Ұлттық банк өкілі: Қазақстанның мұнай қоры алты жыл ішінде таусылуы мүмкін
2016 ж. 17 қаңтар
2057
2
Қазақстан ұлттық банкі өкілі Берік Өтемұраттың батыс баспасөзіне сұхбаты дүрбелең тудырды. Ұлттық қордың жағдайы жайлы пессимистік мәлімдемесінен соң қызметінен алынған ол бұл туралы айтудан бас тартты деп хабарлайды Азаттық.
ҰЛТТЫҚ ҚОРҒА ҚАУІП ТӨНДІ МЕ?
«Қазақстан ұлттық банкі ұлттық инвестициялық корпорациясы» (ҚҰБ ҰИК) акционерлік қоғамының жетекшісі аяқ астынан ауысты: Берік Өтемұраттың орнына басқарма төрағасының өкілетті мерзімі аяқталғанға дейін осы қызметке Есжан Біртанов тағайындалды.
Осы аптада қазақстандық «Берік Өтемұратты қызметтен алу ҚҰБ ҰИК жетекшісінің Wall Street Journal басылымына, мұнайдан түскен үстеме кірістен құралатын Қазақстан ұлттық қоры қаржысы «6-7 жылда сарқылуы мүмкін» екенін мәлімдеген бүкпесіз сұхбатымен бір мезгілге қатар келгенін» хабарланған еді.
Американың Wall Street Journal журналы сайтында жарияланған мақалада «[Қазақстан ұлттық банкі] өкілінің айтуынша, мұнай бағасының құлдырауы салдарынан кірісі кеміген Қазақстанның 64 миллиард доллар көлеміндегі мұнай қоры алты не жеті жыл ішінде ақшасыз қалуы мүмкін, ал үкімет болса жиған-тергенін жұмсап жатыр» деп жазылған.
Wall Street Journal Берік Өтемұраттың «2014 жылдың тамызында ең жоғарғы көрсеткішке – 77 миллиард долларға дейін жеткен ұлттық қор жинағының көлемі 17 пайызға азайып кетті. Үкімет жыл сайын қордан 9 миллиард 500 миллион доллар жұмсайды. Қазақстандық саясаткерлер мен ұлттық банк шығынды азайтып, салық түсімін ұлғайтуы және қор қаржысын тікелей инвестиция сияқты үлкен кіріс әкелетін активтерге салуы тиіс» деген сөздерін келтірген.
Берік Өтемұраттың айтқаны Қазақстан баспасөзі мен әлеуметтік желілерде дүрбелең тудырды, іле-шала ол қызметінен алынды. Әйткенмен, «ҚҰБ ҰИК» бұрынғы басшысы жергілікті ақпарат құралдарына бұл мәселеге қатысты комментарий беруден бас тартты.
Берік Өтемұрат Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында: «Wall Street Journal мен Financial Times басылымдарындағы мақалалардан кейін жергілікті БАҚ-тың көбі комментарий сұрап, таныстарым ойларын айтып жатыр. БАҚ өкілдерімен сөйлесуден принципті түрде бас тарттым. Меніңше, ешкімнің жеке басына тиісіп, артық ештеңе айтқан жоқпын. Егер қалаған жағдайда өзгеше болар ма еді, бірақ ондай жоспарым болған емес. Әрқилы әрі қызықты пікірлер түсіп жатыр. Дені-қарным сау, ешқандай қысым болған жоқ және өзімді жағдайдың құрбанымын деп сезінбеймін. Мен көтерген мәселеге жұрт назарын аударғанына қуаныштымын. Ал жалпы алғанда, мұрыннан қан кетіп жатқанын жұрттың бәрі түсінеді ғой, сондықтан айтқанымды тың жаңалық деуге келмес. Диагнозға қатысты және оны емдеу жолдары жайлы жеке ой-пікірлерімді, бәлкім, кейінірек жазармын» деп түсіндірген.
qazaquni.kz