Тәуелсіздік көшесінде таяқ жеді
2010 ж. 14 желтоқсан
1447
0
Тұрғындардың қарызын қайтарып алу үшін қастарына сот орындаушылары мен журналистерді ертіп кезекті рейд жұмыстарын өткізген «Өскемен жылу жүйесі» АҚ қызметкерлері күтпеген қарсылыққа тап болды.
Тәуелсіздік көшесіндегі 79-үйдің бір тұрғынына қордаланған қарызын төлеу үшін ескерту жасап келген бұл топқа пәтер иесі есік аша салысымен былапыт сөздер жаудыра кеткен. Коммуналдық қызметкерлер тұрғынды сабырға шақырып, төленбеген қарызы үшін үйдегі теледидарды алып кетуге мәжбүр екендіктерін айтады. Мұны естіген қожайын мүлдем ашуға булығып, өз теледидарын өзі шағып тастайды. «Өзгеге де, өзіме де жоқ» дегені болса керек. Мұнымен қоймай, ызалы қожайын болған жайды түсіріп жатқан оператордың бейнекамерасына жүгіріп, оны гүл отырғызылған ыдыспен шағуға тырысқан. Онысы ойынан шықпаған соң, ішінде майы бар табаны сол жердегі бір журналистің басына төңкерген. «Мұндайды күтпеген рейд жасаушылар тәртіп сақшыларын көмекке шақыруға мәжбүр болды», – дейді «Өскемен жылу жүйесі» АҚ өкілдері.
Енді «тентек» қожайын осы бұзақылығы үшін заң алдында жауап беретін болады. Жалпы, коммуналдық қарыздарды өтеу туралы ескерту жасайтын өкілдер мұндай қарсылықтарға жиі ұшырайды. Бірақ осыншалықты «белсенді» қарсылық алғаш рет тіркеліп тұрған көрінеді.
Елмейір АХМЕД