Бас газетке басшы тағайындалды

erkin «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамына жаңа басшының тағайындалуына байланысты жиын болып өтті. Онда Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов сөз алып, аталған акционерлік қоғам жарғысының 47-тармағы 15-тармақшасына сәйкес шығарылған бұйрықты оқып берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Бұйрыққа сай Еркін Сағындықұлы Қыдыр 2016 жылдың 11 сәуірінен бастап «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып сайланды.

Вице-министр өз сөзінде Еркін Қыдырға жаңа қызметте сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді. Ол сондай-ақ, осы уақытқа дейін редакцияға басшылық жасап келген, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған Сауытбек Абдрахмановқа газетті ұзақ жылдар табысты басқарғаны үшін рахмет айтты.

Өз кезегінде Сауытбек Абдрахманов ұзақ жылдар қызметтес болған ұжым мүшелеріне алғыс сезімін білдірді.

Еркін Қыдыр 1962 жылы 1 тамызда туған. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін – журналистика, 2007 жылы Қазақ жол қатынастары университетін экономика және басқару мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1984 жылы Шымкент қаласындағы қорғасын зауытында слесарь болып бастады. 1985-1990 жылдары сол кездегі Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып қызмет атқарды. 1990-1996 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болды. 1996-2006 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары, 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғары тәртіптік кеңестің мүшесі, 2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының директоры және 2008 жылдан 2009 жылдың 7 мамырына дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті болып қызмет етті. 2009 жылдың 7 мамырынан бүгінге дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары (вице-президент) қызметін абыроймен атқарып келді.

Бұл еңбектері лайықты бағаланып, 1999 жылы журналистика саласы бойынша Президент сыйлығының лауреаты, 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Еркін Қыдырдың қаламынан туған шығармалар «Ұсақтама, Үкімет» (2001 ж.), «Отырар» (2009 ж.) кітаптары болып жарыққа шықты. Отбасылы. Үш баласы бар.

Еламан Қоңыр

Дерек көзі: egemen.kz.