ӨР МIНЕЗДI, ҚЫРАН ОЙ

Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаты, ғалым, ел ағасы Боранбек Шүкірбеков 80 жаста

Жуырда Оңтүстiк Қазақстан өңiрiндегi әдебиет әлемiнде жағымды жаңалық болды. Кеңес Одағының Социалистiк Еңбек Ерi, елiмiздiң батагөй ақсақалы, жерлесiмiз Боранбек Шүкiрбековтiң «Мен жүрген жол» атты эсселiк кiтабы жарыққа шықты.

Кiтап – көптi көрген адамның өнегелi өмiрi, сондай-ақ бiр өңiрдiң жарты ғасырлық еңбек пен экономикалық шежiресi десек жаңылыспаймыз. Үлкен бес бөлiмнен тұратын кiтап бастан-аяқ автордың жүрекжарды толғаныстарын паш еткен. Дегенмен, осынау аталмыш кiтапқа бiр ғана ақынның, атап айтқанда талантты қаламгер Әмзе Қалмырзаұлының «Тер мен той» атты дастаны енген екен. 

Бүгiнгi күнi 80 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Еңбек Ерiне арналған бұл дастанда еңбек адамының терiн теңiзге айналдырып, бақыттан тау тұрғызған қам-қарекетi тебiрене жырланған. Иә,  мадақтасақ еңбектi, маңдай тер мен адалдықты мадақтайық! Қайсыбiр жанрда болсын, мiне осы тақырыпты – еңбеккер елдi жырлау тақырыбы қиын! Ал бұл шығармада ұлт тұрмысына тән әдет-ғұрып пен салт-дәстүрiн де, халықтық калорияға аса бай төгiлген тiл кестесiн де табуға болады. Өте сирек қолданыстағы, тiптi архаизмге айнала бастаған сөздердi орынды пайдаланады. Жазылу стилi эпостық мәнердi еске түсiретiн дастанның атауы да сәттi шыққан: өмiрдiң негiзгi тақырыбы еңбек (тер), той (қуаныш) және соғыс қана емес пе?!

Әмзе Қалмырзаұлының дастаны мiне дәл осынау күрделi тақырыпты игергендiгiмен құнды.

Жазылу силi де назар аударарлық: әдебиеттiң дәстүрлi эпостық жанрын поэзияның бүгiнгi жетiстiктерiне асқан шеберлiкпен ұштастырған.

Шүкірбек Боранбек 1930 жылы 10 қарашада Арыс ауданы Арыс қаласында дүниеге келді. Еңбек жолын 1945 жылы «Задария қаракөл қой шаруашылығында шопанның көмекшісі қызметінен бастап, 1950 жылдан бастап шаруашылықтың шөбін шабу, арба айдау, малшылардың қора-қопсыларын жөндеу сияқты әртүрлі жұмыстарын және 1955-1960 жылдары механизатор жүргізуші, 1960-1972 жылдары зоотехник, веттехник қызметтерін атқарды. Сол жылдардың ішінде Шымкент ет комбинатының Арыс қаласындағы бөлімшесінің бастығы болды.

Боранбек Шүкірбеков білім алу жолында кешкі мектептің 11 класын бітіргеннен кейін зооветеринарлық техникумды, одан соң Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зоотехния факультетін бітірді. 1986 жылы көпжылдық ғылыми ізденістерінің қорытындысы бойынша диссертация қорғап экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.

1972-1973 жылдары ол Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары және 1973-1985 жылдары «Задария» асыл тұқымды қой зауытының директоры қызметтерін атқарды. Міне, осы жылдарда Боранбек Шүкірбековтың біліктілігі мен ұйымдастыру қабілетінің және қажырлы еңбегінің арқасында шаруашылықтағы  жалпы мал басы және одан өндірілетін өнімдер үш есеге дейін өсті. Қой саны 39 мыңнан 120 мыңға жетті. Малдың элита және бірінші класстық құндылығы 68-70%-дан 96%-ға  дейін, өндірілген қаракөл елтірілерінің жоғары сорттылығы 70 %-дан 94 %-ға дейін, соныың ішінде жакеттікдеп аталатн аса құнды тобы 45%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Жүннің, еттің және басқа өнімдерінің сапасы да едәуір артты. Зауыттың экономикалық көрсеткіштері өте жоғары деңгейге жетті, халқының мәдени-тұрмыстық жағдайы да бірнеше рет жақсарды. «Задария» асыл тұқымды қой зауытының ғылыми-өндірістік жетістіктері үлгі ретінде одақтық деңгейде насихатталады. Зауыттың жакеттік типтегі қаракөлелтірісінің бағалы түрлеріне әртүрлі халықаралық және одақтық көрмелердің дипломдары мен медальдары берілді.

Өндірістік және селек­циялық жұмыстармен қатар шаруашылықта ғылыми зерттеу жұмыстарының нәти­желілігі мен оларды өндіріске енгізу де жоғары қарқын алды. Қазақ қаракөл ғылымизерттеу институтының ғалымдарымен бірдесе жұмыс істеп Боранбек Шүкірбеков онға жуық  жаңалықтардың авторы атанды және оған ССРО Жаңалықтар комитетінің куәліктері (патенттері) берілді.

Боранбек Шүкірбековтың көпжылдық ғылыми-тәжірибелік жұмыстары оның бірнеше кітаптары мен монографияларында және көптеген ғылыми мақалаларында жарияланды.

Боранбек Шүкірбеков 1985-1995 жылдары Оңтүстік Қказақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, елімізде жаңадан ұйымдастырылған Агроөнер­кәсіптік саланың облыстық комитеті төрағасының 1-ші орынбасары, кейінірек, ауыл шаруашылығы басқармасы қайта құрылғаннан кейін, басқарманың ғылыми жұ­мыстар жөніндегі орынбасары, Шымкент облыстық тәжірибе станциясының директоры, «Шымкент» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, осы жылдары 10 жылға жуық Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы ғылымы саласына басшылық етті.

Боранбек Шүкірбеков 1995 жылға  дейін бүкіл саналы ғұмырын халық игілігіне жұмсап Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласында 50 жыл үзіліссіз және мінсіз қызмет атқарды. Нәтижесінде ол он рет жоғары мемлекеттік, солардың ішінде Ленин орденімен екі рет, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Социалистік Еңбек Ері, «Орақ пен Балға» алтын жұлдызы және ондаған төс белгілерімен марапатталады, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты атақтарын алды. Осы 50 жылдың   30 жылдан астам кезеңінде ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, одақтық Кеңестерінің депутаты және түрлі пленумдар мен съездердің делегаты болып сайланды. 1983-1989 жылдары ССРО Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және ХІ сайланған ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Боранбек Шүкірбеков, жұбайы Әшіркүл Бекмырза­қызы екеуі, 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана. Қа­зіргі күнде олар немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты жандар.

 

 

Әр елдің бетке ұстайтын тұлғалары болады. Ордалы Оңтүстік үшін Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңес депутаты, ел ағасы Боранбек Шүкірбеков те дәл сондай нар тұлға. Арыста еңбек етіп, алысқа аты кеткен тарланымыз 80-нің сеңгіріне шығуы ел үшін үлкен мереке деп білеміз!

 

Тарланбоз

Арыста күн кешкен кезің ардақтым,

Алысқа атым кеткен кез ғой шарлап тым.

Еңбегің мен ерен тұлғаң жарасып,

Білдіресің не екенін салмақтың!

 

Атыңды айтса, дүлдүлдерге дем берер,

Бар ма өзіңе бүгінде бұл тең келер.

Өсуде өркен өнегеңмен өрелі,

Сүйсінеді өзіңді әркез көрген ел!

Бабалардан қалған мұра жаңғырып,

Батырлықты жүрсің бүгін ән қылып.

Тарланбозсың жүрген таңға таңды ұрып.

Одаққа да мойындатқан өзіңді

Жұлдызыңыз жарқырасын мәңгілік.

 

Қазыбек Иса