«ЕЛ АНАСЫ» - ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖОЛЫНДА

81617031e9318e4f76b86b7f8109eaa5_LҮстіміздегі жылдың ағымдағы айында «Ел анасы» әдеби-танымдық, отбасылық журналының №2 саны жарық көрді. Айына бір рет, қазақ тілінде жарық көретін бұл журналдың бас редакторы Мәдина Махамбетқызының айтуынша, басылымның мақсаты – журналдың негізгі кейіпкері атанған ақ жаулықты аналар мен ақ самайлы әжелердің өмір жолы, айтқан әңгімесі арқылы оқырманға ой салу екен.

Осындай керемет ниетте жарыққа шығып отырған журналды шығармас бұрын, редакция алқасы оқырмандарына «Басылымның сатылымынан түскен қаржының 10 пайызын «Зекет» қорына аударып отырамыз» деп уәде еткен. Бүгін, 2016 жылғы 5 сәуірде Мәдина Махамбетқызы «Зекет» қорының Астана қалалық өкілдігіне келіп, «Ел анасы» журналы редакция мүшелерінің атынан уәдеге сай садақасын табыстады.

Аллаһ тағала «Әл-Бақараһ» сүресінің 267-аятында былай деген: «Ей, Иман келтіргендер! Табыстарыңның ең тазаларынан (Алла жолында) жұмсаңдар». Ислам ғалымы Мүжәһидтің айтуынша, осы аят сауда жайында түскен. Әбу Зәррден (р.а.) жеткен хадисте: «Нәби (с.ғ.у.): «Түйенің де өз садақасы бар. Қойдың да өз садақасы бар. Ірі қара малдың да өз садақасы бар. Матаның да өз садақасы бар», -деді». Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) осылай бұйыруы да сауда мүлкінен зекет беру парыз екендігіне дәлел. Олай болса, Алла разылығы үшін осындай игі шараны ұйымдастырып отырған «Ел анасы» журналының ұжымына «Зекет» қоры өз ризашылығын білдіре отырып, басылымның өміршең болуын тілейді!

ҚМДБ, «Зекет» қоры

Астана қалалық өкілдігінің Баспасөз қызметі