Ақсақал болса, аузына келгенін сөйлей ме?

d0b0d0b7d0b8d0bbd185d0b0d0bd1

Ал, сатып кеткен зиялыларға айтарымыз - «сенген қойым сен болсаң...»

«Қазақ әдебиеті» газеті 15-желтоқсан 2009 жылғы нөмірінде ақсақал жазушы, есімі елімізге кеңінен танымал Әзілхан Нұршайықовтың Мұхтар Шахановқа хатын жариялаған. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінің тұрақты оқырманымын. Осы хатқа байланысты өз ойымды білдірмекпін. Әділі керек, Әзілхан аға хатында Мұхтардың елге, халыққа еткен жанкешті ерліктерін нақты дәлелдермен атап өткен. Ел үшін, халық үшін ердің ерінің ғана қолынан келетін батырлығын айтқанына ризашылығымды білдіремін. Халықтың көпшлігінің ойын дөп басып, Мұхтар жайлы жылы лебіз білдіргені, ақсақалдық танытқаны өте дұрыс болған. Мұхтардың дос ағасы ретінде ең әуелі мақтап алып, кейіннен ренішін білдіргені дұрыс шығар. Бірақ, ол ретімен, жөнімен болса. Қазақтың, ата-бабаларымыздың сал­тында ақсақалдық жасаған дуалы ауызды кісілер екі жаққа да тиесілі сөзін айтып, бәтуалық жасаған. Ал, Әзілхан ағаның бұл жерде бір жақты кеткендігі көрініп тұр. Мұхтарға тағатын кінәлары: «Аттан-Аттан деп айқай көтердің», «Іргеден су жіберуге ұқсайтын мінез көрсеттің», «Аяқ астынан ахуал туындатып, елді екіұдай халге түсірдің», «Аштық жариялауды ерлік емес, ездік, есерсоқтық» деп санайтынын айтқан. Әзілхан ағаның бұл сөздері ақсақалдық емес, қайта отқа май құйғандық деп санаймын. Мұхтар сияқты парасатты азаматқа өзінің әрекеттерін азаппен мың толғанып жасайтын азаматқа қайдағы бір жеңіл-желпі бас бұзарлық теңеулерді қолданғаны Мұхтардың беделін түсірудің амалы деп білемін. Осы сөзімен Мұхтар жайлы айтқан жоғарыдағы жылы лебіздерін жоққа шығарып отырғаны қайран қалдырады. Мұнымен қоймай, Мұхтарға қолдау білдіргендерді, ұлт зиялыларын «Әсіресе ұлтшыл, желөкпелерге» теңейді. Олардың арасында парасат пайымы өзінен кем емес тұлғалар бар екендігін ескермейді. Ақсақалмын деп оңды-солды ретсіз, жөнсіз сөйлеуге ағамызға кім кепілдік берген? Әзілхан аға, «Ел бірлігі» доктринасын жасаушыларды «мүлт кетпеді, жаза баспады» дей алмаймыз деп, олардың қателігін ағаттыққа балайды, оған жаны ауырып, жүрек сыздайтындығын айтады. Жаны ауырып, жүрек сыздатып қиналғанша, ойындағы шерін, айтатын сөзін төгіп-төгіп билікке неге батыл айтпайтыны түсініксіз. Сонда екі жаққа айтылған сөз бәтуалы, нағыз ақсақалдық деп айтар едім. «Жас алаштың» 15-желтоқсан 2009 жылғы номірінде ұлт зиялыларының билік өкілдерімен кездесуіндегі сөй­леген сөздері жарияланды. Сірә, Әзіл­хан аға бұл газетті оқымаған болуы керек. Оқыса жоғарыдағы қолайсыздау теңеулерді айтпауы керек еді. Ал оқи отырып айтса, онда ақсақал ағамыздың парасат пайымының қандай екендігі белгілі болып отыр. Ақыл-есі бүтін адамға ұлт зиялыларының айтқан сөздерінде жалақорлық атымен жоқ, елді дүрліктіріп отырғандар нақты дәлелмен келтірілген. Олар­дың келтірген дәйектерін әрбір ұлтжанды азамат тебіренбей оқымауы мүмкін емес. Бұл орайда ақын-жазушылардың, зиялы қауымның көрнекті өкілі, парасат пайымы өз әріптестер арасында оқ бойы озық Дулат Исабековтың сөзінен үзінді келтірсем артық болмас. «Билік тыныш жатқан жыланның құйрығын басып алды. Кезінде Алаш ардақтылары айтқан «Оян, қазақ» деген сөз халыққа енді әсер еткендей болды. Ұйқыдағы қазақ енді оянды. Ешкімді ереуілге жинап, көтеріліс жасап, билік орнынан кетсін деп ұрандатқан жоқ, өз ұлтын сақтап қалу үшін оянды». Тағы да, «Бәріне көніп жатырмыз. Тәуелсіздік алғалы қазақ жүз рет ереуілге шығатын оқиға болды, бірақ бәріне үнсіз көнді». Бұл шындық емес пе? Мұны Әзілхан, Әбіш, Олжас, Шерхан, Мырзатай секілді қайраткерлер көрмей, білмей отырған жоқ, бірақ үндемейді, неге? Ал, мен болсам осы аталған кісілердің барлығынан да Дулат Исабековтың жазушылығын, қайраткерлігін, азаматтығын жоғары санаймын. Көпке топырақ шашуға болмайды, Әзілхан аға! Осы жиында халық әртісі Асанәлі Әшімовтің айтқан сөздері сай-сүйегіңді сырқыратады. Ұлтым, елім, халқым деп Отанын шексіз сүйген Асанәлі Әшімов сияқты азаматты «әсіресе ұлтшыл, желөкпелердің» қатарына қосуға бола ма? Ал, Досхан Жолжақсыновтың мәлімдемесінде «Қазақстандық ұлт» идеясын қолдайтындығы мәлім болды. Атамыз қазақта «сенген қойым сен болсаң...» деген мақал бар еді, одан басқа айтарым жоқ. Зиялылықтан садаға кетсін! Данышпан Абай қазақтың кейбір теріс мінездеріне күйініп өткен ғой дүниеден. Оның ішінде «Сорлы қазақ сол үшін, алтыбақан алауыз» деген сөздері біздің қазіргі қоғамға дәл келіп тұр. Жөнді сөзге тоқтау жоқ, жөн еместі шындыққа теңеп дәлелдеу басым. Мен ұлтжанды көп оқырманның бірі ретінде өрем жеткенше өз ой-пікірімді білдіріп отырмын. Біреудің беделіне орынсыз тиісуден аулақпын. Сөзімнің соңында Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың бұдан 80 жыл бұрын қазақтың зиялы қауым өкілдеріне арнап айтқан сөздерін келтірсем артық болмас деп санаймын. «Зиялы қауым өкілдері – сендер адаспаңдар, сендер адассаңдар – халық та адасады» деген. Тобаш ЕМБЕРГЕНҰЛЫ Қызылорда қаласы