Жаңа технологияны мектеп жасынан бастап оқыту керек
2016 ж. 09 наурыз
2136
1
Қазақстан халқы бірліктің арқасында барлық қиындықты еңсереді. Бұл туралы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездескен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Елбасының атап өткеніндей, қазіргі кезде әлемде қиын жағдай орын алып отыр. Тіпті кейбір елдерде қақтығыстарға жол беріліп, қан төгілуде. Дүниежүзілік дағдарыс та бүйірден қысуда. Осындай күрделі кезеңнен Қазақстан халқы тек ұйымдаса іс қылудың, экономиканы дамытып, алға бастырудың, озық білім-ғылымды меңгерудің арқасында аман өте алады. Қазір - инновация мен жаңа технологияның заманы. Сондықтан жеткіншек ұрпақты мектеп партасынан жаңашылдық негіздеріне оқыту керек.
Мемлекет басшысы үш тілді меңгерудің артықшылықтарын еске салды. Мемлекеттік тілдің маңызы өз алдына, сонымен қатар ғылымның, озық технологияның тілі болып есептелетін, әлемнің көптеген халықтары сөйлейтін ағылшын, оған қоса қарым-қатынасымыз біте-қайнасып кеткен көрші елдің тілін білген адамның мойны озық болады.
Кездесуде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы саясаты арқасында ғылымның да қарыштап дамығанын, бұдан жиырма жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда, қазіргі ілім-білімнің деңгейі жер мен көктей екендігін атап өтті. Сондай-ақ А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрының бас режиссері Оксана Малуша, облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов, «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының редакторы Нина Павлычева өз салаларындағы табыс-жетістіктерін баяндап, Елбасының көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту бағытындағы сарабдал саясатын толық қолдайтындықтарын жеткізді.
Еске сала кетейік, Қадыр атындағы орталық өткен жылдың мамыр айында пайдалануға берілген болатын. Жоба құны 825 млн. теңге болса, ғимараттың жалпы аумағы - 3941,3 шаршы метр.
Дерек көзі: ҚазАқпарат