А.Жұмаділдаев теңдеуді не үшін бергенін түсіндірді
2016 ж. 12 ақпан
3027
2
Күні кеше интернет бетін Асқар Жұмаділдаев жасырған теңдеу жауып кетті. Анық мән-жайды білмекке Асқар ағаға хабарласқанымызда:
«Теңдеуден сәл қате кетіпті. Дұрысы: х!+1=у2. «у2» деп қойыпты. Есептің үш жауабы белгілі. Енді төртінші шешімін табу керек. Егер тапса, 1000 доллар алады» деді академик. Мұнымен шектеліп қалмай, көкейдегі сұрақтарымызға жауап алдық…
Ұлан: Мұның шешімін табатындай біздің жастардың білім деңгейі қаншалықты?
А.Жұмаділдаев: Адам ғылымды ұстанатын болса, нағыз ғылымға кіргені дұрыс. Бұл – ғылыми есеп. Мұның төртіншісін мен білмеймін. Білсем неге сұраймын?! Мұны берген себебім, әсіресе, жастарға берген себебім, жастар дұрыс есепке мән беріп, әрі қарай зерттеуі керек. Кітапты ашып, интертетті қарап, мұғалімінен сұрап, ізденіс қылуы керек. Сонда жастардың ойына жаңа идея келуі мүмкін. Ондай есептерді біз сияқты шалдар шығара алмайды. Оны тек жастар шығара алуы мүмкін. Өйткені, олардың миы қатып қалмаған, қалыптаспаған. Ондай мидың көмегімен дәл шығаруы мүмкін. Мұның шешімін табамын деп дұрыс бағытқа ұмтылса, ғылымға ұмтылса – менің мақсатымның орындалғаны. Ал егер мұның шешімін шынымен шешіп кетер болса, онда ол менің 60 жылдығыма ең керемет сый болады.
Ұлан: Енді өзіңіз жастарды қадағалап жүрсіз бе? Олардың ішінде таңдандыратыны бар ма?
А.Жұмаділдаев: Бар. Көп. Мысалы, кешегі «Forbes» журналын алып қарасаңыз, сонда Жандос Мақышев деген бала жүр. Америкада миллионер болыпты. Менің оқушыларымның біреуі сол. Медаль алған ең бірінші оқушым. Қазір Америкада компьтерлік фирмада жұмыс істейді. Онда жаңа идеяларымен табыс тауып отыр. Бұл – бір ғана мысал. Екінші мысал – Кэмбриджда 2000 доллар сыйақы ұтып алған бір жігіт бар. Сол ақшасын ракпен ауыратындардың қайырымдылық қорына аударды және. Атын ұмыттым, Азат па еді?! Өте елгезек жігіт еді. Әділет Оңдасынов деген жігіт бар еді. Өкінішке орай, қайтыс болып кетті. Өте мықты физик еді. Өкініштісі, қазақ оны білмейді. Лондонда үлкен сыйлық алған. Мәскеуде оқыған. АҚШ Президентінің сыйлығын алған. Ондай сыйлықты алған қазақты қазақ біле ме? Бізде мұндай балалар көп. Бірақ, оларға дұрыс есеп берілмейді. Орынсыз есеп қойылады. Мысалы, бес таңбалы санды бес таңбалы санға көбейт дейді. Бұл – нағыз ақымақ есеп. Өткені, мұның артында ғылым жоқ. Өйткені, оны компьтермен есептеу оңай. Оның ешқандай идеясы жоқ. Белгілі нәрсені шығара берудің не керегі бар?! Ғылымға белгісіз, жоқ нәрсені шығарған дұрыс.
Ұлан: Математика ғылымдарының тізімі жаңа есімдермен толығады деп ойлайсыз ба?
А.Жұмаділдаев: Оның не керегі бар? Ешқандай да керегі жоқ. Жақсы балалар бар. Ол математиканы толықтыра ма, жоқ, физиканы ма – маған бәрібір. Ғылым деген бірдей. Ондай сұрақты қоюдың керегі жоқ. Жақсы есеп бар, жақсы проблема, жақсы бағыт, жақсы мақсат бар. Оны мен білемін, мамандар біледі. Сол жолда жүрген бала – дұрыс бала. Ал бейберекет далақтай бергендер – уақытты бос өткізгендер. Халықты ақымақ қылғандар.
Ұлан: Қазір сіз шетелге шығып, жиі лекция оқып жүрсіз бе?
А.Жұмаділдаев: Жоқ. Оған уақытым жоқ. Он жылдай шықтым, шетелдің бірталай жерін көрдім, сол маған жетеді. Қазіргі мақсат – үйде, бала-шағамның қасында болу, сабағымды беріп, студенттерімнің қасында жүру. Өзімізде де мықты студенттер толып жатыр. Соларды көре білу керек. Себебі, халықтың алдында жүргендер – әртістер. Ал ғылымды ешкім түсінгісі келмейді, қорқады.
Жазып алған Асылан БІРЖАНҰЛЫ,
«Ұлан»-ақпарат, zhasorken.kz