«ЕЛ БІРЛІГІ» ДОКТРИНАСЫНДАҒЫ АМЕРИКАНДЫҚ МҮДДЕ ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВҚА АШЫҚ ХАТ

2
1250

Мұхтар ШАХАНОВ


Жуырда Нұрлан Оразалин басқаратын «Қазақ әдебиеті» газетінің №52-ші санында әдебиетіміздің белгілі тұлғаларының бірі, енді үш жылдан кейін 90-ның тұ¬ғырына қонғандардың қатарын то¬лықтыратын қадірменді қариямыз Әзілхан Нұршайықовтың «Мұхтар Шахановқа хат» атты мақаласы жарияланыпты.
Әдебиетіміздің ақсақалы хатында менің 1986 жылғы Желтоқсан шындығын ашуда және қазақ тіліне «мемлекеттік тіл» дәрежесі берілу тұсында жасаған істеріме жоғары баға бере келіп: «Ел үшін, халық үшін ымырасыз әрекетке барып, жалаңтөстік таныту – ердің ерінің ғана қолынан келетін батырлық екенін білеміз», – деп мадақтайды. Жоқ Әзеке, мен ешқандай ерлік, батырлық жасаған емеспін. Азаматтық борышымды, міндетімді атқаруға ғана талпындым. Менің орнымдағы кез келген адам осындай мінез көрсетуге тиісті еді. Сондықтан да мен мемлекеттік деңгейдегі марапаттаулардың бәрінен жариялы түрде бас тарттым. Әйтпесе елге, ұлтқа деген адал пейіліңнің өзін арамдыққа бұрып жататын кейбіреулер «осы істердің бәрін Шаханов «халық қаһарманы», немесе «еңбек ері» атағын алу үшін жасады» деуі әбден мүмкін ғой. 
Жақында теледидардан Мемлекеттік марапат алып жатқандарды және сол оқиғаның алдында ғана әдебиетіміздің классиктері арасынан суырыла шығып, билікті көзсіз мадақтаудағы сан жылдық ерен еңбегі үшін, көзіне жас ала тұрып, көсемнің қолын сүю бақытына ие болған бір ағамызға қарап, өзімнің әлгі топтан әлдеқайда тәуелсіз, әлдеқайда шыншыл, биліктің туфлиін мұртымен шөткелеуге бейім пенделіктен мүлде ада, өзгеше сезімнің, өзгеше бақыттың адамы екенімді сезіндім.
Әрине, мен әдебиет, өнер қайраткерлері арасында әзірге өзім ғана ұстанған бұл бағытты ешкімге таңбаймын. Биліктің ерекше дараланған адамдарды марапаттап отыруы қажеттігін де жоққа шығармаймын. Бірақ биліктің қолдауымен, еліміздің бір кезгі ортақ байлығын туған әкесінің мүлкіндей иеленуге мүмкіндік алған, кез келген заңдастырылған алаяқ ұрының кем дегенде екі орден, үш медалі бар екенін, солардың қатарында жүргім келмейтінін, бұл саладағы әділеттіліктің тым әлсіреп кеткеніне қарсы екенімді ғана ұғындырдым…
Әзілхан аға маған жолдаған хатында былай дейді:
«Ал аяқ астынан елді елеңдетіп, қоғамды дүрліктірген «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасының жобасы әңгіме арқауына айналғаннан бері, сенің нілдей бұзылғаныңа алаңдай бастағанымыз жасырын емес. Бірін¬шіден, «Ел бірлігі» деген ұғымның соншалықты оғаш көретіндей не әбестігі бар еді?»
Әзеке, Сіз «Ел бірлігі» доктринасының «американдық ұлттан» бастау алатынын білмейтін бе едіңіз? Әлде білсеңіз де билікке шексіз сенгендіктен біздің пікірімізбен санасқыңыз келмей тұр ма? Рас, «Ел бірлігі» доктринасында жұртты шатастыру мақсатында «американдық ұлт» пен «қазақстандық ұлт» тіркестері алынып тасталған. Кейбір депутаттар: «Ел бірлігі» доктринасында «қазақстандық ұлт» деген атымен жоқ. Белгілі бір топтар маңызды құжатқа жала жабуда» деді беттері бүлк етпестен. Халықты көзін бақырайтып қойып алдауға көшкен кім сонда? «Ел бірлігінің» басты мақсаты көп ұлттан бір ұлт жасау екендігі айдан анық. Сондықтан онда жазылған «Мемлекеттік тілді және өзге ұлт өкілдерінің тілін дамытамыз» дегеннің бәрі бос сөз, жұртты алдарқату үшін енгізілгенін талай рет айттық. Өйткені тілдерді дамытуға «американдық ұлттың» табиғаты мүлде жібермейді. Бұл туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХІ съезінің баспасөз мәслихатында тайға таңба басқандай былай деп шегелеп айтты:
«…мы идем к самоидентификации – быть единым народом Казахстана. Вот, например, американцы состоят из сотни народов и наций, но называются американцами. Никто там не называет друг друга китайцем или корейцем. А твоя нацилональность – это твое дело… И это правильно. Потому что одна страна должна жить одним народом».
Бұл аз десеңіз сол «Ел бірлігі» доктринасының талқылауға ұсынылған нұсқасында: «Этностық емес, азаматтық қауымдастық құруға бағытталған бастапқы таңдау – келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланады. Этностық ерекшелігіне қарамастан елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екенін уақыт көрсетіп берді» делінген.
Сіз тағы да былай депсіз: «Аттан!», «Аттан!» деп айғай көтермей-ақ, доктрина жобасын жасаушыларды келелі диалогқа шақыруға сенің беделің де, парасатың да, азаматтық ерік-жігерің де жетеді. Іргеміз бекіп, ел болып санатқа толық ілігіп келе жатқан шақта іргеден су жіберуге ұқсайтын мына мінезің көңілімізге сыймай тұр, Мұхтар-жан! Қара қылды қақ жарып әділетін айтатын болмысыңды білсек те, аяқ астынан ахуал туындатып, елді екіұдай халге түсіргеніңді құптамаймын, қалқам!..
Қазір елді беталды әбігерге салудың жөні де, жосығы да жоқ. Сондықтан аштық жариялап, ата-бабамыздың қанында жоқ салттан бойымызды аулақ ұстайық. «Құл қашамын деп қорқытады» дегендей, мұның не, шырағым-ау?»
Егер біз айқай көтеріп, аштық жариялауға бел бумағанымызда бұл доктрина Тәуелсіздік күніне дейін, немесе осы жылдың аяғына дейін қабылданып кетер еді. Өйткені Президент әкімшілігі басшыларының бірі Астанада өткен дөңгелек үстелде бұл құжаттың ЕҚЫҰ-ға үлгі ретінде ұсынылатынын сездірген болатын. Құжат қабылданып кеткенде «мен – қазақпын», «мен – орыспын», «мен – украинмын», «мен – ұйғырмын» деп айта алмайтын, айтсақ жауапқа тартылатын жағдайға душар болар едік.
Тәуелсіздік туын көтерген – 16 желтоқсан күнгі сағат 10-ға дейін республика бойынша бізбен бірге аштық жариялаушылардың тізімі 3 мыңнан асып жығылды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Б.Сәдуұлы басқаратын «Желтоқсан ақиқаты», Б.Иманқожа басқаратын «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестіктерімен бірге халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың анасы Дәмеш апай мен Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова, елімізге белгілі Тұрсынбек Кәкішев, Мекемтас Мырзахметов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Софы Сматаев, Төлен Әбдік, Ғаббас Қабыш, Бейбіт Қойшыбай, Советхан Ғаббасов, Қазыбек Иса, Нұрғали Нүсіпжанов, Болат Атабаев, Мереке Құлкенов, Аманхан Әлім, Әшірбек Сығай, Аманғазы Кәріпжантегі, Зәкір Асабаев, Ұлықпан Жолдасов, Сәкен Майғазиев, Саят Медеуов, Уәлибек Әбдірайымов, Бекжан Тұрыс, Бейбіт Қорған және басқалар бастаған ғалымдар, жазушылар, әртістер, әншілер тобы егер билік өзіне қойылған талапты орындауға уәде бермесе бізбен бірге аштық жариялауға отыратынын мәлімдеді.
«Ел бірлігі» доктринасы арқылы жұрт күтпеген тұстан қазақтың ұлттық мүддесінің қыспаққа түсуі кеудесінде оты сөнбеген әр қазақтың намысын оятты деп айтуға толық негіз бар. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ұзақ жылдар бойынша қалғып кеткен ұлттық намыстың қайтадан бас көтеруі екені даусыз. Тіпті біздің билікпен келісімге келіп, республика халқына тоқтау айтқан сөзімізден кейін де еліміздің түпкір-түкпірінен жолданған хаттар, соғылған телефон қоңыраулары, Атыраудан, Шымкенттен, Қызылордадан, Павлодардан, Ақтөбеден, Жаңаөзеннен, Тараздан, Өскеменнен Алматыға ұлтжанды азаматтардың ұйымдасқан түрде топ-топ боп жиналуы осының айғағы. Билік үшін бұл күтпеген жағдай еді. Олар бүкіл халықтың Желтоқсан көтерілісі кезіндегідей бірлесіп көтеріліп кетуінен қауіптенді. Әйтпесе біздің қойған талаптарымызға және аштық жариялаушылардың атақ-абыройына биліктің пысқырмауы да әбден мүмкін еді. Билік сөзсіз қалың қауымның ояна бастаған ашу-ызасынан қаймықты.
Республика бойынша барлық жоғарғы және арнаулы оқу орындарына, мектептерге, мекемелерге Білім, ғылым министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қауіпсіздік комитеті және жергілікті әкімшілік тарапынан «арандатушылардың» ықпалына еріп алаң¬ға шықпау қатаң тапсырылыпты. Тапсырманы орындамағандардың «Тасжарған» газетінде Павел Шульц жазғандай, тек оқу¬дан, жұмыстан шығарылып қана қой¬май 3 жылдан 5 жылға дейін жауапқа тартылатыны да ескертіліпті. Студенттердің көпшілігін 13-желтоқсаннан бастап үйіне қайтару қолға алынған. Ұлттық мүддеден қызметін биік қойған ректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері, мектеп директорлары, мұғалімдер жас өскіндерді, өзге де әртүрлі мамандық иелерін алаңға жібермеуге жанталасып бақса керек. Бірақ билік бізбен келісімге келмегенде бұл істің аяғы үлкен дауға ұласып кетуі әбден мүмкін еді.
Біз билікке 9 талап қойдық, олардың бәрі баспасөзде жарияланды.Биліктің уәде беруіне орай біз аштық жариялауды доғардық.
Ең бастысы «Американдық ұлт» негізінде құрылған, бүкіл халықтың талқылауға ұсынылған «Ел бірлігі» доктринасының уақытша тоқтатылуы және оған көп жылдан бергі жинақталған ұлттық мүдде төңірегіндегі проблемаларды енгізуге мүмкіндік алуымыз, Қытайға жер беруді тежеуіміз, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдауға, қазақ тілінде 3 телеарна ашуға биліктің уәде етуі аз жеңіс пе? Әрине, қазақтың ұлттық мүддесі дегенде нақ бір жылан көргендей жиырылатын биліктің бізді алдап, берген уәдесінен тайқып шығуы да әбден мүмкін. Сондықтан келісілген құжаттардағы елдік, ұлттық мүдделердің дұрыс шешім табуын саралап отыратын Рысбек Сәрсенбайұлы басқаратын аштық жариялау штабы өз жұмысын одан әрі жалғастыра беретін болады.
Соңғы күндері «Азаттық» радиосының сайтында және «Республика» газетінде мәселенің байыбына бара алмағандардың «Шаханов билікке сатылып кетіпті» деген байбаламы жүр.
Әрине, бұл базбіреулердің маған күйе жағу мақсатында ойлап тапқан айла-шарғысы. Құдайдан қорқу керек! Мен ешқашан ұлттық, елдік мүддені өзімнің жеке мүддеме айырбастаған жан емеспін. Маған сатылудан өлу – әлдеқайда жеңіл. Ескертетінім: бұдан былай өзіме негізсіз айып таққандарды сотқа беруге әзірмін. Осы жолы да рухани табиғатыма сенген адамдардың ешқайсысын жерге қаратпайтыным, екі жердегі екінің төрт болатынындай айқын!
17-желтоқсан күні Желтоқсан көтерілісі қанат жайған алаңда, жиналған үш жарым мыңдай халық алдында манадай ой айтып едім. Сол ойымды тағы да қайталағым келіп тұр.
Ұлтты сақтап қалу төңірегіндегі осы соңғы шайқас көп мәселенің бетін ашты. Қызметі мен жеке мүддесі үшін ұлтын қиналмай сатып кете алатын ел ағаларының, зиялыларының, ғалымдардың, әртістердің аз емес екендігі әйгіленді. Солардың бәріне өзгеше алғысымды білдіремін. Заман¬дас¬тарымыздың ұлттық мақсаттан ауытқуы мен сатқындығы қалың көпшіліктің ызасын келтіріп, оянуына себепкер болды. Сат¬қындықтың да ұлтты біріктіруге қыз¬мет ететініне осы жолы тұңғыш рет көз жеткіздім.
Қадірлі Әзеке, маған арналған хаты¬ңыздың соңында мен туралы түсіріліп жатқан деректі фильмге пікір білдіргеніңізді айта келіп: «Өз сөзімде мен сенің ресми атағы жоқ, ұлттық батыр екеніңді баяндадым. Ұлттың ұлы перзенттерінің бірі екеніңді атадым» депсіз.
Иә, түрік ағайындар шығарғалы жатқан деректі фильм туралы, сценарий авторы Б.Әбіштің өтінішіне орай өзіңізге жолыққан сәтімде әңгіме қозғағаным рас еді. Бірақ биліктегілердің көңілін табу мақсатында, ұлттық мүддеден оқ бойы ауытқып кеткеніңіз үшін мен туралы пікірлеріңізді фильмнен түгел алып тастауға өтініш жасадым. Өйткені ұлттық мүддеге еркін, батыл табан тіреп тұра алмаған көңілде рухани әділеттілік те салтанат құра алмасы белгілі.
Бәлкім, осы мақалаңызды оқыған соң билік басындағылар Сізге «Еңбек Ері» атағын беріп жіберуі де ғажап емес. Ендеше жолыңыз болғай! Дегенмен, маңдайының соры бес елі ұлтымыздың бүгінгі, ертеңгі тағдыры сізге ғана қарап қалмағанына сенімім зор.
Қыспаққа түскен ұлттық арман, ұлттық мақсат жолына кейбіреулердің жеке пенделік мүддесі, қызметінің мүддесі көлденең тұрып алған. Кімнің кім екенін айқындайтын кезең енді келді.

2 ПІКІРЛЕР

  1. Саламатсыздарма?ел бирлиги.газетинин ужымы.мынау азильхан деген редакция директоры болган адам ба?егер сол болса,онда ондай адамдар реакцияда жумыс истеудин еш жолы жок,ойткени ондайлар мекемеге сенимди адам емес,акша корсе жолдан тайатындар сортынан.казакстанда паракорлык пен жем корлыкка,карсы курести жумыла токтатуга белсенген адамдарга кедерги жасайтын нагыз адам,бундайларга газет бетине отирик макала жаздырмай,колдарынан карандашты алып кою керек.рахмет

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз