Қазақ спортшысы төртінші рет әлемдік рекордты жаңартты
2016 ж. 05 мамыр
2193
0
Португалияның Фундшал қаласында паралимпиялық жүзу спортынан Еуропа ашық чемпионаты өтіп жатыр. Бұл туралы Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымовтың ақпары бойынша egemen.kz хабарлады.
Оған 52 мемлекеттен 453 спортшы қатысуда. Жарыстың екінші күнінде Зүлфия Ғабидуллина 50 метрге еркін жүзуде тағы да әлем рекордын жаңартты. Ол аталған қашықтықты 43,22 секундта жүзіп өтті. Осыдан бір ай бұрын, 6-10 сәуір аралығында Нидерландының Эйндховен қаласында өткен кубок жарысында Зүлфия Ғабидуллина 50 метрге еркін жүзуде үш рет әлем рекордын жаңартқан еді. Енді, міне ол тағы да әлемдік рекорд жасап отыр.
Қазақстандық спортшы алғаш рет 2013 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем чемпионатында әлемдік рекорд жасаған болатын. Одан кейін Еуропа ашық чемпионатында бес рет әлем рекордын жаңартты.
Биылғы Еуропа ашық чемпионатына Зүлфия Ғабидуллинадан басқа Әнуар Ахметов, Сиязбек Далиев, Андрей Афанасьев, Наталья Звягинцева, Қуаныш Асқар, Роман Агалаков, Марина Дубинина, Мансұрбек Ибрашев, Дмитрий Ли, жаттықтырушылар Владимир Загородний, Наталья Манохина мен Сәния Асулова қатысып жатыр. Оларды жарысқа Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушы Ерназар Бексұлтанов пен жүзуден аға жаттықтырушы Саттар Бейсембаев бастаған барды.
Дерек көзі: ҚазАқпарат