Алматыда үй шатырына снариядқа ұқсас зат құлады (фото)
2016 ж. 13 сәуір
1746
0
Қарасай ауданында үйдің шатырына құлаған нысан зымыран оғының бөлігі болуы мүмкін. Қарасай аудандық прокуратурасы Қаскелең қаласындағы жекеменшік үйдің төбесіне снарядқа ұқсас нысанның құлағанын растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаскелең тұрғынынан қалалық №1 өрт сөндіру бөліміне қоңырау 2 наурыз күні сағат 15.00 шамасында түскен. Үй иесі аспаннан қауіпті нысанның құлағанын хабарлайды. Салдарынан үйдің шатырының бір бөлігі бүлінген.
"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 1-бөлігіне ("Суық қаруды алып жүру аңшылық кәсіпшілікке байланысты болған жағдайды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, сол сияқты тиiстi рұқсаты жоқ жеке тұлғаларға, ұйымдарға қару-жарақты және оған оқ-дәрілерді сауда ұйымдары жұмыскерлерiнiң сатуы") сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді прокуратура қызметкерлері.
Қарасай аудандық прокурорының орынбасары Асылбек Аянның айтуынша, нысан Алматыдағы Сот-сараптамалық институтына жарылыс-техникалық сараптамасынан өткізуге жіберілді.
Бүгін, 13 сәуірде сараптама нәтижесі белгілі болды.
Сот-сараптамалық институтының қорытындысына сәйкес, "тексеруге берілген нысанның жарылғыш зат емес екені" анықталды. "Ол "зымыран оғының бөлігі" болуы мүмкін", - делінген прокуратура жолдаған Сот-сараптамалық институтының құжатында.
Қазір тергеушілер зымыранның бөлігі қайдан келуі мүмкін екенін анықтау үстінде. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Дерек көзі: Tengrinews.kz