"Әбу-Даби Плаза" кешені тағы өртенді

Астанада тағы да «Әбу-Даби Плаза» кешені өртке оранды.

Астанадағы «Әбу-Даби Плаза» кешені тағы да өртенді (фото)

ФОТО: ТЖ КОМИТЕТІ

Оқыс жағдай 4 наурыз күні сағат 07:47-де Түркістан көшесіне қараған корпусында болды деп хабарлайды ІІД Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі.

Өрт ошағына келіп жеткен өрт сөндірушілер ғимараттың 2-ші жерасты қабатының минералды мақтасы (жылытқыш) жанып жатқанын анықтады.

Өрт ауданы 50 шаршы метрді құраған. Оны сөндіруге 5 негізгі және 4 қосалқы техника мен 37 қызметкер жұмылдырылды.

Жалын аймағы 08.47-де ауыздықталып, 08.50-де сөндірілді. Өрттің тұтану себебі анықталуда, оқиға орнын арнайы мамандар тексеріп жатыр.

Еске салсақ, 13 ақпан күні де «Әбу Даби Плаза» кешені өртке оранған болатын. Өрт сөндірушілер жеткенде өрт 25 қабаттан 11 қабатқа дейінгі аймақты шарпыған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеді.

Дерек көзі: Nur.kz