"ЭКСПО"-ның экс-төрағасы сот алдында жауап беретін күн жақын
2016 ж. 16 наурыз
2089
2
Мемлекеттің миллиардтарын жымқырды деп айыпталған тағы бір лауазымды шенеунік - Талғат Ермегияевтың соты өтетін күн белгілі болды деп хабарлайды КТК арнасы.
«Экспоның» экс-төрағасы алдағы жұма күні, яғни наурыздың 18-інде сот алдында жауап береді. Күллі елдің назары ауған процессте миллиардтар айналған ұлттық компаниядағы біраз былықтың беті ашылатын түрі бар.
Былтыр маусым айынан бері Есілдің сол жағалауындағы пентхауста үй қамақта отырған Ермегияевқа тағылған айыптың ауқымдылығы сонша, қылмыстық іспен танысға 8 ай уақыт кеткен. Оған халықаралық көрме құрылысына бөлінген 4 миллиард 200 миллион теңгені ұрлады деген айып тағылып отыр.
Тергеу материалдарына қарағанда «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев өзінің кеңесшісі Қажымұрат Үсенов және басқарушы директор Суламбек Баркинхоевпен бірігіп, ақша жымқырған. Топ-менеджерлер қазына ақшасын өздеріне тиесілі компаниялардың есепшотына аударып, қолма-қол шешіп алып отырыпты.
Ермегияевпен ауыз жаласқан бұл екеудің де істері сотқа жетті. Бірақ миллиардттап ақша жеді деп күдікке ілінгендердің бірде-бірі кінәсін мойындап отырған жоқ.