Тіл – ұлт тағдыры

Сүйемін мен шексіз ана тілімді,

Онсыз бір сәт көре алмаймын күнімді.

Жүрсем де егер қиыр шалғай алыста

Өз тілімде шығарамын үнімді.

 

Қазақ тілі – халқымыздың асыл қазынасы, баға жетпес байлығы. Бойыма анамның ақ сүтімен дарыған ана тілім мен үшін қасиетті де киелі. Жалындаған жас жүрегіммен ұлан-ғайыр жерімді, ашық, жарқын қазақ деген елімді сүйсем, алмастай өткір ана тілімді солай сүйемін.

Қазақстанның күннен-күнге қарыштап дамуына байланысты қазақ тілінің мерейі мен мәртебесінің өсуіне қарамастан, ана тіліміздің байлығын бағаламай, қадірін білмейтін, туған тілінде таза сөйлей алмайтын жандардың іс-әрекеті жүрегіңе қанжар сұғып алғаннан бетер қинайды. Шамасы «адам аласынан сөз аласы жаман, от шаласынан сөз шаласы жаман» дегенде, сөз қадірін білетін халық туған тілінің тазалығын сақтамай, киесі мен құтын қашырған адамдардың қойыртпақ сөзіне қынжылғанын айтса керек.

«Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» демекші, беталдына жүйесіз сөйлеу тіліміздің шұбарлануына әкеліп соғады. Ал таза сөйлей алмау деген ұғым мәдениетіміздің төмен екенін білдіреді. Олай дейтін себебім, ана тілін сыйламаған жанның туған елін, туған жерін, ата-анасы мен ұлтының саллт-дәстүрін сыйлай қоюы екіталай. Тіл тазалығын сақтамау деп адамдардың сөз аралығында шетелдік сөздерді, әсіресе, орыс сөздерін орынсыз қолдануын айтады. Бейімбет Майлин бір өлеңінде:

Значит, так сказать, нақыл болды,

Жел қайдан шықса соған жақын болды, -

деп орысша мен қазақшаны араластырып сөйлейтіндерді сынайды.

Ана тіліміздің шұбарлануы тек ауызекі сөйлеу кезінде ғана емес, сонымен қатар, жазбаша түрде де өрескел бұзылуда. Көбінесе, газет-журналдарда, баспасөз беттерінде көпе-көрнеу қателер тайға таңба басқандай менмұндалап, анық көрініп тұрады. Сонда мұндай сауатсыз жазылған кітаптарды оқыған балалардан, жасөспірімдерден қандай сауатты, білікті адам шықпақ? Олардың күні күңгірт, ертеңі бұлыңғыр болмай ма? Бұл тек басы ғана. Ал жүрегіңді шын жаралайтын ащы шындық өз тілінде сөйлей алмайтындардың жағдайы. Олар өзге тілде сөйлеп, жат елге еліктеп кеткендер. Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатов «Ана тілі» атты өлеңінде:

Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ! – деген екен. Ақын тілімен айтқанда, егер бойында бір түйір адамдық қасиеті, ар-намысы бар жан болса, тілі мен дінін, елі мен жерін ешқашан естен шығармауы керек.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - дейді атам қазақ. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай бұрылса, соңғысы да солай қозғалады. Демек, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бүгінгі аға буындардан кейінгі ұрпақ не үйренеді?

Сонда келесі буынға қазіргі адамдар не мәні, не сәні жоқ шылдыр-шатпақ тілдерін қалдырмақ па? Онда елдігімізден, ерлігімізден не пайда? Ана тілін ардақтай алмаған адам қиын-қыстау күн туғанда Отан үшін отқа түседі дегенге сенбеймін. Сондықтан, тіл мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Себебі, тіл – мемлекет, ұлт тағдыры. Әрбір Қазақстан азаматы қазақ тілін сүюге, қадірлеп, қастерлеуге міндетті. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын, аспаны ашық болып, кемел келешекке нық сеніммен, зор үмітпен қадам баса аламыз.          

     

Алматы облысы, Жамбыл ауданы,

Сарыбай би ауылы, Қарасу орта

мектебінің 11 «а» сынып оқушысы

Мөлдір Бекжан