ТЕР МЕН ТОЙ

0
1023

(Этно-шежiрелiк дастаннан үзінді)

 

Бiрiншi бөлiм

 

Т Е Р

 

НӘМЕТ АҚЫННЫҢ

«IНI ТҰТЫНАМЫН…» ДЕП IЗДЕП КЕЛУI

 

Әлқисса,

Сонымен бұл Боранбектiң даңқ пен

дақпырты сынды хабар

Нәмет ақынның құлағына тигенде

Арысы – Одақ,

Берiсi – Оңтүстiк Қазақстан

өңiрiндегi ел

Қойдай маңырап,

Қозыдай жамырап

Мақтап жатқан жiгiттi iздеп барады.

Орысша мен қазақшаға ағып

тұрған шешен,

Қос тiлде қатар жазатын ақын Нәмет

Бiр көргеннен-ақ

Жас перi Боранбектiң

                                тұлға-жасатына ризалық

танытып,

Көркiне көңiлi тоғайып,

Қонақжай да ақжарма мiнезiне тәнтi

болып,

Күдiк-күмән азайып,

Ел-жұрт үшiн жасап жатқан

қиыннан қиыстырған қайсар iсiне,

Өрге жүзетiн өжет өресiне қызығып

«Жұрттан озған Жампозым,

Мадаққа сай нән-бозым –

Жiгiтiм-ақ екенсiң!» деп жырлап

жатқан жерi дейдi.

 

– Ақындардың өлең-жыры – ақ шыны,

Жайып салмай,

Жұрттан бүгер жоқ сыры.

Өмiрi қысқа,

Арманы мол адамның

Үзiлмейтiн бiр арманы – жақсы iнi.

 

Самғағанда биiгiне қонатын,

Менде де бiр сондай арман болатын.

Сенi көрсем,

Сол арманмен жүздесiп

Тұрғандай-ақ,

Қағар қиял қанатын.

 

Бұл өмiрде бiз өтетiн өткел көп,

Өткелдерден нартәуекел өткермек.

Азынаған аязы жоқ – Боранбек,

Жүрген жерiң қысы, жазы көкпеңбек.

 

Мiнезiңде қылығы жоқ кiрменiң,

Ауылыңмен, бүкiл елмен – бiр демiң.

Мейiрiмiң – күз жаңбырдай нөсерлеп,

Шайып кетер көңiлдердiң кiрлерiн.

 

Сен – шаншылған өз уығым,

Керегем!

Қызғанбайды даңқты өзгеден ер ерен.

Тағым болса әлемге әмiр жасатар,

Сайлаусыз-ақ саған сыйға берер ем.

 

Сәйгүлiктер жарысқанда қан қозбақ,

Күйбеңдiк пен күйкiлiктен жан тозбақ.

Таптым дейiн мен өзiме жақсы iнi,

Жүрейiкшi бiр туған боп, жампоз боп!

 

Әлқисса,

Айтулы ақынның өзiн арнайы

iздеп келгенiне,

Жүрекжарды өлең-жырына,

Бауырмал пейiл-өрнегiне

Тәнтi болған Боранбек

Қара iсектi сойып,

Қара қасқа басын алдына қойып –

Қонақ болып жер қайысқан ел келсе де

Қабағын шытпай күтетiн

Қосақ-жары Әшiркүл екеуi

Қадiрлi қонағы етiп,

                          жата-жастана

Сөйлесе, сырласа келе

Нәмет ақын да осы Арыстың

қылыш қанат қыраны,

Садықбекпен екеуi

Арыс Балалар Үйiнiң қызыл жалауын

көтерген ұран-ұланы –

Құйрық-жалсыз жалғыз екенiн

бiлiп – түсiнiсiп,

Құшақ айқастырып

бауыр болып табысады –

Ағалы-iнiлi болып тарқасады.

 

Әмзе Қалмырзаұлы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз