КӨРКЕМ КӨКШЕДЕГІ КЕЗДЕСУЛЕР
2016 ж. 09 наурыз
2055
0
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына арналған шара өтті. Бұл басқосуға партияның белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты. Алдағы сайлауға үгіт-насихат жұмыстарына орай Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Меруерт Қазбекова қатысып, саяси науқанның жай-жапсары жайлы айтып берді.
– Біз үшін үгіт-насихат жұмыстары осыдан төрт жыл бұрын басталған еді, – деді ол. Себебі, ақжолдықтар өткен сайлауда парламенттік фракцияға өтісімен өз бағдарламаларына орай жұмысты жандандырған еді.
Сонымен бірге, жергілікті мәслихаттарға ұсынылған кандидаттардың да үгіт-насихат жұмыстарын қалай жүргізуі керектігі кеңінен сөз болды. Партияның атына кір келтірмей, қайта оның беделін көтеру жайы да ауызға алынды. Ақмола облыстық филиалы штабының жетекшісі Жеңіс Темірхан осы күнге дейін атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасады. Үгіт-насихат жұмыстарын ширатуға қатысты да пікірлер айтылды. Осы шараға арнайы келген қала тұрғындарының қатарында ақжолдықтар атынан сайлау учаскелерінде байқаушы болып қатысуға тілек білдіргендер де табылды.
Облыстық филиал төрағасы Серік Бейсембаев шараны қорытындылып, партияластарына алдағы сайлауда биіктен көрінуге тілектестігін білдірді.
АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР
Көкшетау қаласында Меруерт Қазбекова қалалық аурухана ұжымымен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кездесуді ашқан қалалық аураухананың бас дәрігері Серік Кәкенов алдағы сайлаудың маңызды оқиға екенін айтты. Одан әрі сөз алған Меруерт Қазбекова «Ақ жол» партиясы қашанда прогресшіл дамудың қолдаушысы болып келе жатқанын атап көрсетті. Сондықтан басты назар либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандықтары сияқты құндылықтарға аударылатынын айтты.
Ол экономика, саясат жайлы айта келіп, партия бағдарламасындағы денсаулық мәселесі жөнінде де ой қозғады. Әсіресе, осы заманғы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және емхана орындарын осы заманғы құралдармен жабдықтау аса қажет екенін баса айтылды. Жалпы, медицина саласына мемлекеттік қолдау қажет. Бұл ретте барлық медицина қызметкерлеріне жалға берілетін пәтерлер қызмет істеген жылдарына толықтай бөлінуі де маңызды болып табылады. Үйі жоқ дәрігер өз қызметін қалай жоғары деңгейде атқара алады? Әрине, тұрғын үйлер салынбай жатқан жоқ. Салынуда, бірақ, оның өте жетімсіз екенін жоққа шығаруға болмайды. Әлеуметтік қамқорлық жайы да назардан тыс қалмауға тиіс.
Меруерт Қазбекова «Ақ жол» партиясының жалпы ұстанып отырған ұстанымдары жайлы да пікір білдірді. Оның ішінде бизнесті қорғау, өнімді экономиканы құру, жұмыспен қамту жүйесін дамыту, агроөнеркәсіп кешенін өркендету және тағы басқа мәселелер кеңінен әңгіме өзегіне айналды. Сол сияқты Меруерт Қазбекова Көкшетау қаласындағы ардагерлерге арналған емхана ұжымымен кездесіп, ардагерлерге көрсетілетін медициналық қызметтің барысымен танысты.
ҰСТАЗДАР ҰЖЫМЫНДА
Меруерт Қазбекова Көкшетау қаласындағы №12 орта мектеп ұжымымен кездесу өткізді.
Онда партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы ой өрбітті. Әсіресе, білім және тағы басқа салалардағы реформалар төңірегінде әңгіме қозғалды. Қазіргі экономикалық қиындықтар кезіндегі ұстаздарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселесі де айтылды. Білім беру саласындағы түйткілдер ортаға салынды. Бұл ретте көпшілікті толғандырған сапасыз оқулықтар жайы сөз болды.
Сонымен бірге, партияның бизнесті дамытудағы бағдарламалары да тілге тиек етілді. «Ақ жол» партиясы орта тапқа арналғандықтан, өмірдің барлық саласында олардың белсенділігін арттыру маңызды екенін атады.
Көкшетау қалалық мәслихаты депутаттығына түсіп жатқан ақжолдық үміткерлер де сөз алып, өздерінің сайлауалды бағдарламалары жайлы айтып берді.
Сол сияқты Көкшетау қаласындағы қазақ педагогикалық колледжінің ұжымымен Парламенттің Мәжілісі депутатығына үміткер Кемеңгер Қайырбек кездесу өткізді.
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі
"Қазақ үні" газеті
Мақалалардың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.