ЖАҢАӨЗЕННІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ БІТЕ МЕ?

oil-pumpes

Қазақтың қазыналы түбегі – Маңғыстаудың түкпірінде бой көтерген  шағын ғана мұнайшылар қаласы – Жаңаөзен соңғы кездері ереуілшілер ордасына айналып барады. Қашан көрсең де ашынған халық, артынып-тартынып көшеге шыққан жұмысшылар, мұңын шаққан мұнайшылар... Сырт көзге ырыс пен игіліктің, байлық пен молшылықтың нышанындай көрінген, «қара алтын» игерудің арқасында даңқы асқан, дәулеті тасқан Жаңаөзенге не болды?

Әрине, бір кездері даңқы көкке өрлеген Жаңаөзеннің өткені мен бүгінін салыстыруға келмейді. Кенорындарында жылына 16 млн. тонна мұнай өндірілген кездері қалада небәрі 40 мың адам тұратын. Ал қазір бәрі керісінше. Тұрғындар саны үш есеге көбейді, ал өндіру көлемі болса үш есеге кеміп кетті. Тұрмыстық жағдайдың нашарлауы, ауызсумен қамтамасыз етудегі проблемалар, азық-түлік бағасының қымбатшылығы, «Өзенмұнайгаздан» басқа бұл қалада ірі жұмыс беруші кәсіпорынның болмауы – Жаңаөзен қаласындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Жалпы, соңғы кездері Жаңаөзен қаласында жиі қайталанып жатқан әлеуметтік кикілжіңдер қаладағы қордаланып қалған мәселелердің шешуі қиын түйінге айналып бара жатқанын көрсетті. Сондықтан, жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлініп, бұл мәселе Үкіметтік деңгейде қаралды. Үкімет қаулысымен Жаңаөзен қаласының қордаланған экономикалық-әлеуметтік проблемаларын шешуге арналған бағдарлама қабылданып, бұл мақсатқа шамамен 43 млрд. теңге қаражат қаралды. Қазір жергілікті билік органдары аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында кешенді шараларды қолға алуда. Бұл да болса – алдағы уақытта мұнайлы қаланы шырайлы қалаға айналдырудың қамы. Реті келгенде айта кету керек, атқарылып жатқан шаралар өз жемісін бере бастады.

Бір ғана мысал: жақында ғана ҚР Сауда және экономикалық даму министрлігі облыс әкімдіктерімен бірігіп қалалардың индустриалдық-инновациялық даму динамикасына рейтингтік бағалау жүргізді. Жүргізілген рейтингтік бағалаудың қорытындысы бойынша, облыс орталықтарын қоспағанда, 23 қаланың ішінде Жаңаөзен қаласы 1 орынды иеленді. Жан басына шаққанда бюджет шығыны, жан басына шаққанда бюджеттік өзіндік кіріс көлемі, тіркелген кәсіпорындардың үлесі, туу коэффициенті және басқа да көрсеткіштер Жаңаөзен қаласын еліміз бойынша алдыңғы орынға шығарды.

Жаңа айтып өткеніміздей, «Өзенмұнайгаз» қала қалыптастырушы ірі болғандықтан, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-да Жаңаөзен қаласының дамуына қомақты үлес қосып отыр. Осы тұрғыда облыстық және қалалық әкімдіктермен арадағы біргеістестік өз жемісін беріп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, мұнай компаниясы келісім-шарттық міндеттемелеріне сай Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына сәйкес 2008 жылдан бері жыл сайын 900 млн. теңге бөліп келеді. Маңғыстау облысының әкімдігімен қол қойған аймақтың әлеуметтік жобаларын қосымша қаржыландыру туралы Меморандумға сәйкес, келісім-шартта қарастырылған міндеттемелерге қосымша 2009-2010 жылдары қаланың қажеттіліктері үшін 970 млн. теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаражатқа Жаңаөзенде 1000 әлеуметтік жұмыс орны пайда болып, 200 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй салынуда, «Төңірекшің» жеріндегі қосалқы шаруашылық 500 гектарға дейін кеңеюде, 63 аулада шағын сәулеттік үлгідегі балалар алаңы мен қаланың 10 мектебінде спорт алаңдары салынды, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне  коммуналдық қызмет үшін  ақыны осы «Өзенмұнайгаз» төлейді,  тұрғындардың өзге де әлеуметтік әлсіз жіктеріне көмек көрсетіледі.

Алдағы екі жылда Жаңаөзен қаласында сметалық құны 1,3 млрд. теңге құрайтын  50 орындық стационары бар емдеу-медициналық орталығын, 250  орынға есептелген балалардың сауықтыру  лагерін салу, сондай-ақ «Кендірлі» демалыс аймағының  бір жатын корпусын балшық-сумен емдейтін медициналық оңалту орталығына айналдыру көзделуде. Бұл мұнайшылар мен олардың отбасы мүшелерін  сауықтыру шараларымен қамтамасыз етуге жол ашады. Әлеуметтік сала нысандарының аумағын абаттандырып, күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл мақсаттар үшін 1,2 млрд. теңге  қарастырылған.

Өндірістік көрсеткіштерді өсірудің бірден-бір жолы еңбек адамдарының  талап-тілегінен табылатындай еңбек ету жағдайларын жасау емес пе? Осы орайда, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы құрылымдық бөлімшелерінің  әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағдарламасы жасалды. Биыл осы мақсаттар үшін 1 млрд. 600 млн. теңге қарастырылды. Бұл қаржы мұнайшылар үшін жаңа асханалар, шаруашылық-тұрмыстық орындар салуға, топтық қондырғыларда жұмыс жасайтын операторлар үшін модульдік блоктар сатып алу мен соларды орнатуға  жұмсалып жатыр. Медициналық бөлімшелер салынып, жедел жәрдем көліктері мен ыстық тамақты жеткізу үшін арнайы көліктер сатып алынды, еңбек адамдарын тасымалдауға арналған автобус паркі жаңартылды. Бұл, әрине, қарапайым еңбек адамына қолайлы жағдай жасау ниетінен туындағаны белгілі. Әйтпесе соңғы кездері жұмысшылар арасында наразылық пиғылдың өршіп кеткені, тіпті олай емес, жұмысшылар арасында іріткі салу әрекеттерінің жиілеп кеткені белгілі. Қит етсе, болмашы нәрсені сылтауратып жиі-жиі наразылық акцияларын ұйымдастыру «тырнақ астынан кір іздеу» әрекеттеріне ұласып бара жатқандай.

Рас, жылдар бойы қордаланған проблемалардың барын жоққа шығаруға болмайды. Айтып кеткеніміздей, қырық мың адамға шақталған Жаңөзен қаласының халқы үш есеге дейін өсіп кетті. Жергілікті жұрттан бөлек, өзге өңірлерден кәсіп іздеп келгендер де бар. Бәріне де осы «Өзенмұнайгаз» жұмыс тауып беріп отыр. Компания қолдан келгенше жұмысшыларға жағдай жасауда. Қала халқының бұдан басқа нәпақа табатын жұмыс орны да жоқ. Сөйте тұра ел-жұртты елітіп, ереуілге үгіттеп, ұжымға іріткі салып жүргендер бар. Олар мұнайшыларды пайдаланып, өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырғысы келеді. Экономикадан гөрі арамза саясаттың сойылын соғуға көбірек бейімділік танытатын белгілі бір топтың бастауына ергендер мұнайлы өлкенің тыныштығын кетіріп, мұнай өндіру саласының қалыпты жұмысына зиянын тигізуде. Мұны мұнайшылар қауымы жақсы түсінеді. Әр осындай бас көтерулер салдарынан өндіріс өз ырғағын  жоғалтады, жұмыс тиімділігі азаяды. Оны былай қойғанда, мұнай өндіру жоспарының орындалмау қаупі туындайды. Биылғы 2010 жылы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының мұнай өндіру бойынша жоспары екі рет төмендетіліп, 6440 мың тоннадан 6001 тоннаға дейін  азайтылды. Бұл еңбек ұжымдарының айлық жоспарды орындауын жеңілдетті, соның арқасында мұнайшылар үнемі сыйақы алып тұрды. Бұл жұмысшылардың жайын ойлағандық емей немене?

Бір ғана нәрсе белгілі. Кез келген  заңсыз әрекет жақсылыққа апармайды. Сондықтан ереуілден енші іздеуге, әлдекімдердің саяси ойынына айналуға жол бермей, барлық проблеманы келісім негізінде шешетін қалыпты арнаға түсірудің маңызы зор. Бұл – әркімнің азаматтық жауапкершілігіне байланысты мәселе. «Береке бар жерде тірлік бар» дейді дана халқымыз. Ендеше сол берекелі тірлігімізден айырылудың реті жоқ.

 

Мағзұм ЖҰМАБАЙҰЛЫ