Атақты саясаткер ортақ валютаның орға жығатынын айтты
2016 ж. 23 сәуір
2500
1
Ортақ валюта орға жығады. Бұдан аузы күйген Еуропа одақ құрып жатқан елдерге бұл қателікті қайталамауға кеңес берді деп хабарлайды КТК арнасы.
ДЖЕК СТРО. ФОТО: RIA.RU
Батыстан келген саясаткерлер ашып айтпаса да, Еуразиялық одақты түйреп өткені белгілі. Бұдан бөлек, Еуразиялық медиа форумда мұнай бағасы, қарулы қақтығыстар мен алып державалардың өзара текетіресінен жазықсыз жандардың құрбан болып жатқаны ашық айтылды.
Әрине, өз ойын айтуға әркімнің-ақ бар таласы. Алдымен әлемдегі №1-ші тақырып мұнай бағасы сөз болды. Құнның құлдырауы дамыған Еуропа елдерін де, кәдімгідей есеңгіретуде. Оның үстіне ОПЕК «қара алтын» өндіру мен оның бағасына қатысты әлі келісе алмай тығырыққа тіреліп отыр.
Осы жерде пікірталасқа Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі қызу араласты. Ол мұнайдан бұрын Еуропаның шатқаяқтауын ортақ валюта енгізуден көреді. Джек Стро ортақ ақша Еуразиялық одаққа жақсылық әкелмейтінін меңзегендей.
"Ортақ валюта енгізуді «ақымақтық» дер едім. Қазір Еуропа осының кесірінен зардап шегіп отыр. Сондықтан, әр мемлекеттің төл ақшасы болуы тиіс. Ал, ортақ ақша түрлі түсінбеушіліктер туғызып, дағдарысқа соқтыруы мүмкін", - дейді Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Джек Стро.
Дереккөз: КТК арнасы