кейіпкерінің прототипы: М. Мағауиннің "Көкбалақ" романындағы Тоқсаба және Т. Әсемқұловтың "Талтүс" романындағы Сабыт. Жазба 2015 жылы Санкт-Петербургте қалыпқа келтірілген.
Жүнісбай күйшінің бұрын белгілі «Қоңыр қаз» күйіне енді тағы 6 күй қосылып отыр, жиыны 7 күй.
Тұсаукесердің құрметіне марқұмның ізбасар шәкірттері домбырашылар Сәрсенғали Жүзбаев, Қайрат Айтбаев, Рүстем Нүркенов, Айтолқын Тоқтаған, Ақжусан Иманғазықызы және қобызшы Ақнар Шәріпбаева ұйымдастырған концерт өтеді. Концертті ақын Ербол Алшынбай жүргізеді.
Кіру - тегін. Келіңіздер, ата-баба үнін естиік.
CD-альбомға енген күйлер туралы толығырақ Т.Әсемқұловтың оtuken.kz сайтынан оқи аласыз.
Өтетін орыны: Астана, Ұлттық Академиялық кітапханасы
14 мамыр 2016 жыл, сағат 12:00-де qazaquni.kz