«ӘКЕ ҚОРЛЫҒЫ» фильмі – қазақтың сүйегіне түскен таңба
2009 ж. 29 желтоқсан
5722
5
Астана гуманитарлық колледжінде негізінен болашақ ұстаздар даярлайды. Мұнда білім алған жастар, келешекте оқу бітіріп, ұстаз болып, мектепке барады. Сондықтан «жаманнан жиренсін», мұндай «сұмдықтан» аулақ болсын деген оймен Султан Мавлановтың «Әке қорлығы» деген фильмін көрсеттім де алған ойларын қағаз бетіне түсіруді өтіндім.
Біз үлкендер көбінесе «жамандықтан жиренеді» деп жамандықты көрсетеміз, айтамыз. Ал, өмірде керісінше шығып жатқанына «неге бұлай болды?» деп бас қатырамыз. Студенттердің жазғанын оқып отырып, тәрбие беретін емес, қателесіп «азғындыққа тәрбиелейтін фильм» көрсеткеніме өкіндім. Өйткені өсіп келе жатқан жастар, ұлтшыл, намысшыл, ақылды екен. Соған қуандым. Студенттердің жазбаларынан үзінділер келтірейін.
Утеулина Тұмар: «Бұл фильмді көрген, әкелері бар қыздар әрине жиіркеніш сезімін сезді. Қызын зорлап жатқан жерін түсірмей-ақ қойса да болар еді. Бұл фильм барлық әкелердің атын қорлап, балаларына «монстр» етіп көрсетіп, оларға еш құрмет болмау керек деген насихат жүргізіп отыр.
Сүйінжанова Айбота: «Қасиетті Түркістанның жаман, кір жерлерін тауып алып, киелі жерді сосын қазақ халқын күлкі, келеке етіп аяққа таптау. Жастарды әкелеріне қарсы тәрбиелеу, ұйып отырған отбасына от салу. Бұл киноны көрген кез келген қыз, әкесін қаншалықты жақсы көріп келсе де күдікпен қарайтын болады».
Шакиртова Айдана: Менің ойымша, Султан Мавланов деген өзге елдің баласы. Сондықтан оған қазақ халқын қорлай салу түкке тұрмайды.
Қалиева Қархабат: Түркі жұрты Түркістанды қасиетті деп құрмет тұтады. Сол түркі жұртының қасиетті қаласын кірлегісі келген адамның ісі. «Әке – асқар тау» деген мәртебені құлатты. Фильмді бірінші арнайы сарапшылар қарап сосын экранға рұқсат беру керек еді. Кинодағы қызда зиратқа, марқұм анасының басына шалбар киіп барғаны дінді құрметтемеушілік. Қыздың зарлап ән айтуы, аяныш емес жиіркеніш туғызады.
Еменова Перизат: Бұл фильм біздегі әкелерін аңсап жүретін, әкесі жоқ қыздардың ойын өзгертіп «мұндай әкелердің болғанынан болмағаны жақсы» деген арам ойды айытқызып, ер адамдарға деген сүйіспеншіліктеріне кір келтірді. Балалары әкесіне «сен», «сен» деп зіркілдесе, ағасы мен қарындасының қарым-қатынасы әйелі мен күйеуінің арасындағы әңгіме сияқты анайы. Фильмдегі қазақ тілі тұрпайы, шолақ, мағына-мәнсіз, сылдыр су сияқты еш әсер қалдырмайды.
Ғалия: «Бұл фильмді сауатсыз мәңгүрттер түсірген. Оны басынан аяғына дейін көріп отырдық. Ұлтына деген патриоттығы жоқ. Не үшін түсіргеніне түсінбедім? Қыздардың сүйген жігіттеріне сенімсіздікпен қарап, араларына түсінбеушілік кіргізеді. Себебі, «осыған тұрмысқа шыққанда, ертең дүниеге қыз әкелсем, зорлап жүрмей ме?» деген арам ойларға жетелеуі мүмкін.
Арісләмбек Медьянов: Менің түпкілікті ата-бабам да Астаналық... Фильмді түсірген адам тың игеру кезінде ашылған совхоздарда өзге ұлттармен өзге тілде өсіп қазақты жек көріп өскен шығар. Түркістанның тумасы өз Түркістанын, түркі халқының рухани астанасын қорлап мұндай кино түсірмесе керек. Ойдан құрастырғанына қарағанда негізінен түбінде бір шикілік бар шығар. «Түркістан – киелі емес», «Ол екінші Мекке емес», «Қожа Ахмет Йассауи ешкім емес» деп езеурейтіндер қуанып жатқан шығар.
Мұсабекова Индира: Мен Степногорск қаласында қалың орыстың арасында өстім. Отбасымызбен ардақ тұтатын Түркістан – Қазақстанның ең қасиетті, иманды, таза әлемдік дәрежедегі қаласы. Түркістанның тамаша көрікті, киелі жерлерінде салт-дәстүрімізді, тамаша әдет-ғұрпымызды насихаттайтын, әлем көретін фильм түсірмей ме? Ахмет Йассауи бабамыз жатқан қаланы, дінімізді былғау кімге керек болды.? Неге, бізде барлығымыз жабылып әкелерді алқаш, хайуан етіп кино түсіріп жарысамыз?. Шетелдіктер қуана алып кетіп, көріп, күлмей ме? Қазақ деген халық әлі сол жабайы күйлерінде, ХХІ ғасыр болса да қыздарын зорлайтын топас күйлерінде қалыпты деген пікір қалыптаспай ма? Біздің Ел басшыларымыз шет елге барғанда олардың халқына қалай қарайды? «Қыздарын зорлайтын елдің басшылары» келді демей ме? Біз керісінше жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып, ата-бабадан қалған асыл мұраларымызды неге дәріптеп көрсетпейміз?
Фильмнің басынан аяғына дейін грамматикалық қателер өріп жүр. Қазақ тілінен сауатсыз, орашолақ, дүбара, оқығансымақтардың еңбегі бұл.
Сахова Ботагөз: Кешегі Кеңес Одағынан қалған әдебиеттердің, көркем фильмдердің көбісі қазақ ұлтынның тек кемістігін көрсеткенге ұқсап, салт-дәстүрімізді қорлап, асыл-қасиеттерімізді мысқылдап, мазақ қылады.
Қашанғы кем жерімізді шұқылап басқаға өзімізді төмен қылып көрсетеміз. Соның кесірінен жастар өз ұлтын ардақтауға, мақтануға намыстанып «Қазақ оңбайдыны» көп айтады. Неге, «шынайы өмірді көрсетеміз» деген желеумен қазақты жамандағандар «жақсы» атанып, шет елден атақ-даңқ алады? «Азғын» фильмдердің бірі «Келін» қазақтарды «Абыройсыз» қылу арқылы «Оскарға» ұмтылып жатыр. Қазақты қорлап, ақша тауып, атақ алып байығандар қазақ еместер.
Қуатова Ақмаржан: Шетелге еліктеген Султан бірінші «ақша» табуды көздеген. Мен Султанды өзбек деп білемін. Неге ол өз фильміне өзбек отбасын түсірмеді. Бізде 130 ұлттың өкілдері тұрады. Солардың біреуін неге мысалға алмады. Қойдан жуас қазақ бар, қорғаушысы жоқ, қорлаушысы көп, сосын бәрі басынады.
Арайлым: «Фильм «дәріптегендей» әкелеріміз осындай сұмдыққа бара беретін болса, қыздарымыздан да ұят кететін болады. Жамандықты көрсете берсең, жамандықтан көз ашпайтын боласың. Бүгінгі жас ертең есейгенде «көргенін» істейді».
Әлібекова Махаббат: «Петропавловскідегі асқар таудай ардақты әкем-ау. Түйсіксіздер сіздің атыңызды қорлап, арамызға от салып, мені сізден жирендірмекші. Ол бола қоймас.
Әке! Мен сізді өте қатты жақсы көремін! Аллаға мыңда бір рақмет, маған сіздей ең аяулы, ең жақсы әке бергеніне. Мен сізді мақтан тұтамын. Алладан кейінгі піріміз сіз!» ...
Иә, жастардың ренішінде шек жоқ. Өйткені қазіргі таңда болып жатқан қатігездік, зорлық-зомбылық, азғындық күнделікті теледидардан көріп жүрген фильмдердегідей дәлме-дәл күнде қайталанып жатыр. Фильмнің атауының өзінен-ақ, қазақ қадір тұтатын ер азазаматтарды табалауға шақырады.
Қазақ мемлекетін масқаралап әлемге паш еткен, айдан да алыстағы «Борат» атымен танымал Саша Барон Коэнмен шайқасып, қылышымызды қиға шаптық. Өз елімізден шыққан «бораттар» айдаладағы Боратқа қарағанда миллиондаған есе масқара әкеліп жатқанда үндемей қалғанымыз не?. Қазақтың кай еркегі өз қызын зорлап еді. Борат- Султанның туындысы «Оскар» алып жатса таң қалмас едім.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, орталық барлау басқармасыныің басшысы Аллен Даллестің 1947 жылғы АҚШ конгресінің жабық есік жағдайында өткен жиылысында:... Соғыс аяқталды, енді тіршілік біртіндеп түзелуге бет алып, дүние тыныштала бастады. Біз әлемге өз үстемдігімізді жүргізу үшін қолымыздағының бәрін, алтынымызды, басқа да байлығымызды, бар күшімізді басқаларды ақымақ, мәңгүрт етуге жұмсауға тиіспіз. Адамның миы, санасы өзгеруге бейім. Дүниені алақұйын етіп, басқалардың асылын жасанды жасыққа айналдыру және солардың жасанды жасығын «асылым» деп қабылдауға мәжбүр етуіміз керек... (Шындықты айтып отырмын -деп қазақты жамандайтын ақымақ тірлігіміз сияқты)... Жезөкшелікті, зорлық–зомбылықты, айуандықты, сатқындықты, яғни ұятсыздық атаулыны дәріптейтін суреткерсымақтарын қолдаймыз ...
Борат-Аллен Даллес-Султан - үштік одақтың мақсаты бір сияқты. «.... Бала кездерінен жасөспірім шақтарынан шырғалаңға душар етіп, әбден азғындатамыз, қыздарын абыройдан жұрдай етеміз. Сөйтіп олардан түйсіксіз, отансыз тобыр жасаймыз... – деген жоспарларын шетелдіктер келіп әуре болмай-ақ іштен шыққан режиссерлар атқарып отыр. Бір қызығы «Әке қорлығы» фильмін түсірген «BAS» студиясының белгісінде Американың қасиетті құсы-ақ бас бүркіттің суреті бейнеленген. Неге оның суретін алды екен? Ақша үшін қазақтың ұлттығын жоятын мұндай киноларды кім болса сол түсіре беретін болса, түбінде қазақ іріп-шіріп, құрып кетпей ме? Бұл фильмге кеңесші болған Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, С.Сейфуллин атындағы орта мектеп, трансформатор заводынан «Бұларың не?» деп айтатын бір жөні түзу, сауатты адам табылмағаны несі? Сансыз сұрақтар қазақтың басын қатырып отыр.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ
АСТАНА