ҚАЗАҚ КӨШІ неге тоқырап тұр?

Бекқожа Жылқыбек,

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, ф.ғ.к, ақын:

 

Шетелде жүрген қазақтар Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде қатты қуанған болатын. Өйткені шетелде жүрген қазақтар үшін қазақтың егеменді ел болуы олардың көкейіндегі жүрекжарды арманы еді. Әне, сол қатарда мен де сол қуанышымды жасыра алмай, өткен ғасырдың 90-шы жылдардың басында атамекенге оралдым. Іле-шала үздік-создық ҚР-на шетелде жүрген қандастарымыздың көші ат басын тіреді. Алайда, бұл көш үрдісі ұзаққа бармады. Қазір тоқырау үстінде. Оның нақтылы себептерін төмендегі бірнеше жақтарын қарастыруға болады:

1. Қазақ үкіметінің шетелдегі қазақтарды атамекеніне оралту шараларының нақтылы жұмыстар үстіне құрылмауы. Атап айтқанда, қазіргі билік басында отырған шен-шекпенділердің шетелдегі қандастарымызды атамекенге көшіріп әкелудің маңыздылығын жете түсінбей отырғандығын баса айтқым келеді. Бұған дәлел ретінде, атамекенге оралған қандастарымыздың ҚР-да тұрақтап тұрып қалу үшін тіркеуден бастап, азаматтық алуға дейін болған кедергілер мен бөгеттерді атап өтуге болады. Егер осы мәселелер үкімет жағынан жүйелі түрде шешімін тауып бір жүйеге түсіп жатса, атажұртқа оралған қандастарымыз үшін бір күрделі түйіннің түйіншегі шешілген болар еді.

2. Атажұртқа оралған қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімшілік орындары жоғары үкімет билігімен сәйкесіп, оралмандардың тұрғын-үй мәселесін үйлесімді түрде шешетін болса, онда шетелден көшіп келуші қандастарымыздың саны көбейетін еді. Өйткені атажұртқа оралған қандастарымыз үшін тұрғын-үй мәселесі ең негізгі мәселенің бірі.

3. Атажұртқа оралатын қандастарымыздың ішінде ҚХР-нан көшіп келетін қандастарымыздың Қытай жағындағы құжат әзірлеу және басқа да күрделі мәселелерді ҚР мен ҚХР-дің мемлекетаралық келіссөздер жүргізуі арқылы шешімін таппай отыр. Бұл да көші-қонның дағдарысқа ұшырап отыруының бір себебі.

 

Мұқан Мамытхан,

«Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

 

      Көші-қон мәселесін көтермес бұрын еліміз егемендік алғаннан бері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қамқорлығының аясында Қазақстан Респкубликасына миллионға жуық қазақтардың көшіп келгенін ерекше айтуға тура келеді.  Бұл мәселе – Елбасының көзқарасы секілді уақыт күттірмейтін ең үлкен саяси мәселе болып табылады. Бұл мәселені бұрынғыдан да тереңдетіп ойлайтын болсақ, ең алдымен, шетелде жүрген 5 миллионға жуық қазақ ҚР-на шын мәнінде керек па, жоқ па деген мәселені ойлануға тиістіміз. Шетелдегі қазақтарды тез арада өз отанымызға шақырып әкелу - қазақ халқының халық санын көбейтумен бірге, ҚР-ның қауіпсіздік мәселесіне де ең қажетті нәрсе. Өйткені ұлан-қайыр қазақ даласында 10 млн-ға жетпейтін қазақ  ғана тұрып жатқанын, 5 млн-ға жуық қазақ басқа елдерде тарыдай шашылып жүргенін шынайы ойланатын уақыт әлдеқашан жеткен. Елбасы бұл мәселені ертеде ойланған. Және бұл мәселенің шешімін тауып берген еді. Алайда ел ішіндегі кейбір атқамінерлер қазақ мәслесіне қырын қарап, Елбасы саясатын кері пайдаланып, қазақ көшін дәл қазір тоқтату үшін бар күшін салып жатыр. Шетелдегі қазақтар және елге көшіп келген 1 млн-ға жуық қазақ Елбасының шынайы қолдайтындығын, ол кісіге теріс жеткізіп, қазіргі кезде оралмандар  елге ешқандай есе қосып жатқан жоқ деп қате ақпар таратып жүр.

 Сол үшін көші-қон заңын Елбасы айтқандай тез арада қабылдап, көшті қайтадан түзеуіміз керек. Сонымен қатар, Көші-қон агенттігін күшін кемітпей, қайта арнаулы мекеме етіп, оның жұмыс жасау аясын кеңейте түсуіміз керек. Сонда ғана шетелде жүрген қандастарымыз басқа ұлтқа айналып кетпей тұрғанда, елімізге жеткізіп ала аламыз. Бір кездері басқа ұлттың келімсектерін барынша елімізге жинағанда да, олардан жерімізді, суымызды қызғанбаған едік. Ал, қазір өз әкесінің басы Қазақстанда болып саналатын қазақтарға келгенде не үшін іштарлық танытамыз. Екінші, келер жылы дүниежүзі қазақтарының ІV-ші құрылтайы ашылмақшы. Құрылтай әнмен, жырмен, мүшәйрамен басталып, футбол тебумен аяқталмай, Елбасының шынайы үмітін ақтайтын қазақ халқының және шетелдегі қандастарымыздың мәселелерін талқылайтын құрылтай болуына бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек. Сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына, қазақ көшіне қажыр-қайратын арнайтын, Елбасының салиқалы саясатын қолдайтын, бірінші орынбасарды тауып, Мемлекет басшысының көмекшісі етуіміз керек.  Біздің түпкі мақсатымыз – барлық қазақ өз елінде 2020 жылға дейін бас қосатындай жағдай жасау. Сонда ғана тарихи бір ұлы міндетімізді атқарған болып табыламыз.

Жазып алған

Г.САДЫҚОВА