ТҮБІРІ БІР, ТҰҒЫРЫ БИІК ТҮРКІЛЕР
2010 ж. 14 желтоқсан
2694
0
Осыдан он алты жыл бұрын түркітілдес елдердің Мәдениет министрлері Алматы қаласында бас қосып, түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту ұйымын (ТҮРКСОЙ) құрған еді. Содан бері Анкара қаласында орналасқан ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы көптеген мәдени шараларға мұрындық болып келеді. Қазір бұл ұйымға Қазақстанның бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов жетекшілік етеді.
Жақында ғана ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен Түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлері Тұрақты кеңесінің кезекті 28-мәжілісіне Түркияның Анталья қаласында өтті.Тұрақты кеңес өтетін елдің Мәдениет министрі ТҮРКСОЙ-дың Уақытша үйлестірушісі болып саналатын тәртіппен мәжілісті Түркияның Мәдениет және туризм министрі Ертұғрұл Гүнай жүргізді.
Жиында ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов халықаралық ұйымның атқарған істері, түркі бірлігін, мәдениеті мен өнерін дамытуға арналған шаралар жөнінде баяндама жасады.
Тұрақты кеңеске Қазақстандық делегацияны Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров бастап барды. Туысқан республикалардың белді өкілдері де қатысты. Жиында Түркіменстанда “Түркі халықтарының мәдени мұрасы” атты халықаралық фестиваль өткізу, биылғы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған жылының қорытындылары, 2011 – Ғабдолла Тоқай жылының жоспарлары, бейнелеу өнері саласындағы ТҮРКСОЙ сыйлығын беру, ортақ веб-порталды қамтамасыз ету жөнінде мәселелер қаралды.
Башқұртстан Президенті Рүстем Хамитовтың жарлығымен Дүйсен Қасейінов ТҮРКСОЙ-ды дамытуға қосқан үлесі үшін осы елдің “Халықтар достығы” орденімен марапатталып, жиынға тағы бір жаңалық қосты. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысына бұл орденді Башқұртстан Премьер-министрінің орынбасары Зугура Рахматуллина тапсырды.
Түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлері Тұрақты кеңесінің кезекті 29-мәжілісін алдағы жылы Астана қаласында өткізуге ұйғарым жасап, Ертұғрұл Гүнай ТҮРКСОЙ-дың көшпелі жалауы мен белгісін Бауыржан Омаровқа тапсырды.