Қазақ мәдениетіндегі ЕҢБЕК ФЕНОМЕНІ
2010 ж. 22 қараша
2911
0
Тақырыптың өзі, бір қарағанда, құлаққа тосаң естілуі мүмкін: еңбек сөзі құлағымызға сіңісті болғаны сондай, оны арнайы сөз етудің өзі артық сияқты. Дегенменде, осы сөздің мән-мағынасына бір сәт үңіліп көрсек деген ниеттеміз.
Бұл сөз қазақ мәдениетіне ұғым ретінде қай уақытта кірді? Қай кезден бастап бұл сөз қазақ мәдениеті үшін актуалды бола бастады? Бұл сұрақтарға дұрыс жауап беруіміз – алдағы болар жемісті әңгіменің алғышарты. Әуелі сөздің этимологиясына үңіліп көрелік. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде еңбек сөзі бірнеше мағына береді екен. Біріші мағынасы: адамның өз қажетін қанағаттандыруға бағытталған қаракеті, жұмыс, іс; екінші мағынасы: бас сүйегі қатаймаған жас сәбидің төбесіндегі былқылдап тұратын жері. Әзірге семантикалық жағынан ешқандай жаңалық ашқан жоқпыз, - бұрыннан таныс нәрселер. Бірақ, біз іздеген мағына осы еңбек сөзі тудырып тұрған еңбекте деген етістіктен басталады. Бұл етістіктің де екі мағынасы бар екен. Біріншісі мынадай мағыналық бірліктерге ие : тізерлеп, етпеттей жүру; еңкейіп бой тасалай бұғып жүру; және ауыспалы түрі: жорғалау, өрмелеу, тырмысу. Екіншісі, әдеттегі біз қабылдап үйреген: еңбек ету, әрекеттену деген мағынаны береді. Енді қадым заманнан бізге белгілі бір ақпарат жеткізіп, көл-көсір мағына тудырып тұрған осы сөзді шып-шырғасын шығармай абайлап, еппен пайдаланып көрелік.
Ә дегенде біз тәптіштеп жазған осы мағыналық жағынан ұқсас, туыстас сөздердің арасында ешқандай байланыс жоқ секілді. Бірақ назар салып, жіті үңілер болсақ, әңгімеге арқау болар біраз жайттарды байқаймыз. Енді осы көңілге түйген ойларды ортаға салайық. Алдымен, бұл сөздің дүниеге жаңа келіп, адамның қан тамырының соғысындай бүлкілдеп тұрған нәрестенің бас сүйегімен мағыналық байланысы біраз ойға жетелейді. Әдетте жас сәбиге құмартып, құшып-сүйіп, қолға алғысы келген адамдарды «байқа, әлі еңбегі қатпаған!» деп ескертіп жатады. Иә, «еңбегі қатпаған»: өмірге енді келіп, жарық дүниеге, тіршілікке әлі қалыптаса қоймаған сәби туралы әңгіме. Өмірге құмартып, тіршіліктің дәмін алған нәресте енді біраздан соң еңбектей бастайды. Еңбектеу барысында бас сүйегі қатайып, адам санатына кіруге талпынады. Бәлкім, іңгәлап жарық дүниенің есігін ашқан сәбидің ең алғашқы еңбегі де осы еңбектеуден басталатын шығар... Тізерлеп, етпеттеп жүру, кейін бой тасалай, бұғып жүру мағынасына ұласатын еңбектеу ұғымының антонимі – бой жазу. Бұл сөз: а) денесінің құрысқанын тарқатты; ә) дем алды, денесін сергітті; б) кеңшілік алды, еркіндікке қол жеткізді, - деген мағыналарды береді екен. Осы өзара қарама-қарсы ұғымдарды салыстыра келіп, еңбектің адамға оңай тимейтінін аңғарамыз: мұнда жан қиналу/еңбектеу, жорғалау, өрмелеу, тырмысу /, адамның табиғи еркіне тұсау салу /бой тасалап, бұғып жүру/ бар. Бәлкім қарапайым пенденің табиғи түйсікпен еңбектен қашатыны да осыдан болар. Қалай болғанда да, осы сөздердің астарына үңіле отырып, еңбектің еркіндік сүйгіш, өз еркімен жүріп-тұруға құмар, қалағанын істеуге бейіл адамға берілген бір «жаза» екенін түйсінеміз. Әрі «бой тасалай бұғып, тізерлей еңбектеп жүрген адам ғана түптің түбінде әйтеуір бір бой жазады» деген де мағына шығады. «Еңбек түбі зейнет» деп келетін қанатты сөздің шығу төркіні де осыған меңземей ме?!
Ал осыдан келіп, «адам неден жазды?» немесе: «неден жазықты болып қалды?» – деген сүйкімсіз сауалдар бас көтереді. Жасыратыны жоқ, біз осы кезге дейін – «адамды адам еткен еңбек!» - деген қағидаттты ұстандық. Қағида дұрыс болғанымен, түбі шикі еді: бұл қағидатты тудырған маркстік-лениндік филосфия бойынша адамның арғы тегі маймыл, оны адамға айналдырған еңбек! - делінеді. /Осы жалған қағидаға ыза болған Бауыржан Момышұлы: «Сендер маймылдан жаралсаңдар, жаралған шығарсыңдар, - мен бөріден жаралғам!» депті деген сөз бар. / Ал шынтуайтына келгенде, бұл қағидат Қасиетті кітаптардан бастау алады. Тәурәттә бұл оқиға былай суреттеледі: Адам ата мен Хауа ана жазықты боп, жылан кейпіндегі шайтанның тіліне еріп «жеме!» деген жемісті жейді. Сонда Алла Тағала бәрін алдына алдырып, әркімге тиісті жазасын беріпті. Жыланға Адам ата мен Хауа ананы азғырып, тура жолдан тайдырғаны үшін: ендігі жерде қарныңмен жорғалап боқ асайсың, - деп, жыланды аяқтан айырған екен. Жыланның тіліне бірінші болып еріп, өзі жегенімен қоймай, Адам атаға да жегізгені үшін Хауа анаға: сенің жазаңды үстегеннің үстіне үстей түсемін, оны аты – жүктілік, - депті. Адам атаға: семіздікті қой ғана көтереді дегендей, жұмақтағы шат-шадыман өмірді көтере аламадың, ендігі жерде наныңды маңдай терің тамшылап еңбекпен табасың, - депті. Осы ой жүйесін үзбей жалғастырар болсақ, шынында да еңбек Адам атаға берілген «жаза». Бірақ бұл жазаның антропологияда зор мәнісі бар: осы «жаза», яғни еңбек арқылы ғана адам адам санатында болады екен. Сонда біз қарастырып отырған еңбек – адамның жаратылысымен біте қайнасқан ұғым болып шығады. Абайдың:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын, -
деп айтуында бір үлкен хикмет бар: ебңбек адамның маңдайына жазылып, жаратылысын анықтап тұрғандықтан да еңбек етпеген адам бірден аза бастайды. Сондықтан Құдайдың тарапынан берілген бұл «жазаның» адам болмысының ашылуындағы рөлі зор, оң мағынаға ие.
Ал қазақ мәдениетінде еңбек ұғымының пайда болу қай кезең деген сұраққа әліміз келгенше жауап беріп көрелік. Мұхтар Әуезов өзінң «Абай Құнанбаев» атты монографиясында бұл мәселе туралы: «Осыдан соңгы сан өлеңінде Абайдың бұрын қазақ ақындары айтпаған бір тақырып етіп алатын айнымас ойы – еңбек туралы болады. Еңбекті Абайдың қадірлеуі қазақ поэзиясы үшін аса бір соны сөз еді» - дейді. Ал әдебиеттанушы Амантай Шәріп өзінің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты монографиясында Әуезовтың осы сөздерінің мән-мағынасын ашып береді: «Ұлы ақынның өз замандастырын тың үрдіске тәрбиелеуі әркез оның озғын ойларымен және сыншылдығымен сабақтасып жатты. Мысал үшін мына шумақтың мәніне үңілейік:
Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.
Халқын «түзу жолға шығуға» шақырған Абайдың бәрінен бұрын: «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай», - деп күйзелуінде біраз сыр бүгулі. Себебі әлі көшпенділіктен көз жазбаған жұрттың ата кәсібімен «араздасуы» - ең болмаса мал баға алмауы тозғындықтың басталу белгісі емес пе?! Оның орнына «не ғылым, не еңбек» жоқ. Ақын концепциясында «еңбекпен мал табу» ұғымы бар, бірақ «мал бағу» мен «еңбек» бір мағынаны білдірмейді. «Мал бағу» - өткен өмірдің атрибуты; «еңбек» - бүгін мен болашақтың қарекеті. Ақын шығармашылығындағы еңбек культі сол тұстағы қоғамдық қажеттіліктен, бұл қажеттілікті оның қапысыз танып-түйсінуінен туған еді». Әдебиет зерттеушісінің бұл пікірі қазақтың ата кәісібі – мал бағу мен жаңа заман талабы – еңбектің ара-жігін айқын ажыратып беруімен құнды.
Шынында да, қазір біз қолданып жүрген еңбек ұғымының пайда болуы – Абай өмір сүрген заманмен тұспа-тұс келеді. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені қазақ қауымы осы тұста, ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Ресей империясының отарына айналуы арқылы капиталистік қатынастарға өз еркінен тыс дендеп ене бастады. Өз ата кәсібінен күшпен айрылған қазаққа өзін өзі ұлт ретінде сақтап қалуы үшін де үстем жұрттың кәсібін игеру қажеттілігі туды. Ал әлемдік капиталистік қатынастардың ажырамас бір бөлігіне айналған Ресей империсындағы негізгі кәсіп – осы еңбек еді. Абайдың «еңбекті» жеке-дара алып қарастыруының сыры да осында.
Жаңа заман ұсынған «еңбек» идеясын қазақ әлеуметі қуана-қуана қабылдады десек, асыра айтқан болар едік. Бұрынғы мал шаруашылығына негізделген шаруашылық қатынастарға бойы әбден бойы үйреніп алған халыққа жаңа идеяны сіңіру оңайға соққан жоқ. Жаңа идеяны сңіру үшін осы идеяның алдымен идеологиясын жасау қажеттілігін түсінген ұлт ұстаздары жанталасып «еңбек мәдениетін» қалыптастыруға көшті. Ол үшін қалыптасқан қасаң қағидаларды аяусыз бұзып, қирату керек еді. Бұл міндетті алғашқылардың бірі болып атқарған Абай болды. Ол өзінің көптеген өлеңдерінде, әсіресе «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген өлеінде, еңбек идеологиясын насихаттайды. Қарын тойдырғанға мәз болып, қу құлқын үшн адамшылық арын сата бастаған қандастарының күйкі тірлігіне күйінген Абай:
Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?!
Қазақ жұртшылығының азып-тозып қадірсізденуі – люмпенденуі, - сөйтіп «бай қазақтан», «бар қазақтан» «кедей қазаққа» айналуы да – осы тұс.
Біз әңгіменің басында еңбектің адамның жаратылысымен, қадір-қасиетімен тікелей байланысты екенін айтттық. Енді соның мысалын, өмірдегі дәлелін Абай өлеңінен көреміз:
Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауылды іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.
«Бір жілік пен бір аяқ қымызға» еріксіз жалданып адам еңбегінің құнсыздануы, адамның қу тамақ үшін құлданудың не бір ауыр да қорлықты формаларын басынан кешіру – Абай суреттеген заман еншісі. Еңбексіздіктің салдарынан адамның еңбегі ғана құнсызданбайды, оны жеке басының да құны өлшеусіз девальвацияға ұшырайды. Қазақтың далалық заңнамаларының бірі «Жеті жарғыда»: «ер адамның құны жүз жылқы, әйел адамдікі – елу жылқы» - деп бекітілген. Ал кедейленген қазақ қоғамында осы адамның құны адам айтқысыз деңгейге дейін құлдырайды:
Онда оны алдайды, мұнда – мұны
Жанын берсе, табылмас сөздің шыны.
Алты жақсы, жүз жылқы болған басы,
Бір семіз ат болады оның құны.
Міне, осылайша ақын «улы сия, долы қолымен» дала драмасын алдымызға жайып салады. Туған халқының басына төнген ауыр хәлді жан-дүниесімен сезіне отырып бұл кеселдің себеп-салдарын да іздейді:
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғалы.
Міне, мәселенің кілтипаны енді ашылды: барлық «бәле» адамның «еңбекпен етін ауыртқысы» келмегенінде екен. Адам психологиясы мен жаратылысын жетік білетін ұлт ұстаздары ел ішін жайлаған кесірлі кеселдің /еңбексіздіктің/ диагнозын да дәл қояды. Жаңағы ауырсынып, жұмыс істегісі келмей, айтқанға көнбейтін, айдағанға жүрмейтін адам табиғатын ғылымда нәпсі десе, қазақ «ет жан» деп атайды. Осы адамға келер барлық бәленің бастау көзі нәпсіні / «ет жанды»/ тәрбиелеу – еңбек мәдениетін қалыптастырудың негізі, іргетасы.
Қазақ даласына капиталистік қатынастар дендеп енсімен әдеттегі«мал» ұғымы трансформацияға ұшырайды: енді «мал» ұғымы төрт аяқты хайуанды ғана білдірмей, «ақша», «капитал» деген де ұғымдарды білдіре бастады.
Қоғамдасып, рулық-тайпалық ұйықта өмір сүретін қазақ қоғамының өзгеріске түсетін кезі келді. Бұрынғыдай ел аралап, ауыл кезіп жүруді заман көтермейтін болды. Бұрынғы тірлікте сөкет көрінбейтін «ел қыдырып, ас ішу» - енді сөгіле бастады. Сондықтан еңбек мәдениетін қалыптастыру үшін ең алдымен қазақтың санасына өзгеріс енгізіп, «у ішсең руыңмен», «көппен көрген ұлы той» секілді стереотиптерді бұзу керек болды. Өйткені, көшпелі тірлік қоғамдық санаға негізделсе, капиталистік қатынастар индивидтік сананы қажет етті. Өзгерістерге толы алмағайып заманның қажеттілігін терең түсінген Абай осы міндетті де мойнына қайыспай алады:
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел.
Жастайынан «саяқ жүрсең, таяқ жейсің» деген идеологияны бойына сіңірген қазаққа туған ауылын, үйреншікті стихиясын тастап шығып, қалаға барып кәсіп меңгеру, еңбек ету – оңайға түспейтін шаруа еді. Бірақ ақын осы санадағы қасаң қағидаларды бұзу үшін адам табиғатындағы ұлы қажеттілктердің бірі – елге танылу, сый-құрметке бөленуді стимул ретінде қолданады. Қолдана отырып, өмірдің темірдей қатал заңы – адамның қадір-қасиетінің іргетасы «мал» / ақша, капитал/ екендігін бұлтақтамай тура айтады. Малың болмаса, қанша ақылды болсаң да сөзіңнің салмағы болмайтынын айтады. «Көмекей әулие» Бұқар жырау айтпаушы ма еді:
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдіреген қызыл тілден не пайда;
Мал араға түспесе,
Құр айқаннан не пайда, -
деп. Бұдан біз қазақ философиясының реалистік табиғатын аңғарамыз. Сондықтан әр нәрсені өз атауымен атап үйренген қазақ күлбілтелемей қара қылды қақ жарып тура айтады: «ақыл – малда, көрік – көмейде» деп. Біз бәріміз керісінше: «ақыл малда емес» деп үйрететін советтік жалған философиягның шекпенінен шықтық. Енді заман өзгерді, өзіміздің төл, адастырмайтын ұлттық дүниетанымның бастау-бұлақтарына оралатын кез жетті. Бұқар жырау мұрасын жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп бұл тақырыпты тіпті жеріне жеткізе таратады:
Бұл күнде жақсы бар ма, малмен жақсы,
Жақсы атың бір шықпайды,
Болсаң тапшы.
Ер жігіт шешен боып, малсыз болса,
Топтағы айтқан сөзің не болмақшы?!
Сөзінде бай адамның мін болмайды,
Бай болсаң жұмыскерің кім болмайды?!
Ер жігіт шешен болып, малсыз болса,
Рас деп, айтқан сөзің шын болмайды.
Ащы болса да – шындық. Қазіргі қазақ қоғамының оңала алмай жатқаны – елім деп еңіреген жігіттің қолында мал жоқ, - қанша жалаулатсақ та шындықты айту керек, – қазақ қоғамы – кедейлер қоғамы. Малы барлардың – қазақпенен ісі жоқ, бұл - бүгінгі күннің парадоксы .
Осы келеңсіздікті жою үшін де советтен қалған «байлық» ұғымына қозқарасымызды күрт өзгертіп, елдің экономикалық санасын көтеруіміз керек. Қазақтың кедей болатын себебі, оның санасында советтік қалған байлыққа деген теріс қөзқарас шөгіп жатыр. Бұл нағыз қазақы сана емес, деформацияға ұшыраған, отарлық езгіден сансыраған аурушаң, дімкәс сана.
Байлық жаман емес, байлық - жақсы! Қазақы қисынға салар болсақ; «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы!» Хош, енді байлыққа қалай жетеміз? Байлықты бізге кім береді? Ешкім де бермейді: өзгеге қарап иегімізді қышытатын әдетімізді қоюымыз керек. Байлықты не аққан терден сұра, не қара жерден сұра! Бабалар аманаты осы. Осы ой арнасыен бағытымыздан жаңылмай әрі қарай жылжысақ, тағы да еңбекке келіп тірелеміз. Еңбек, еңбек, тағы да еңбек. Дана халқымыз: «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деп мақалдайды. Ал біз болсақ еңбек етуді ұмыттық, еңбектің ащы терін зәмзәм суындай көретін сананы жоғалттық. Бізде сол баяғы Абай айтып кеткен «алдам алсам, ептеп алсам» деген сана басым. «Еңбекпен етті ауыртатын» заман келгенін қаперімізге де алмаймыз.
(Жалғасы бар)
Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ