Б.Сапарбаев: Басты міндет – жұмысшылардың қысқаруына жол бермеу
2016 ж. 18 қаңтар
2112
0
Дағдарыс уақытында жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті кәсіпорындарда жұмысшылардың қысқаруына жол бермеу болып табылады. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе хром қосындылары зауыты басшылығы және жұмысшыларымен кездесуі барысында осылай деді, деп хабарлайды BNews.kz.
Жиында кәсіпорында өткен жылы өндірістік бағдарламалардың және ұжымдық келісім-шарттың орындалуы барысы талқылау тақырыбына айналды.
Өңір басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі күні әлемдік экономикада қалыптасқан күрделі жағдайда бірлесіп, стратегиялық тұрғыдан ойлап және ақылмен жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті. Бұл үшін ірі кәсіпорындардың, тауар өндірушілердің, шағын және орта бизнес пен басқа да шаруашылықтардың жұмыстарын үйлестіру қажет.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Бердібек Сапарбаев сонымен қатар, экономикалық дағдарыс әлеуметтік төлемдер – жәрдемақылар мен жеңілдіктерге, сондай-ақ ұйымдарда еңбекақы төлеуге кедергі бола алмағанын атап көрсетті. Жыл қорытындысы бойынша жұмыссыздық облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 4,9%-ын құрайды, бұл көрсеткіш жалпы республикалықтан 0,2%-ға төмен. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылды, еңбек ұжымдары арасында тұрақтылық сақталуда.
Сонымен бірге, өңір басшысы Қазақстан бойынша, оның ішінде Ақтөбенің де негізгі саласы өнеркәсіптің экономикалық сипаттағы сыртқы теріс әсерлерден қашып құтыла алмағанын жасырған жоқ. Облыс бұл ретте экспортқа бағытталған. Сондықтан да әлемдік дағдарыс нәтижесінде 2014 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4,5%-ға төмендеді.
«Осыған байланысты біз кәсіпорындардың басшыларымен тығыз жұмыс істеудеміз, сондай-ақ жұмыс тобы құрылды. Қосымша резервтер мен тың көздерді іздестіруіміз қажет»,— деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Химич кәсіпорынның 2015 жылғы негізгі жұмыс қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, зауыт ұжымдық еңбек келісімшартында жазылған барлық шарттарды және өздеріне алған әлеуметтік міндеттемелерін орындаған.
«Қазіргі уақытта Ақтөбе хром қосындылары зауытында 2057 адам еңбек етеді, өткен жылы осы ұжым мүшелерінің жемісті жұмысы нәтижесінде 25 миллиард теңгеден астам қаржының тауарлары мен өнімдері өндірілді», -деді ол.
Ол сондай-ақ, зауыт жұмыс істейтін қазақстандық құрамның үлесі бүгінгі күні 66%-дан жоғары екенін айтты.
Осыған байланысты өңір басшысы көтеріліп отырған мәселені нақтылай түсті.
Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы кәсіпорын басшылығына өндірістік қуаттарды одан әрі өсіру, қазақстандық құрамды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөнінде тапсырма берді.
qazaquni.kz