"Ең дарынды болашақ журналист» анықталуда

236c975735c36f3b0a78e3f67b40bfaeӘл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті 24-25 наурызда ҚР ЖОО арасында «5В050400 – журналистика» мамандығы бойынша «Ең дарынды болашақ журналист» тақырыбында дәстүрлі пәндік олимпиада өтіп жатыр.

Дарындыларды даралайтын, талаттыларды екшейтін білім бәйгесіне Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Күлтегін» командасы атынан Журналистика және саясаттану факультетінің озат студенттері Кенжебаева Назым, Тоқсанбек Әйгерім және Қоңқабаева Айнұр бақтарын сынап жатыр. Журналистика мамандығының сапасын арттыруды, талантты да білімді, үздік студенттерді анықтауды және студенттердің өзіндік ой-көзқарасын қалыптастыру мен креативті ойлау қабілетін арттыруды, журналистік шеберліктерін дамытуды, сондай-ақ, ақпарат ғасырына бейімделген болашақ журналистердің жаңа медианы меңгеру деңгейін анықтауды және қоғамдық пікірге үн қоса білуге және өзекті мәселелерді талдауға үйретуді көздейтiн аталмыш олимпиада 2 турдан тұрады. I турда студенттер "Қазақ журналистикасынын тарихы", "Журналистика негiздерi", Шетел журналистикасы", "Тележурналистика" негізгі пәндері бойынша тест тапсырса, II тур бойынша «Ең үздік фото»; «Ең үздік бейнесюжет»; «Ең үздік онлайн жазба» номинациялары бойынша бақтарын сынайды. Екі турдан тұратын білім додасы дәл қазір өз мәресіне жетіп қалды. Алғашқы бөлімде теориялық білімдерін сынға салған студенттер екінші турда шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Олимпиада бағдарламасына жоғары оқу орындарының базалық пәндері бойынша тест сұрақтары енгізілген.

Байқауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универитетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің, Ш.Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университеті, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің командалары қатысуда.

Елiмiздiң түкпip-түкпipiнен 9 команда қатысқан олимпиадада төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында танымал фототілші Асылхан Әбдірайымұлы, Т. Жургенов атындағы Өнер университетінің доценті Ерлан Акчалов бар.

Биылғы додадада жеңіске жеткен команда келесі жылы пәндік олимпиаданы өткізбек.

Әйгерім Тоқсанбек

qazaquni.kz