А.Айымбетов: Ғарыштан жерге қарап тұрып, ешкімді бөліп-жарғың келмейді
2016 ж. 22 ақпан
2711
0
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Халық қаһарманы», ғарышкер Айдын Айымбетов Еуразиялық Топ құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты өндірістік бірлестігі» АҚ қызметкерлерімен кездесті.
Алдымен мәртебелі мейман Сарыбай кенішінде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Алпыс жылдық тарихы бар кеніштің қуаты мен ауқымы, алдағы даму жоспарлары жайлы бірлестік президенті Береке Мұхаметқалиев әңгімелеп берді.
Шағын экскурсиядан кейін ғарышкер кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Онда Айдын Ақанұлы орбитада жүргізілген ғылыми эксперименттері, адам ағзасына ғарыш сәулелерінің әсері мен ұшу барысында болған қиындықтары туралы баяндады.
– Тәжірибе кезінде кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйде көрінетінін бақылап, оны бейнатаспаға түсіріп, ғалымдарға жеткізіп бердім. Арал мен Каспийді суретке түсіріп, мониторингін жасау кезінде Қазақстанды алғаш бақыладым. Он күнге созылған сапар барысында басқа да физикалық-ғарыштық тәжірибелер мен экологияға қатысты мониторинг жүргізіп, шаңды дауылды зерттедім, - деді ол. Мәртебелі қонақ кеншілер қаласынан алған әсерімен де бөлісті.
– Мен Рудный қаласына бірінші мәрте келіп отырмын. Жалпы қаланың бет-бейнесі мен тұрғындардың көңіл-күйіне, комбинаттағы атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға қарап, сүйсінбеске болмайды. Осындай күнге қарапайым адамдардың тынымсыз еңбегі арқасында жетіп отырмыз. Сондықтан сіздермен жүздескеніме қуаныштымын, - деді А.Айымбетов.
Кездесуде Айдын Айымбетов жұмыскерлердің сұрақтарына жауап беріп, ғарышқа сапар шегу мәртебесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауы, саяси шешімі арқасында ие болғандығын айтты.
- Ғарыштан жерге қарасаң ешқандай шекара көрінбейді, барлығы ортақ. Ешқандай елді бөліп-жарғың келмейді. Осындайда Жер – біздің ортақ үйіміз, сондықтан барлық ел бірлікте, соғыссыз өмір сүрсе екен, - деп қиялдайсың дейді ғарышкер.
Жиынды қорытындылаған бірлестік президенті Береке Сағатұлы:
- Ғарышты екінің бірі бағындыра алмайды, ол үшін тиісті біліммен қатар денсаулық, тынымсыз еңбек керек. Айқын мақсат қоя білсеңіздер, еңбекпен алынбайтын асу жоқ, - дей келе мәртебелі қонаққа уақыт тауып, ұжыммен жүздескені үшін өз алғысын білдірді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
qazaquni.kz