2010 жылдан НЕ КҮТЕМІЗ?

«Биліктің жаңа жылдық көңіл - күйі онша мәз емес, ал қара халықтың көңілі: «қайта-қайта алдадың, енді сенбейміз» дегендей. Жаңа жылдың алдында елімізде болған оқиғалар осыған меңзейді. 2010 жылды жақсы сезім-күймен бастаймын деген қазақ басшылығының көтеріңкі көңілін биылғы желтоқсан айында болған оқиғалар су сепкендей басқан сияқты. Қайта-қайта алданған қазақтың енді ғана көзі ашылып, намысы оянғанын көргендей болдық. «Көп бағытты сыртқы саясаттың» бір адам үшін, бір реттік, «көпірден өтіп алғанша» амал екені анықталды. М. Тәжиннің былтырғы Мадридте берген уәдесі өтірік боп шықты. Біреуге газ, біреуге астық беріп, Ресейге Кеден одағына кіремін деп, Рим папасының қолын сүйіп, Ауғанстанға балаларыңды оқытамын деп, Қытайға жер беремін деп, дін мен БАҚ өкілдері үшін әртүрлі симпозиумдар мен медиафорумдар шақырып, алдап-сулап ЕҚЫҰ-ға төраға болу үшін жасалған тірліктер екеніне халықтың көзі жетті. Қазақ жұртшылығы - туған үкіметінің тек қазақты ғана емес, шетелдік, халықаралық абыройлы ұйымдарды да алдайтын өтірікші екеніне көзі жетті. Қазақ жұртшылығы - туған үкіметінің 18 жыл бойы қазақтың бірлігінен қорқып келгенін, қазақтың бірлігіне қарсы саясат жүргізіп келгенін енді ғана түсінгендей болды. Жалған пиғылды «Ел бірлігі» доктринасы көп қазақтың көзін ашқан сияқты, ел бірлігіне қарсы жасалған амал екендігін халық енді аңғарғандай. Енді биліктің мазасын алған қандай оқиғалар екенін көпшілік те аңғарған болар. - Алғаш рет қазақтың ұлтшыл-патриоттарының наразылығын («Ел бірлігі» доктринасына қарсы) елдегі оппозициялық күштер, орыстілді қазақтар (Своик сияқты антиқазақтар да) қолдады. Билікті осы одақ қатты қорқытты. - Бірінші рет ел жұртшылығының биліктің алдарқату, жұбату сөздеріне сенбей «өтірік айтасың» деп бетіне ашық айтқанының куәсі болдық. Оған бұрын билікке ешқашан ашық қарсы келмеген Н.Оразалиннің мемхатшы Қ.Саудабаевқа қарсы сөйлегені дәлел бола алады. Керісінше, Елбасының қолын құшырлана сүйген Әбіш Кекілбаевтың тірлігі қарапайым халықты «сенген серкем сен болсаң..» дегізіп, қатты жиіркендірді. Бүкіл қазақ зиялыларына қара таңба басылып, ел сенімін түсірді. Сөйтіп, Қазақстан 18 жыл ішінде ЕҚЫҰ басшылығына қандай табыспен келді? Біріншіден, биліктің елде арқа сүйер ешкімі жоқ екені белгілі болды. Биліктің қос партиялы саяси жүйе құрамын деген әрекетінен түк шықпады. Бұрынғы КПСС-тің сүлдесі «Нұр Отанның» басшылығының қос партиялы жүйе құруға дайын еместігін көріп отырмыз. Екіншіден, биліктің сенім күш болуға лайық - шағын және орта бизнеске арқа сүйей алмайтыны анықталды. Себебі, шағын бизнес - бишара, орта бизнес - жоқ есебінде. Олигархтарға сенбек пе? Бірақ, «қалаған уақытта кез келгеніңді қолыңнан жетектеп түрмеге отырғыза аламын» деген Нұрекеңнің сөзінен кейін олар Елбасыға тірек, сенім бола алар ма екен? Олигархтардың «запастағы аэродромда» ұшақтары дайын, Храпунов сияқты Швейцариядан бір-ақ шығары анық. Мақтаулы тұрақтылығымыз қайда, сонда? Сонда билік кімге сенбек? Кешегі кеңес жүйесіне құл болған ауыл, қала халқына, колхозшыларға ма? Бірақ, құл адамның қожайынына сенімді тірек болғаны тарихта орын алмаған оқиға. Билік енді не істемек? Алдарқататын, халықтың назарын басқа жаққа аударатын қандай амал табар екен? Әрине, премьерді, министрді, әкімді ауыстыру саясатына халық енді алдана қоймас. Әлде қазақтың көңілін аулайтын ұлт, тіл мәселесіне назар салар ма екен? Бірақ, олай етсе қазақтың бірігу процесі күш алып кетуі мүмкін. Ол - қауіпті. Қазақ біріксе билік отырған тақ шайқалады, биліктің өзі отырған тағынан айырылу қаупі күшейеді. Бүгінгі билік оған ешқашан бара қоймас.

Сағат ЖҮСІП