Мемлекеттік қызметкерлер смартфонның кесірінен жұмысынан кешігіп жатыр...
2016 ж. 04 сәуір
2436
0
Министрліктер үйінің төртінші кіреберісінде смартфонның бар-жоғын тексеру салдарынан ұзын-сонар кезек қалыптасты деп хабарлайды BNews.kz.
«Бізді Министрліктер үйіне ұялы телефондармен кіргізбей жатыр. Осының салдарынан үлкен кезек қалыптасты. Бізді екі апта бұрын ескерткен. Тек, бірінші күні кейбіреуі ұмытып кеткен болар, кейбіреуі іссапарда болды. Сондықтан, олар үйлеріне қалдыра алмады. Мен, өз басым смартфонсыз келдім», - дейді ҰЭМ «Статистка комитеті ақпараттық-есептеу орталығы» бас маманы Ерлан Қарабаев.
Оның айтуынша, ғимараттағы жәшіктер тек келушілерге арналған, ал қызметкерлерге қарастырылмаған. Қызметкерлерге блютуз, диктофон, камера мен интернет функциялары жоқ қарапайым телефон ұстауға рұқсат етілді. Тек қоңырау шалу мен смс жіберуге болатын телефондар жарайды.
«Мұнда смартфонмен келген адамдар да бар. Олар ескертуді ұмытып кеткен болар. Оларды өткізбей, кері қайтарып жатыр. Олар әріптестерінің машиналарында смартфондарды қалдырып, телефонсыз кіруге мәжбүр», - дейді Ерлан Қарабаев.
Ал Статистика комитетінің баспасөз хатшысы Динара Әлімова қызметкерлерге бұл туралы бір ай бұрын ескертілгенін айтады.
«Біз сәуірден бастап смартфонмен келуге тыйым салатын хат негізінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көбі қарапайым телефонмен келді, тек бүгін бірінші күн болғандықтан, күзетшілер оларды тексерді. Смартфон алып келген қызметкерлерді күзетшілер көліктерінде қалдыруды өтінді. Болашақта қызметкерлерге де арналған арнайы жәшіктер болады», - дейді ол.
Баспасөз хатшысының айтуынша, бұған дейін планшет пен ноутбуктерді әкелуге болмайтын. Жұмысқа қажет болғанда хат негізінде әкелуге болатын.
Дереккөзі:"Нұр" кз.