Мәскеуде Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығы аталып өтті
2016 ж. 06 наурыз
2839
1
Мәскеуде қазақтың қоғам және мемлекеттік қайраткері, «Алаш» қозғалысының басшысы, Алашорда автономиясы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым және аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған естелік шара өтті.
Бұл шараны Ресей халықтар достығы университеті басшылығы, тарихшы ғалымдар, ҚР-ның Ресейдегі Елшілігі мен Мәскеу қаласындағы отандастардың қоғамдық ұйымдардың қолдауымен (РХДУ) жерлес студенттер белсенділері ұйымдастырды.
Естелік шаралар Донское қорымында 1934-1940 жж. сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген бауырластар зиратына гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Атақты қазақтың жерленген жері бірнеше жыл бұрын, тоталитарлық режимнің тағы 670 құрбанының есімі жазылған «Атылғандардың тізімдері: Донское қорымы. 1934-1940» кітабы жарыққа шыққан соң белгілі болды. Кейіннен мәскеулік «Ритуал» кәсіпорнының баспасөз қызметі бұл ақпаратты 1937 жылдың 27 қыркүйегінде атылған Әлихан Бөкейхановтың онымен бірге бір «ату тізімінде» болған қазақтың мемлекеттік қайраткері Нығмет Нұрмақовпен бірге жерленгені туралы мәліметтермен толықтырды.
Ә.Бөкейханов 1989 жылдың 14 мамырында КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша оның әрекеттерінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақталды.
«Дөңгелек үстелді аша отырып, РХДУ-дың ғылыми жұмыс бойынша модератор-проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Нұр Қирабаев Қазақстанның тәуелсіз мемлекетке айналуын армандаған Әлихан Бөкейхановтың тәжірибесі мен мұрасын әрбір қазақстандық азамат білуі және зерттеуі тиіс тұлғалар қатарына қойды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Дина Аманжолова Бөкейхановтың саяси мұрасына тоқталып өтті. «Ол Мемлекеттік думаға сайланды, бірқатар жалпыресейлік ұйымдардың қатарында болып, жалпыресейлік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарған, тек қана қазақстандық емес, жалпыресейлік көлемдегі саясаткер болған», - деп атап өтті ол.
М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары, профессор Жібек Сыздықова Ә.Бөкейханов өз кезеңінен алға жүрген адамның тамаша үлгісін көрсететінін атап өтті. «Біздің мақсат - Бөкейхановтың мұрасын іште де, еуразиялық кеңістіктің сыртында да насихаттау», - деп түйіндеді сөзін Ж.Сыздықова.
Дерек көзі: ҚазАқпарат