Қарашаңырақтың ШЫНЖАҢДАҒЫ ШУАҒЫ

Шынжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің тууы мен дамуына келсек, оның алғашқы өнеге шашушылары әрине Абай (1845-1904) мен Ақыт (1868-1940). Абай күллі қазаққа ортақ ұлы тұлғаға айналса, Ақыт әлі зерттеліп болмаған қыры мен сыры көп ірі ғұлама. Біз Абайдың ең алдымен Шығыс шайырларын өнеге тұтқанын білсек те, Ақыт жайынан аз білеміз.

Ақыт Үлімжі туралы 1897 жылы алғашқы еңбек жазған орыс ғалымы Николай Федорович Катанов болса, одан кейінгі бодандық жылдар социализмнің коммунистік жүйесіне бағынып, Ақыт жайынан ауыз ашудан қорықты. Себебі ол арабтық әдебиет үлгісін барынша пайдаланған діни әдебиеттің өкілі деп қаралды.

Ақынның 1903 жылы жазған «Керей ишаны Мұхаммед мөмін» деген еңбегінен белгілі болғанындай орыс жерінен қашып барған Мажбулла деген үлкен оқымысты Мырзабақа деген атпен Ақытқа ұстаз болған. Ақыт осы адамнан араб, парсы тілдерін үйреніп араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи, ғылыми, әдеби кітаптар арқылы Шығыс әдебиетімен молынан танысады. Ақынның алғашқы еңбектері 1891 жылдан бастап Қазан, Орынбор, Семей баспаларынан кітап болып шыға бастаған.

Ақыттың өмірі мен өлең-жырларына үңілгенде, оның шығыстық діни үлгіні пайдаланып әдебиетке келгенін, қазақы қара өлеңмен сусындап, Шалкиіз, Қазтуған, Асан, Бұхар жырларын да жаттап өскендігін, жол ортасынан өте бере Абайды да өнеге тұтқанын анық сеземіз.

Ақыт қолына кештеу тиген Абай шығармаларының Қытайдағы қазақтарға жетуіне келсек, қазіргі бар дерек бойынша Абайдың 1909 жылы шыққан кітабы 1915 жылы Асқар Татанайұлының қолына жеткенін білеміз. Одан кейінгі деректер 1920 жылдар Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947 жж.) Қазақстан жерінде болып қайтуы, 1916 жылы Әсет Найманбайұлының (1867-1923 жж.), Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының (1857-1937 жж.) Қытай жеріне өтуі, Зият Шәкәрімнің Қытайға қашып өтуі екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарға мұрындық болғанын көрсетеді. Осы орайда Абай мен Ақыт арасындағы бір жаңсақ ұғымның бетін аша кеткіміз келеді. Көп кісілер Ақыт Абайдан өнеге алған дегенді айтады. Бұл теріс емес. Алайда, Ақыттың Абайды ресми тануы 1930 жылдардан ғана бастау алған. Ақыт 1932 жылы ұлы Абай шығармаларымен кеңінен танысып, Абай өлеңдеріне тікелей еліктеп, 90 өлең жазады. Бір жағына Абай сөзін, бір жағына өз сөзін жазған бұл топтаманы ақын «Ғахылиялық үндеулер» деп атаған. Әрі анық түсініктеме жасаған. Бұл кітап сегіз қырлы ақын еңбегінің бір қыры ғана екенін ескергеніміз жөн.

Әлі зерттеліп болмаған тарихи әңгімелердің көп екенін ескерсек, Әсет Найманбайұлына байланысты да шешуі толық емес жұмбақ хикаялар көп. Соның бірі 1918 жылы мамырда Әсет Найманбайұлының Қытайдың Шәуешек қаласында Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937), Міржақып Дулаттармен (1885-1935) бірге болғандығы, Әсет бұл бас қосуда «Алашқа» атты атақты өлең-толғауын шығарады. Ал, осы сапар барысында Ахмет, Міржақып туралы бізге жеткен әңгіме мардымды емес. Демек, алаштың атақты тұлғаларының  да Қытайдағы қазақтар арасында болғандығы расталып отыр.

Қуғын-сүргін салдарынан Қытай жеріне қашып өткен ендігі бір топ Шәкәрім қажы ауылының адамдары еді. 1931 жылы 2 қазан күні Шәкәрім қажы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, Мәнәкеш Әзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар әуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барады. Осыдан аз уақыт бұрын ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Шабдан Әбдікерім, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназар, Мырзахмет, Құсайын қатарлы асылдың қиықтары бар еді. Олардың алды болыс болған, Стамбул, Мәскеу қалаларында университет оқыған, арты асыл текті тұқымнан тараған көп тілді, аса білімді жандар болатын.

Демек, жоғарыдағы көп есім­дерді атауымыз олардың екі ел арасындағы өркениеттің, әдебиеттің алмасуына игі ықпал жасаған іздерін ізетпен атау еді.

Абай өлеңдерімен жарыса жеткен Мағжан Жұмабаев (1893-1938), Міржақып Дулат, Бейімбет Майлин (1894-1938), Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931), Жүсіпбек Аймауытов (1889-1930), Ілияс Жансүгіров (1894-1938), Сәкен Сейфуллин (1894-19388), Сұлтанмахмұт Торайғыров есімдері осыдан бастап шетел қазағына да кеңінен танымал бола бастады. Іле өңірінде Әсет, Жүсіпбек, Көдек ақындар өзіндік өнегесімен әдебиеттің тамырын тереңге жайса, Зият Шәкәрімұлы арқылы Мағжан Жұмабаев өлеңдері, Ахмет Байтұрсынұлы мысалдары, Шәкәрім өлеңдері, әндері, дастандары, шежірелері Алтай мен Тарбағатай қазақтарына кеңінен тарады.

Сөйтіп, аты аталған тарихи тұлғалардың игі ықпалында Шынжаң қазақ әдебиеті қалыптаса бастады. Оның көш басында Жүсіпбек Шай­хысламұлы, Әсет Най­манбайұлы, Ақыт Үлім­жіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Досбер Саурықұлы, Дубек Шалғынбаев, Асқар Татанайұлы, Ниғымет Мыңжанұлы, Арғынбек Апаш­байұлы есімдері тұрды. Бұлар ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен мейілінше сусындаумен бірге, шығыстық және батыстық әдебиеттің үлгілерімен де белгілі дәрежеде танысқан, Кеңес Одағындағы ақын-жазушылардың еңбектерін де оқып білген, өз тобынан озып шыққандар еді.

1933-1937 жылдар аралғын­дағы Кеңес Одағы мен Шың Шысай басқаруындағы Шын­жаң үкіметі арасындағы әр түрлі мәдениет-өнер алмасуға байланысты Қытай қазақтарының мәдениет, оқу-ағарту, әдебитет және өнерінде де белгілі дамушылықтар болды.

Осыдан кейін Қытай үкіметі азаттық кезеңі атаған 1949 жылдын 1957 жылдар аралғындағы кезеңде де Қытай қазақтары мен кеңестер одағы құрамындағы Қазақстан қаламгерлерінің байланысы біршама терең болды. 1956 жылы Сәбит Мұқанов, 1957 жылы Ғабит Мүсірепов қытай жеріндегі қазақ қаламгерлері арасында болып қайтты. Тіпті сол жылдардағы Шынжаң Жазушылар қоғамының құрылуына да қазақстандық қаламгерлердің ақыл-кеңесі мен үлесі мол болды.

1991 жылдан кейінгі тәуел­сіздік кезеңі екі ел қазағының қарым-қатынасына кең жол ашты. Аталған әр бір кезеңдерде қазақстандық қазақ қаламгерлерінің шығармалары қытай қазақтары пайдаланып отырған жазуларда ғана жарық көріп қалмастан, қытай тіліне де аударылды.

Сібе ұлтынан шыққан аудармашы Қабай Абай шы­ғармалары мен «Абай», «Абай жолы» романдарын қытайшалады. Ондағы қаазқ аудармашылары арқылы Жамбыл Жабаев, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Дүкенбай Досжан, Қалдарбек Найманбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ақтанов, Оралхан Бөкей, Немат Келімбетов, Дидахмет Әшімхан секілді ақын-жазушылар шығармасы азды-көпті қытайша сөйледі.

Екі ел арасындағы әдеби байланыстардың тереңдеуіне байланысты Шынжаң қазақ әдебиеті жайында қалам тербеген қаазқ қаламгерлері де көп болды.

Кезекті бас қосулардың бірінде Шерхан Мұртаза: «Моңғол қазағы, қытай қазағы деген қазақ жоқ, дүниеде бір ғана қазақ бар, ол – қазақ!» деп айғайласа, Қалихан Ысқақ бір сұхбатында: «Шетелде жүр­ген қазақтардың мәдениеті, әдебиеті дейтін болсақ, бөле жарып қаралмайтын қазаққа тән бір-ақ дүние. Олай болатыны – бір халықтың ғана әдебиеті мен мәдениеті. Барлығының түбірі бір» («Әдебиет айдыны» газетінің 2005 жылғы 30 қыркүйек) деген тұжырым айтты.

Ахмет Жүнісұлы «Әдебие­тіміздің Шынжаңдағы бір отауы» мақаласында (1998 ж. Қаңтардың 9 күні «Қазақ елі» газетінің 2 бетінде):  «Әр орманның бұлбұлы өзінше сайрайтындай Шынжаң қазақ әдебиетінің де өзіндік үні, өзіндік тобы бар. Бұлар өз халқының құлақ құрышын қандыруда, көкейлерін көбек­сітуде, мұрындық болып жетелеуде. Тарихының өткеніне айна, келешегіне құбыланама болуда мығым. Осы мығымды сөз ету – тайлаққа емес, атанға жүк. Бұған мақала емес, үлкен зерттеу керек. Қазіргі сөз еткелі отырғанымыз да – білетіндерімнің бірлі-жарымы, он екі құлаш арқанның тұтамдайы ғана» – дейді.

2002 жылы сәуірдің үшінші жұлдызында Қазақстан Жазушылар Одағының әдебиетшілер үйінде Қытай мен Моңғолиядан атамекеніне оралған ақын-жазушылардың «Алыстан аңсап келген ағайын» атты бас қосуында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғабиден Құлахмет шетелдегі қазақ әдебиеті туралы шолу жасай келіп: «Шенеуніктердің тілінде айтылатын «оралман» сөзі әдебиетке жүрмейді. Қалам ұстау – ең алдымен ұлтқа қызмет ету. Ұлттық әдебиеттің гауһар қазынасы – әлемдік руханиятқа барып қосылатын үлес» дегенді айтқан еді. («Қазақ әдебиеті» 2002 ж. 12 сәуір, 11 бет).

Профессор Рахманқұл Бердібай, профессор Тұрсынбек Кәкішев, академик Серік Қирабаев, ғалымдар Рымғали Нұрғалиев, Бақытжан Майтанов, ақын-жазушылардан Мұзаффар Әлімбаев, Қабдеш Жұмаділов, Ахмет Жүнісов секілді мүйізі қарағайдай қаламгерлер бұл тақырыпқа бір соқпай өтпеді. Шетелдегі қазақ әдебиетінің Қазақстан топырағындағы әдебиеттану ғылымы ретінде зерттелуіне  көз жіберсек, «Шынжаң қазақтарының әдебиеті» төңірегінде еңбектер жазған Тұрсынбек Кәкіш, Зуфар Сейітжанов, Мұхтархан Оразбай, Дүкен Мәсімхан, Омарәлі Әділбек, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Армиябек Сағындық, Бекқожа Жылқыбек секілді аз ғана топты көреміз.

Қазақ ақын-жазушы­ла­рының кітаптарының Шын­жаңда жарық көруі соңғы жылдары жақсы үрдіске айналды. Бір М.Мақатаев шығармаларының өзі 8 рет басылым көрген. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мү­сірепов, Ә.Нұрпейісов, І.Есен­берлин, М.Мағауин, О.Бөкеев, Ә.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, М.Ша­ханов, М.Айтқожина, Н.Келімбетов т.б. қаламгерлер шығармалары бірінен кейін бірі жарық көрді.

Бұл жақсы бастама осы күндерге дейін жалғасып тек кітап түрінде ғана емес, шынжаңдық басылымдардың бәрінде де қазақстандық ав­торлардың шығармалары жарияланып келеді. Соның жа­қынғы күндердегі бір мысалы ретінде «Алтай аясы» аталатын журналдың 2010 жылғы 3 санында жарық көрген Асқар Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Қазыбек Иса, Әмірхан Балқыбек секілді ақын-жазушылар шығармала­рын айтуға болады.

Жалпы Шынжаң қазақ­тарындағы кітап таралымы кем дегенде 3000 данамен жарық көреді. Бұл біздегі «2000 таралым» деп жазылып 200-500 алағында ғана жарық көретін «көлеңкелі бизнесіміздің» мас­қарасымен салыстырғанда атқа шапқандай деп айтуға болатын жетістік. Қалай болған күнде де ондағы қазақ әдебиетінің жемісі күллі қазақ әдебиетінің бағына қосылатын қомақты еңбек болмақ. Сол еңбекті жұбаныш еткен біздердің алыстағы бауырларымыздың адал еңбегіне рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

 

Жәди Шәкенұлы