КӘСІПКЕРДІ АТҚАН КІМ?

Жақында Павлодар қаласының орталығында тұратын жергілікті кәсіпкерді өз үйінің қасынан көлікке беттеген тұста бетперде киген белгісіз біреулер атып кетті. Сол кезде көлік ішінде жұбайы да болған екен. Басынан жараланған 40 жастағы кәсіпкер С. Ахметжанов дер кезінде ауруханаға жеткізілгенімен, көп уақыт өтпей-ақ жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Куәгерлер болса, екі қылмыскердің кәсіпкердің сөмкесін алып, қара “Мерседес” көлігімен оқиға орнынан бой тасалағандығын айтуда. Асығамыз деп жүріп, жолда жаяу жүргіншіні қағып кетіпті. Күдіктілердің көлігі қала шетіндегі тұрақтардың бірінен табылғанымен, әзірге өздері жоқ.

Полицияның мәліметіне сәйкес ойда жоқта өлім құшқан кәсіпкер кәсіпкерлікпен қоса, қала базарларының бірінде валюта айырбастаумен де айналысады екен. Әзірге мамандар бұл іске байланысты басқа ешқандай ақпар таратпай отыр. Тек бұл қылмыс оның кәсібімен тікелей байланысты болуы мүмкін деген болжам бар.